Мысалы, адам қабірінің басындағы оба, қорғандардың, сақ және көне түркі кезеңдерінен жеткен тас мүсіндер, құлпытас, қойтас, сағана, төртқұлақ, кесене, тағы басқа археологиялық және сәулет өнері ескерткіштері ең алғашқы ескерткіш түрлері қатарына жатады. Мұндай ескерткіштер Жуалы ауданында да көптеп сақталған. Міне, кешегі күні облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Сауран Қалиевтың қатысуымен аудан әкімдігі аппаратының мәжіліс залында «Тарихимәдени мұраны қорғау: заңнамалық негіздер және практикалық шаралар» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Оған аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімі мен құрылыс, сәулет және қала құрылыс бөлімінің басшылары, сонымен қатар ауылдық округ әкімдері мен жауапты мамандар қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізді. Жиынның мақсаты – Қазақстан Республикасының 2019 жылғы №288-VI «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының талаптарын түсіндіру, облыс аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерін сақтау, қорғау және тиімді пайдалану. Семинар-кеңесте сөз алған «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-нің директоры С.Қалиев тарихимәдени ескерткіштердің шығу төркініне тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда тарихи-мәдени ескерткіштерге қатысты өз ойын жеткізген болатын. Жалпы бүгінде өңіріміздегі ескерткіштер мемлекеттің қорғауына алынған. Дегенмен соңғы жылдары елімізде ата-бабаларымызға арнап ескерткіш салу үрдіс алып бара жатыр. Осыған орай Президентіміз: «Әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, осы мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды. Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті, шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды», – деп өз ұстанымын айтқан болатын. Қарап отырсақ, өңіріміз ең көп ескерткіштері бар өлке. Әр ауылдық округ әкімі өзінің территориясындағы ескерткішке жауапты. Сондықтан жергілікті билік заң талаптарын толық білуі тиіс. Өкінішке қарай, бізде кейбір әкімдер ескерткішті орнатудың заң талаптарын, алгоритмін білмегендіктен тұрғындарға дұрыс бағытбағдар бермейді. Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың хаттамалық тапсырмасымен жергілікті маңызы бар мемлекеттік тізімге енгізілген тарих және мәдениет ескерткіштеріне мемлекеттік акт жасау тапсырылған. Сондықтан жыл соңына дейін үнемделген қаражат есебінен жасау қажет және келесі жылға мемлекеттік акт жасатуға бюджеттік өтінім берулеріңіз керек. Қазір көптеген жер жекенің қолына өтуде. Мемлекеттік акт ескерткіштерімізді сақтап, қорғау үшін қажетті құжат. Ескерткіштер – елдіктің белгісі, біздің сан ғасырлық тарихымыздың дәлелі. Сондықтан ата-бабамыздан аманат болған мұрамызға қиянат жасауға болмайды, – деді Сауран Қалиұлы.
Осыдан кейін сөз алған аталған КММ-нің заңгері Ержан Сланов монументті өнердің жаңа құрылысын орнату бойынша заң талаптарын түсіндіріп өтті.
Келесі кезекте дирекцияның бас инспекторы Салтанат Ділдәбекова Жуалы ауданында орналасқан жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жай-күйін, сақталу деңгейін анықтау мақсатында жүргізілген мониторинг жұмыстарының қорытындысын баяндады. Ал ғылыми қызметкер Ескендір Торбеков бүгінде облыс аумағында «қара» археологтар заңсыз жолмен жәдігерлерді іздеп, тарихымызды тонап жатқанын, сондықтан елді мекендерде тарихи орындарда бөтен адамдар жүргенін байқаған тұрғындар тез арада учаскелік инспекторларға хабар беру қажеттігін ескертті.
Жиын соңында дирекция мамандары ауылдық округ әкімдері қойған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




