«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жол жөндеу жұмысы көңілден шыға ма?

Жол жөндеу жұмысы көңілден шыға ма?
Автор
Жолдың жайын жүрген біледі. Дегенмен аудандағы кейбір ауыларалық, ауылішілік жолдардың жағдайы әлі де болса төмен. Мәселен, Қошқарата ауылы мен аудан арасын жалғайтын автомобиль жолы бұған дейін тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп келген мәселенің бірі болатын. Осы аталған бағыттағы жол мәселесі биыл ғана шешімін тауып отыр.

Атап айтар болсақ, бюджеттен қомақты қаржы қаралып, жол құрылысы жауапты мердігердің жауапкершілігіне берілген. Бүгінгі күні Б.Момышұлы мен Қошқарата бағытындағы облыстық мәндегі автомобиль жолының жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде ауыл арасындағы барлық көшелерді жөндеу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда.

Биыл бұл бағыттағы құрылыс жұмыстарын «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Мұндағы құрылыс жұмыстары маусым айының басында басталған болатын. Күрделі жол жұмыстары сапалы түрде атқарылып жатыр. Құрылыс учаскесінің бастығы Нұрғали Әміреевтың айтуынша, күрежолдың сапасына басымдық берілген.

Атап айтқанда, «Б.Момышұлы-КөлтоғанҚошқарата-Қызтоған» бағытындағы облыстық мәндегі автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстары Қошқарата ауылдық округінен басталып, дәлірек айтсақ, 45-60 шақырымның арасында жүргізілуде. Жаңадан салынып жатқан автомобиль жолының ені – 6 метрді құраса, асфальт жабынының қалыңдығы – 7 сантиметр.

Көрші Түркістан облысымен жалғастыратын Қошқарата бағытындағы жол құрылысына 40 адам жұмылдырылған. Бұдан бөлек, жол құрылысына 32 техника тартылған. Құрылыс алаңында 20 «КамАЗ», бір грейдер, бір асфальт төсеуші, екі су таситын жүк көлігі, басқа да техникалармен қатар асфальт тегістеуші мен экскаваторлар жұмыс істеуде. Учаске бастығының айтуынша, оларды тізгіндеген механизаторлар өз ісінің нағыз мамандары екен.

– Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары аяқталып келеді. Жол құрылысы негізгі талаптарға сәйкес төселуде. Жол қозғалысына шектеу қойылған жоқ. Бұл бағыттағы көліктер тоқтап қалмауы үшін тиісті шаралар қабылданған. Таяуда жол құрылысын тапсыратын боламыз, – дейді учаске басшысы.

Сонымен қоса биыл ауданға қарасты Қошқарата ауылындағы Д.Қонаев көшесі орта жөндеу жұмыстарынан өткен. Жобаны мердігер «ПМК-109» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарған. Техникалық қадағалаушы – «Аркада KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Қосымша айта кететін болсақ, жол құрылысында 2024 жылы Қошқарата ауылындағы Е.Сауранбекұлы көшесі және Д.Қонаев көшесінің үш бұрылысына орта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл жобаны «Сафиянұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарған.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар