Кеше – шәкірт, бүгін – тәлімгер
Нұрлан Тәуелсіздігімізді алатын 1991 жылы орта мектепті бітірді. Ары қарай оқыған жоқ. Өйткені, үй ішіндегі тірліктің бәріне өзі қарайтын. Ауылда тұрған соң мал ұстайды. Оның жемшөбін дайындау үлкен жұмыс. Шаруашылықта әр салада қарапайым жұмысшы болып еңбек ете жүріп, маңдайың терлемей табыс табудың жолы жоқ екенін сезді. Бертін келе өмірге нарықтық қатынас енді. Совхоздар мен колхоздар бірінен соң бірі тарап жатты. Ол кезде жаңадан қаз тұрған жеке шаруашылық құрылымдары жұмысшы қабылдауға, оның ай сайын жалақысын төлеп тұруға дәрменсіз еді.
Әр істің басын бір шалып жүргенде өзі туып-өскен Байзақ ауданынан «Тараз құбыр зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашылды. 2011 жылдың қараша айының бір күні директорының қабылдауында болады. «Қандай жұмыс берсеңіз де істеймін. Сеніміңізді қалайда ақтаймын», – деді бірден. Жүзін күн қақтаған ауылдан шыққан жігіттің өзіне нық сенімді екенін аңғарған директор сөзбұйдаға салған жоқ, бірден қатардағы жұмысшы етіп қабылдады. Жұмыстың дені автоматтандырылған. Құбыр артқанда ғана шамалы қол жұмысы керек. Полиэтилен құбыр болған соң, темірге қарағанда салмағы жеңіл. Сонша қиындығы жоқ. Кімнің кім екені атқарған жұмысынан білінеді ғой. Қандай тапсырылған істі болсын тап-тұйнақтай орындайтын ол көп ұзамай аусымның аға операторлығына тағайындалды.
Тараз қаласына қоныстанған зауытта еңбек ететін 30-ға жуық қызметкердің арасында аға оператор Нұрлан Тәжібаевтың шоқтығы биік. Өмір болған соң, біреу келеді, біреу кетіп жатады жұмыстан. Жаңадан қабылданған жас мамандарды Қытай-Германия бірлестігі кәсіпорнынан шыққан заманауи үлгідегі техникамен жұмыс істеуге баулитын да осы азамат.
-Біздің ауысымда Мұрат Ахметов, Ержан Тәжібаев және Нұрсұлтан Сағатаев деген жігіттер еңбек етеді. Үшеуі де жұмыс десе жанып тұр. Өндіріс орны тәулік бойы жұмыс істейтіндіктен түн мезгілінде де жұмыста боламыз. Зауыттағы төрт ауысым өзара жарысқа түсеміз, – деді Нұрлан. Жарыс нәтижесі туралы бүгіп қалған оның сөзін директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Ғалымжан Райымов жалғады. «Нұрлан мен өйтіп жатырмын, біз былай жасап жатырмыз, деп ешқашан кеуде қаққан емес. Жаңағы өзі айтқан жарыста үнемі алда келеді. Нұрлан оқымай-ақ мына шетелдік техниканы бірден игеріп кетті. Қазір бесаспап маман. Біз тоқсандық, алты айлық және жылдық жоспарымызды артығымен орындап жатсақ, оған Нұрлан басқаратын ауысымның қосып отырған үлесі зор,-деді директордың орынбасары.
...Жұмыстан шыққан аға оператор үйіне асықты. Өйткені, отбасында әйелі Айғанша екеуі өмірге әкеліп, тәрбиелеп отырған Азаматы мен Тоғжаны бар. Соларды айналып-толғанып барып, мауқын басады. Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол». Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан. Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді