«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақстан – Италия: ынтымақтастық бағыттары айқын

Қазақстан – Италия: ынтымақтастық бағыттары айқын
Автор
29-30 қыркүйекте Астанаға Италия Президенті Серджо Маттарелла келді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келген мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Айта кетсек, Ақорда Италия делегациясын биыл осымен екінші рет қабылдап отыр. Қазақстан Президенті бес ай бұрын Премьерминистр Джорджа Мелонимен салмақты келіссөздер жүргізсе, бұл жолы Президент Серджо Маттарелламен екі ел арасындағы серіктестік жайын талқыға салды.

ПРЕЗИДЕНТТЕР НЕ ЖАЙЫНДА КЕЛІСТІ?

Еске салсақ, Қазақстан басшысының өткен жылдың қаңтарындағы Италияға алғашқы ресми сапары Серджо Маттарелламен жүздесуден басталған болатын. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Президентін Қазақстанға сапармен келуге шақырып, елімізде жүргізіліп жатқан саяси және қоғамдық реформаларға үлкен қызығушылық танытқан Серджо Маттарелла Мемлекет басшысының шақыруын ризашылықпен қабыл алған еді. Бүгінде Қазақстан мен Италия арасында тығыз ықпалдастық орнаған. Мәселен Италия Қазақстан экономикасына инвестиция құйған елдердің топ бестігіне кіреді. Тараптар осы ынтымақтастықты арттыруға ниетті.

Ендеше Ақордада президенттердің қатысуымен өткен шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерде қандай мәселелер талқыланды, соған тоқталайық. Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың Қазақстанға сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін беретінін атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл сапар Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен бұрыннан келе жатқан серіктестікті растайды.

«Президент мырза, сізді мәртебелі мейман ретінде қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстанға жасаған алғашқы с апарыңыз ынтымақтастығымыздың жаңа парағын ашатыны сөзсіз. Қазақстан мен Италия арасында тығыз ықпалдастық орнаған. Сіздің еліңізге құрметіміз ерекше. Өзара сауда дәйекті түрде дамуда. Біздің экономикалық байланыстарымыздың негізі берік. Түрлі саладағы қарымқатынасымыз жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы ретінде екіжақты ықпалдастықты нығайтуға үлес қосуға әзірмін», – деді Қазақстан Президенті.

Серджо Маттарелла ҚасымЖомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, өзара қарым-қатынасты одан әрі арттырудың маңызына тоқталды.

«Сіздің былтыр қаңтар айында Римге жасаған сапарыңыздан кейін Аст анада ке зде скеніме қуаныштымын. Өзіңіз атап өткендей, елдеріміздің арасындағы қарымқатынас ұдайы нығайып, тығыз әрі табысты сипат алды. Екі елдің саудаэкономикалық, мәдени салалардағы ынтымақтастығы жылдан жылға ілгерілеуде. Университеттер арасында серіктестік жолға қойылғанын көріп отырмыз. Достық көңіліңізге алғыс айтамын», – деді Италия Президенті.

Тараптар екіжақты қарымқатынастың негізгі бағыттары, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы пікір алмасты. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджо Маттарелланың келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Италия арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастық берік саяси диалогқа, қарқынды экономикалық серіктестікке және тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарға арқа сүйейтінін атап өтті.

Серджо Маттарелланың Астана мен Рим арасындағы серіктестікті нығайтуға айт арлықт ай үле с қосқанына назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Римге жасаған ре сми сапары барысында Қазақстан – Италия ынтымақтастығына тың серпін берген маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілгеніне тоқталды.

«Италия Қазақстанның үш ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Экономикалық ықпалдастығымыз өте қарқынды дамып келеді және оны одан әрі арттырудың әлеуеті зор. Сіздің еліңіздің экспортты ұлғайту жөніндегі жоспарын құптаймыз. Италияның соңғы жиырма жылда экономикамызға құйған инвестициясы 7,6 миллиард долларға жетті. Бүгінде қазақ жерінде 250 италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр», – деген Мемлекет басшысы ынтымақтастықты тереңдетудің перспективті бағыттарын айқындады.

