Сөздің сардары, филология ғылымдарының кандидаты, өнертану доценті, қасиетті сыр топырағындағы Қорқыт бабадан бастау алып, кейінгі сөз зергерлеріне ұласқан ұлы өнердің аманатын арқалаған белгілі фольклортанушы ғалым, музыкатанушы маман, эпик жыршы, әнші, күйші Берік Мырзалыұлымен өткен жылы жүздесуге жергілікті әдебиеттанушылар мен ақын журналистер, оқырмандар қатысты.
Берік Жүсіптің бұған дейін «Мырзастағы жыр мектебі», «Жиделі Байсын күйлері», «Күретамыр», «Жырдария», «Ойтұмар», «Сүлейлер», «Адырна», «Эпикалық жыршылық дәстүр: репродуктив-туындатпа, креатив-шығармашылық егіз қосарлану мәселесі» атты кітаптары жарық көріп, 300-ге тарта ғылыми танымдық мақалалары жарияланған. Ал «Дарын» мемлекеттік сыйлығының, халықаралық ТҮРІКСОЙ «Мұрагер» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, дәріс концерттерімен Германия, Бельгия, Қытай, Нидерланды корольдігі, Түркия, Америка, Иран, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде қазақ өнерін насихаттап жүрген дидарласу кеш төрінде алғашқы сөзді Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Маралтай Райымбекұлы алып, жырдан шашу шашты.
Бұдан соң Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, филология ғылымдарының докторы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, әдебиеттанушы Сәмен Құлбарақ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, әдебиеттанушы Бақытжан Мақашев жылы лебіздерін жеткізді. Ал кітаптың лентасын Сәмен Құлбарақ және Көсемәлі Сәттібайұлы қиып, жаңа туынды көпшілікке таратылып берілді.
Осындай іс-шараны ұйымдастырған Жамбыл жұртшылығына, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұжымына алғысын білдірген Берік Жүсіп:
«Егер мен осы қасиетті топырақта, киелі Әулиеата өңірінде дүниеге келгенімде мүмкін осы өңірдің жыршылық дәстүрін зерттер ме едім. Дегенмен, осы өңірде екі жарым жылдай уақыт қызмет еткенім бар. Біраз азаматтармен сыйластым, сырластым. Түсінемін, эпикалық жыршылық дәстүрін зерттеу оңай емес, оны бірден түсіну де қиын. Алайда, бұл жанр бүгінгі ұрпақ үшін, келешек үшін керек дүние», – деді.
Эпикалық жыршылық дәстүр насихатталған шарада К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері – Айгүл Мақашева К.Әзірбаевтың «Бастау», халық әні «Дүлдүлім», Мерей Абуева халық әндері «Саған халқым», «Угайай» әндерін нақышына келтіре орындап, қошеметке бөленді.
Ерман ӘБДИЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Қазіргі қазақ прозасы не айтқысы келеді?
- 4 желтоқсан, 2025
Қазақ өлеңіне қолдау мен құрмет
- 1 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




