Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның мәжіліс залында ұстаздар күні мерекесіне арналған салтанатты жиын болып өтті. Оған облыстың билік өкілдері, облыстық білім басқармасының және атаулы басқармаға қарасты аудандық бөлімдердің басшылық құрамы, ұстаздар қауымы, сондай-ақ қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Салт анатты жиынның шымылдығы сахнада қазақ даласында сонау ұлы Абайдан басталған ағартушылық қызметтің бүгінгі күнге дейін жалғасқан жарасымды жолы көрініс ретінде көрсетіліп, түрілді. Мерейлі мерекеге орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров құттықтау сөз сөйледі.
– Ардақты ұстаздар! Құрметті білім саласының қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Білім мен тәрбиенің шамшырағы болған Сіздердің өлшеусіз еңбектеріңіз – еліміздің жарқын болашағына қаланған берік іргетас. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының «Ұстаз – мектептің жүрегі» деген дана сөзі бар. Ұстаз болу – жай ғана кәсіп емес, ол жүрек қалауы, жанның қызметі, рухтың ұлы талабы. Себебі барлық мамандық иесі – дәрігер де, инженер де, саясаткер де, жазушы да ұстаздың тәлімі мен мейірімінен нәр алады. Бүгінгі күні өңірімізде педагогтердің кәсіби деңгейі артып, шығармашылық әлеуеті еселеніп келеді. Соның айғағы ретінде, биыл Жамбыл облысының 92 ұстазы халықаралық және республикалық олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Академик Асқар Жұмаділдаев атындағы халықаралық және IMPACT шығармашылық сайыстарында математика, физика, информатика пәндерінің 14 мұғалімі жеңімпаз атанып, командалық есепте республика бойынша І орынға қол жеткізді. Сонымен қатар «Оқу және математикалық сауаттылық: табысты синергия» атты республикалық байқауда Жамбыл облысы командасы да І орынға ие болды. Педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстар нәтижесінде соңғы жылдары облыстың 52 ұстазы «Үздік педагог» атағын, 7 ұстаз «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын иеленді. Жуырда Астана қаласында өткен салтанатты жиында облыстық «Дарын» лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі Мұхтар Талқанбаевқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат табысталуы – барша ұстаздарымыз үшін зор мақтаныш. Өткен оқу жылында дарынды оқушыларымыз республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда «Ең үздік команда» атанып, ұстаз еңбегінің жемісін айқын дәлелдеді. Ұстаз – ұлттың шамшырағы, тек білім беруші ғана емес, болашақ елдің болмысын қалыптастырушы. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әл-Фараби өсиеті бүгінгі дәуірде тіпті өзекті. Цифрлық заман мұғалімдерге жаңа міндеттер жүктеуде: интернет, жасанды интеллект, онлайн білім беру жүйелері – бәрі өзгеріс әкелді. Дегенмен шәкірттің рухани әлеміне жол табу, жүрегіне отаншылдық сезімін, адалдық пен адамгершілік ұрығын себу – мұғалім жүрегінің айрықша миссиясы болып қала бермек. Баршаңызға шынайы алғыс білдіре отырып, зор денсаулық, сарқылмас шабыт, қажырлы қайрат, отбасылық бақыт пен шәкірттеріңіздің алғысына бөленген берекелі ғұмыр тілеймін! – деді Нұржан Сәбитұлы.
Осыдан кейін кезек марапаттау рәсіміне берілді. Осыған орай өңірдің білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін және кәсіби мерекеге орай бірқатар азаматтар әртүрлі марапаттарға ие болды.
Атап айтқанда, ҚР-ның мемлекеттік наградасы «Құрмет» орденімен «Жамбыл облысы білім, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Меркі комитеті филиалының төрағасы Мадина Асанжанова марапатталса, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен білім саласының ардагерлері Гүлжамал Әлімбекова, Бақыт Райымбекова және Геннадий Солодовников марапатталды. Ал «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлова, Қаныш Сәтпаев атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мадина Дастанова, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Лаура Ырысқұлбекова және Ғани Мұратбаев атындағы гимназиясының биология пәнінің мұғалімі Жұлдыз Лесбекова иеленді.
Білім беру ісінің ардагер менеджері, 50 жылдық ғұмырын бір мектепке арнаған ардагер ұстаз және білім беру ұйымында ұзақ жылдар бойы әкімшілік-шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары қызметінде болған ардагер ұстаздарға 100 мың теңгенің сыйақылары берілді. Солардың ішінде «Мамандыққа адалдық» номинациясы бойынша білім саласының ардагерменеджерлері Сұлушаш Құрманбекова мен Дәмеш Ускумбаева марапатталса, «Бір мекемеге арналған ғұмыр» номинациясы бойынша Тұрар Рысқұлов атындағы тірек мектебінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәндерінің мұғалімі Ахай Пармешов пен Мәншүк Мәметова атындағы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Бағдат Дүйсембиева, «Білім майданының көрінбейтін жауынгері» номинациясы бойынша Гродеково орта мектебі директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Маржан Рыхымбаева марапатталды.
Ал «Үздік педагогтерге сыйақы тағайындау» байқауының қорытындысы бойынша облыстың мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, қосымша және арнайы білім беру ұйымдарының педагогтері мен аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлеріне 150 мың теңгенің сыйақылары берілді.
Сондай сертификатқа ие болғандардың ішінде «Үлкен жүрек» номинациясы бойынша марапатталған № 9 бөбекжайбақшасының тәрбиешісі (Тараз қаласы) Жадыра Шүкірбаева, № 35 «Ер Төстік» бөбекжай-бақшасының әдіскері (Тараз қаласы) Жанна Тымбаева, «Таланттар сәулесін жаққандар» номинациясы бойынша марапатт алған Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс ісшараларды өткізетін облыстық орталығы директорының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қосымша білім беру педагогы Айгүл Айдар, Көркем сурет балалар мектебіның қосымша білім беру педагогы (Байзақ ауданы) Құмар Бердалы, №4 «Үміт» оқушылар сарайының қосымша білім беру педагогы (Меркі ауданы) Бекзат Төлендиева және Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің қосымша білім беру педагогы (Сарысу ауданы) Гүлдана Абдрайымова, «Ерен еңбек иесі» номинациясы бойынша марапатталған №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернатының география пәнінің мұғалімі (Тараз қаласы) Әсел Арғымбекова және Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының оқуәдістемелік орталығының бөлім жетекшісі Әлия Әлімбекова бар. Мерекелік жиында жалпы саны 53 адам марапатталды.
Салтанатты жиынның соңы Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Бірқатар дәрілік заттардың бағалары 50-ден 300 пайызға дейін төмендеді
- 4 желтоқсан, 2025
Көкбастауда «Этно ауыл» кешені ашылды
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