Оның ішінде аса маңызды шикізат материалдары, мұнай химиясы, машина жасау, көлік-логистика, жеңіл өнеркәсіп, тағам өнімдерін қайта өңдеу, жасанды интеллект, қаржы, туризм және білім беру салаларына баса мән берілді. Тараптар екі ел БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар аясында белсенді ықпалдастық орнатқанын атап өтті. Жемісті жұмыстардың үлгісі ретінде «Орталық Азия плюс» диалог алаңын, сондай-ақ биыл мамыр айында Астанада өткен «Орталық Азия – Италия» бірінші саммитін айтуға болады. Қазақстан тарапы Италияның аталған бастаманы іске асыруға қолдау көрсеткенін жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонимен өткен достық кездесуді, сондай-ақ оның Астана халықаралық форумында басты спикер ретінде баяндама жасағанын ықыласпен еске алды. Кездесуде мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді.

Осы орайда Қазақстан Президенті Астананың орталық көшелерінің бірін саяхатшы Марко Поло есімімен атау жөнінде шешім қабылданғанына тоқталып, мұны қос мемлекеттің берік достығының имволы ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Өз кезегінде Италия Президенті серіктестікті одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, екі ел арасындағы сенімді диалог пен өзара түсіністікті нығайтуға қосқан үлесі үшін ҚасымЖомарт Тоқаевқа ризашылығын жеткізді.

«Біз үшін бұл сапардың мәні зор. Сіздің былтыр Римге жасаған сапарыңыз өзара қарымқатынастың маңызды кезеңі ретінде ынтымақтастығымыздың одан әрі нығаюына берік негіз қалады. Бұл қадамдар серіктeстігімізге барлық бағытта ерекше сипат береді. Мәдениет саласындағы ықпалдастығымыз белсенді дамып келеді. Италия Орта Азиядағы алғашқы мәдениет орталығын Астанада ашқан болатын. Елорданың бір көше сін Марко Полоның құрметіне атау туралы ұсынысыңыз қос мемлекеттің байланысын одан әрі тереңдетуге бейіл екеніңізді көрсетеді. Бұл қолдауыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Серджо Маттарелла.

Келіссөз соңында тараптар Президент Серджо Маттарелланың ресми сапары Қазақстан – Италия қарым-қатынасы тарихының жаңа парағын ашатынына сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан және Италия арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға айрықша үлес қосқаны үшін Президент Серджо Маттареллаға І дәрежелі «Достық» орденін салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ бұл қазақ елінің шынайы құрметі, барша Италия халқына деген достық пейілі мен ыстық ықыласының айғағы екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Италия Президентіне халықтың қолдауына ие болған көшбасшы, әлемге танымал беделді саясаткер деп баға берді.

«Сіз еліңіздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңіріп келесіз. Бүгінде Италия барлық салада толайым табысқа жетті. Әлемдік көшбасшылар қатарына кіретін мемлекеттің бірі. Еліңізде экономика, инновациялық технология саласында тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Экология, «жасыл» энергетика бағытында озық бастамаларыңыз бар. Италияның терең тарихы, бірегей мәдени мұрасы – бүкіл адамзаттың құнды қазынасы. Сіздер аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті сақтау ісінде маңызды рөл атқарып жатсыздар. Халықаралық мәс елелерді шешуге белс ене атсалысып келесіздер. Бұл сіздің салиқалы саясатыңыздың жемісі. Өзіңіздің басшылығыңызбен Италия алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра береді деп сенемін», – деді Президент.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың екі ел қарымқатынасын дамытуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанына назар аударды.

«Саяси диалогымыз жоғары деңгейде жүріп жатыр. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс қарқынды дамып келеді. Көпжақты құрылымдар аясында тығыз ықпалдастық орнаттық. Мен сіздің бұл бағыттағы еңбегіңізді ерекше бағалаймын. Бірлескен күшжігеріміздің арқасында қос халықтың достығы нығая береді. Бүгінгі келіссөздер мен уағдаластықтар стратегиялық серіктестігімізді күшейте түседі деп ойлаймын. Біз осы жолда бірлесіп әрекет етуге дайынбыз», – деді Президент.

