Сондай таланттың бірі – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұржан Әліш. Бұл азаматтың бойында бірнеше жақсы қасиеттер топтасқан. Атап айтқанда, ұйымдастырушылық, ән шығару, актерлік, ақындық, журналистік қырларымен қоса, әзіл айтуға, сценарий жазуға да өте шебер. Облыстық «Ar-Ai», «Аq jol» газеттерінде абыройлы еңбек еткен кездерін де білеміз.
Қазіргі таңда мәдениет саласында тер төгіп жүрген Нұржан Науатбекұлы соңғы жылдары поэзияға көбірек көңіл бөліп жүр. Соның нәтижесінде 2003 жылдың желтоқсан айында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің демеушілігімен әулиеаталық 24 ақын-жазушының кітабы жарық көрсе, оның ішінде Н.Әліштің «Аққыз» атты жыр жинағы бар болатын. Кітап анасы Аққызға арналған еді.
Жақында Алматы қаласындағы «Кітап» баспасынан Нұржан Әліштің «Періште пенде» атты екінші жыр жинағы жарық көрді. Ауылдың тұнық тәрбиесін алып өскен Нұржан бұл кітабын асқар тау әкесіне арнапты. Әрине, бұл жерде Нұржанның поэзиясы айналасындағы жанына жақын адамдарға арнау жырдан тұрады деген ұғым тумауы тиіс.
Керісінше, ақын өзінің ата-анасының бағасын біліп, оларды биіктету арқылы оқырманға тәрбие, тағылым, ізгі қасиеттер тұрғысынан ой салады. Батысқа еліктеп бағытымыз өзгерген қазіргідей уақытта ата-ана қадірін өзі жүрекпен сезініп, өзгеге де ұқтырғысы келеді. Мәселен, әкесіне арнаған жырындағы:
Періште жүрек пенде боп,
Кешірдің пәни бес күнді.
Бағаламаппыз елде жоқ,
Пейіліңдегі пейіш нұрды.
Кең пейіліңе құштар көп,
Биік тұр бағаң ғұмырда.
Бауыр да, дос та, дұшпан боп,
Жүруші еді адалдығыңа, – деген жолдары поэзияның талабына толық жауап беріп, тәрбие тұрғысынан да үлкен жүкті көтеріп тұр. Ал, анасын:
Жүзіңе әжім түсірген,
Уақыттың да мұңы көп.
Жүрегіңе назын түсірген,
Бақыттың да құны жоқ.
Жалғыз тамшы жасыңның,
Кетейін бе құлы боп.
Анашым әзиз басыңның,
Ұлылығындай ұлы жоқ, – деп жырлауын құрметтің үлкені, перзенттің лүпілдеген ризашылық жүрегі деп бағалағанымыз дұрыс. Нұржан Әліштің сан алуан күрделі тақырыпта да қалам тербеген тұстары аз емес. Мәселен:
«Олар сынды батпағыңды кешпедім,
Ару қала ақындармен өш пе едің?
Әдебиетте өзі еді ғой бір әлем,
Ей, Алматы, Әмірханға не істедің?, – деп «Алматы» өлеңінде үлкен айдынға қарай құлаш ұрса, «Құлшылық» атты жырында:
Топырақпын, бар болмысым лай ғана,
Мекенім жоқ аспан жақта, айда да.
Жер бетінде ақын деген пендемін,
Мұңын шаққан алдындағы айнаға, – деп ағынан жарылады. «Жұтып алып жарық күннің сәулесін, Қараңғы етер айналасын ниеті.
Қара түске бояп алып сәлдесін,
Жағылады жан-жағына күйесі, – дейді ақын «Қара ниет» атты өлеңінде. Нұржан Науатбекұлының бірнеше жырынан шағын шумақтар ғана келтірдік.
Ақынның кітаптарында мұндай сәтті өлеңдері өте көп. Сондықтан оқырманға жол тартқан «Періште пенде» жыр кітабының жыр сүйер қауымға берері аз болмайтыны анық. Қазіргідей баласы әкесіне қол жұмсап, қызы анасын ғайбаттап жатқан қатыгез кезеңде Нұржан ақын осынау ызғарға толы ұғымды жылытқысы, қатайған жүректерді жұмсартқысы келеді. Әрине, жаңа жыр жинағына баға беру жылдар еншісінде.
Дегенмен әкеге деген сағынышқа толы жүректен шыққан жыр жинағы көпшіліктің көңілінен шығады деген сенімдеміз. Нұржан Әлішті жаңа жыр жинағымен құттықтап, жазар көбейсін дегіміз келеді.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Қазіргі қазақ прозасы не айтқысы келеді?
- 4 желтоқсан, 2025
Қазақ өлеңіне қолдау мен құрмет
- 1 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