Өз кезегінде Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа Италияның ең жоғарғы наградасы – «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденін тапсырды. Айта кетсек, елдің бұл жоғары наградасы Италиямен достық қатынасты нығайтуға үлес қосқан мемлекеттер басшыларына ғана беріледі.

«Сіздің әлемдік тәртіпті қамтамасыз етуге және бейбітшілікті қолдауға бағытталған қызметіңізді жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ Италия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ұдайы атсалысып келе жатқаныңыз үшін ризашылық білдіреміз. Сізге табысталып отырған бұл марапат біздің республикамызға сіңірген еңбегіңіздің бағасы», – деді Италия Президенті.

Іскер топтардың байланысы нығайтылады

Қазақстан мен Италия өзара саудасаттық көлемін одан әрі арттыруға келісті. Бұл туралы Ақордада Италия Президенті Серджо Маттарелламен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Қос мемлекеттің түрлі бағыттағы ынтымақтастығы уақыт өткен сайын арта түсуде. Саяси диалогымыз жоғары деңгейде жүріп жатыр. Экономика саласында берік ықпалдастық орнаттық. Былтыр екі ел арасындағы алыс-беріс көлемі 20 миллиард долларға жетті. Биылғы 8 айда бұл көрсеткіш 11,3 миллиард доллар болды. Италия – біздің ең ірі инвестициялық серіктесіміздің бірі. Қазақстанда 250-ге жуық италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл ел Қазақстан экономикасына 2005 жылдан бері шамамен 7,6 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Осы бағыттағы қарым-қатынасымыз ойдағыдай дамып келеді», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Президентімен мазмұнды келіссөз жүргізілгеніне назар аударды.

Кездесуде Президенттің былтыр Римге жасаған ре сми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылаған. Cонымен қатар тараптар ықпалдастықты күшейтудің жаңа бағыттары туралы әңгімелесіп, өзара сауда-саттық көлемін одан әрі арттыруға келіскен. Мәселен тауар түрін көбейту үшін, ең алдымен, іскер топтардың байланысын одан әрі нығайту қажет.

Бұл – маңызды міндет. Сондай-ақ екі елдің мүддесіне сай келетін жаңа инвестициялық жобалар қарастырылатын болды. Әсіресе, энергетика, ауыл шаруашылығы, машина жасау, жеңіл және азықтүлік өнеркәсібі салаларына баса назар аударылды. Осы жұмысқа екі елдің Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы баса мән беруі қажет деп саналды. Сондай-ақ көліклогистика саласындағы байланысты нығайту мәселесі де пысықталды. Халықаралық көлік дәліздерінің, соның ішінде Транскаспий дәлізінің әлеуеті сөз болып, логистика инфрақұрылымы және қайта өңдеу өнеркәсібі секторындағы ықпалдастық мүмкіндіктері талқыланды. Бұдан бөлек, пре зиденттер цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізудің маңызына тоқталып, жасанды интеллекті мен үлкен дерекқорларды пайдалануға қатысты тәжірибе алмасу туралы пікірлескен.

«Мен бұл салаларда бірле се жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздім. Ертең Президент Маттарелла аймақтағы ең ірі IT стартап паркі – Astana Hub-қа баратын болды. Еліміздің осы бағыттағы жетістіктерімен танысады. Бұған қоса, қаржы және туризм саласындағы тың жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға уағдаластық. Жалпы, Қазақстан өз нарығында жұмыс істеуге ниетті Италия компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөз барысында мәденигуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту ісіне мән берілген. ҚасымЖомарт Тоқаев елорда көшелерінің біріне Италияның ұлы саяхатшысы Марко Полоның аты берілетінін мәлімдеді.

«Келесі жылы Италияда «Көшпенділер алтыны» көрмесі өткізілмек. Сондай-ақ Неапольдегі көне Сан Карло театрында «Абай» операсын қою жоспарланған. Биыл Рим қаласында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының мүсіні орнатылады. Осы сәтті пайдалана отырып, игі бастамаға қолдау білдіргені үшін Италия халқына шынайы ризашылығымды жеткізгім келеді. Біз мұны қазақтың мәдени мұрасына көрсетілген құрмет пен шынайы достық пейілдің көрінісі деп қабылдаймыз. Осындай тағылымды ісшаралар халықтарымызды жақындата түсетіні сөзсіз», – деді Президент.

Тараптар келіссөз кезінде білім саласына да айрықша тоқталған. Қазіргі таңда Италияның үздік жоғары оқу орындарында Қазақстанның төрт мыңнан астам студенті білім алып жатыр. «Сол үшін Италия Үкіметіне алғыс айтамын. Биыл Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің негізінде Марке политехникалық университетінің филиалы жұмыс істей бастады. Оқу орны жас ұрпақтың жоғары сапалы білім алуына мүмкіндік береді деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Серджо Маттарелламен бірқатар халықаралық өзекті мәселе бойынша пікір алмасқанын жеткізді.

«Қазіргідей күрделі кезеңде қарулы қақтығыстардың ушығуына қатысты алаңдаушылық білдірдік. Қос тарап барлық түйткілді Біріккен Ұлттар Ұйымы жарғысына сәйкес бейбіт және саяси-дипломатиялық жолмен шешу керек деп санайды. Қазақстан мен Италия халықаралық ықпалдастықты күшейтуге мүдделі. Жаһандық тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайту ісіне белсене атсалысуға дайын. Біз бір-біріміздің бастамаларымызды үнемі қолдап келеміз. Көпжақты дипломатияны одан әрі дамытуға ерекше мән береміз. Осы орайда, «Орталық Азия – Италия» диалог алаңы аймақтық деңгейдегі әріптестігімізді жандандыра түсері анық. Италия тарапының бастамасымен оның алғашқы отырысы биыл Астанада өткенін білесіздер. Осылайша, халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастығымыз нығайып келеді. Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстанды дамыту орталығын ашу туралы бастамаға қолдау көрсеткені үшін Италия тарапына зор алғыс айтамын», – деді Президент.

Өз кезегінде Серджо Маттарелла Италия мен Қазақстан арасындағы берік достықты бекемдей түсу үшін Астанаға арнайы келгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сапар екіжақты қарым-қатынасқа тың с ерпін беріп, оны одан әрі өркендетуде маңызды рөл атқарады.

«Италия мен Қазақстанның ғасырлардан тамыр тартатын мәдени және тарихи дәстүрі бар, археологиялық және көркемөнер мұрасы өте бай. Бұл біздің гуманитарлық саладағы өзара ықпалдастығымызды тереңдетуге берік негіз қалайды», – деді Италия Президенті.

Стратегиялық сипаттағы сауда серіктестер

Бүгінде Қазақстан мен Италия ст ратегиялық сипатт ағы с ауда серіктестер саналады. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 24 пайызға өсіп, 20 миллиард АҚШ долларына жеткен. Ал биылғы қаңтар-шілде айларында Италия Қазақстан экспортының 21,6 пайызын толықтырып, серіктестер арасында үшінші орынға шықты. Жекелеген көрсеткіштер төмендегеніне қарамастан, ынтымақтастық одан әрі нығайып келеді. Бүгінде Қазақстан экспортты әртараптандыруды басты міндет етіп қойып отыр, яғни 100-ден астам тауар түрінен 1 миллиард АҚШ долларынан астам табыс табу жоспарланған.

Ерекше назар ауыл шаруашылығы, металлургия, химия өнеркәсібіне және қосылған құны жоғары өнімдерге, сондай-ақ бірлескен кәсіпорындар құру мен логистиканы дамытуға аударылып отыр. Сондайақ Италия Қазақстан мұнайын ірі импорттаушылар қатарында. 2023 жылы Қазақстаннан Италияға мұнай экспорты 14484077,3 мың доллар болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 18350310,2 мың долларға жеткен. Былтыр Қазақстан мұнайының жалпы экспортындағы Италия үлесі 42,8 пайызға тең болған. Экспорттың негізгі бағыты – Каспий құбыр консорциумы (CPC), ол арқылы Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамы тасымалданады.

Алайда Ресей ара-тұра шектеу қоятындықтан, Қазақстан балама бағыттарды дамытып келеді. 2025 жылы Баку – Тбилиси – Джейхан (BTC) құбыры арқылы жеткізілімдер қайта жанданып, көлемі ұлғайтылды. Осы бағыт бойынша экспортты жылына 1,7 миллион тоннаға жеткізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде Қара теңіздегі ресейлік порттарға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Ірі бірлескен жобалардың қатарында италиялық Eni компаниясының қатысуымен іске асып жатқан Қашаған және Қарашығанақ кен орындары бар.

Экологиялық айыппұлдарға қатысты дау-дамай мен Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытының құрылысын тоқтату мәселелеріне қарамастан, Италия Қазақстанның мұнай-газ саласындағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі болып қала бермек. 2025 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Италияға мұнай экспортын арттыруға дайын екенін атап өтті. Бұл екі елдің де мүдделеріне сай келеді.

Еуропаның энергетикалық қайта бағдарлануы жағдайында алдағы жылдары Қазақстанның Италия және басқа да еуропалық нарықтардағы үлесі арта түседі деп күтіледі. Сонымен қатар Ресей аумағын айналып өтетін көлік инфрақұрылымы да дамып жатыр. Осылайша Қазақстан мен Италия арасындағы мұнай-газ саласындағы серіктестік жеткізілім бағыттарын әр тараптандыру, Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Қазақстанның рөлін кеңейту және ірі кен орындарын игеруге италиялық компаниялардың қатысуы есебінен нығая түсуі ықтимал.

Сарапшылардың пікірінше, фармацевтика саласы да Қазақстан үшін Италиядан келетін импорттағы басым бағыттардың бірі. Дәрідәрмек пен медициналық бұйымдар екіжақты сауданың елеулі бөлігін құрайды.

2023 жылы Қазақстанға Италиядан фармацевтикалық өнім импорты 129199, 9 мың АҚШ долларын құраса, 2024 жылы 156899,7 мың долларға дейін артқан. Бұл Италияға қазақстандық нарықтағы фармөнімдерді ірі жеткізушілердің алғашқы төрттігіне енуге мүмкіндік берді. Жеткізілімдердің өсуі жоғары сұранысты ғана емес, сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы саудаэкономикалық ынтымақтастықтың тереңдеп келе жатқанын көрсетеді.

Мұндай ынтымақтастық тек тікелей жеткізілімдер мен шектелмей, бірлескен инвестициялық жобалар арқылы да дамып келеді. Мәселен Алматы облысында 58,8 миллион доллардан астам инвестициямен дәрілік препараттарды қатты формада шығаратын фармацевтикалық зауыттың құрылысы қолға алынды.

Бұдан бөлек, Италияның UCI ұйымымен бірлесіп, агрошикізатты фармацевтикалық өнімдер өндірісіне қайта өңдеу жобасы қарастырылған. Италия технология трансферіне және GMP (Good Manufacturing Practice) стандарттарын енгізуге де қолдау көрсете алады. Бұл қазақстандық дәрілік препараттардың сапасын арттырып, олардың ішкі нарықтағы және экспорттағы бәсекеге қабілетін күшейтеді.

Сараптамалық материалдарда фармацевтика екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі ретінде көрсетіліп жүр, ал Италия Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің қатарында, оның ішінде фармацевтикалық жеткізілімдер бойынша негізгі орындардың бірін алады.

Қазақстан үшін мұндай серіктестік экономиканы әр тараптандыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, Италиямен фармацевтика саласындағы серіктестік Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудың стратегиялық қозғаушы күшіне айнала алады.

Қорыта айтқанда, Италия Президенті Серджо Маттарелланың Қазақстанға сапары – екіжақты қарым-қатынастың жаңа белесі. Бұл кездесу саяси сенімді күшейтіп қана қоймай, экономикалық әріптестікті одан әрі тереңдетуге жол ашады. Энергетикадан бастап, мәдениетке дейінгі салалардағы жоспарланған келісімдер Қазақстан мен Италияны стратегиялық серіктестер ретінде жақындата түсетіні анық.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар