«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тоғыз жолдың торабында өткен дүбірлі той

Тоғыз жолдың торабында өткен дүбірлі той
Автор
Жамбыл жері тарихтың алтын көмбесі десек, соның ішінде Шу өңірі елдіктің темірқазығы қағылған қасиетті аймақ. Кешегі сенбіде осынау киелі мекен өзінің 95 жылдығы мен төл перзенті Балуан Шолақтың 160 жылдық мерейтойын атап өтті. Қос мерейтойды атап өтуге елге танымал азаматтар, ардагерлер, қоғамдық кеңес өкілдері және жергілікті тұрғындар жиналды.

Қонақтар алдымен ақ шаңқан киіз үйлерге қойылған ұлттық бұйымдар мен көрмелерді тамашалады. Салтанатты мерейтойда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев шулықтарды төл мерекесімен құттықтады.

– Шу – қазақ тарихының қасиетті қонысы. Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының алтын арқауы болып, сан алуан мәдениеттің тоғысқан жеріне айналған бұл өңір – елдік пен берекенің, ынтымақ пен ырыстың ордасы. Қазақ хандығының алғашқы қадамдары да осы өңірмен сабақтасып жатқанын тарих айғақтайды. Міне, осындай терең тамыры бар қасиетті мекен бүгінгі күні де тоғыз жолдың торабында орналасып, дамудың жаңа белесіне көтеріліп отыр. Бүгінгі тойымыздың маңызын арттыра түскен – Балуан Шолақ бабамыздың 160 жылдығы. Ол тек алып күштің иесі ғана емес, сырлы сазға, нәзік өлеңге, өр мінезге толы ұлы тұлға. Оның әндері қазақ халқының рухын асқақтатты, жырлары елдің еңсесін көтерді. Бабамыздың өнегелі өмірі – қайсарлық пен адалдықтың, рух биіктігінің мәңгілік үлгісі. Біз осындай дара тұлғаларымызды ұлықтай отырып, ұрпағымыздың бойына ұлттық рух пен патриоттық сезім дарытамыз. Бұл мерейтой – өткенімізге тағзым, бүгінімізге мақтаныш, болашағымызға сенім. Халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің арқасында Шу ауданының мерейі әрқашан биік болып қала бермек, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Мерекелік іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткері Бөрібай Жексембин сөз алып:

«Ғасырға жуық тарихында Шу ауданы сан салалы жетістікке қол жеткізді. Егіншілік пен мал шаруашылығы қатар өркендеп, жаңа өндіріс орындары ашылып, кәсіпкерлік дамып келеді. Білім мен мәдениет саласы да биік белестерді бағындырды. Бұның бәрі елге адал қызмет еткен еңбекқор халықтың табанды еңбегінің нәтижесі. Бүгінгі жетістік – сіздердің қол еңбектеріңіз бен жүрек жылуларыңыздың жемісі», – деп ағынан жарылды.

Сондай-ақ жиында Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген кәсіпкер, техника ғылымдарының кандидаты Марат Нәбиев және Балуан Шолақтың немере сі Шайдулла Шолақов құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды тілектерін арнады. Мерейтой қарсаңында Шу өңірінің тарихи ерекшеліктерімен қатар, өңірдің мәдени-рухани өміріне қосқан үлесі де айшықталды. Шу өңірі – ғұлама ғалым Жүсіп Баласағұн, халқымыздың төбе биі Төле би бабамыздың атамекені. Сөз зергері Бөлтірік шешен, Сауытбек, Қуандық, қыл қобызды Бармақ, Жақсыбай, Қылышбай, Жидебай секілді ақындарымыз шыққан шырайлы өлке. Сондай-ақ осы өңірден шыққан ақын, әнші, термеші, композитор Аяз Бетбаев, дәстүрлі музыканы сабақтастырған тұлға, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың есімін ерекше атап өткен жөн.

Қазақтың ақын қызы Бақыт Исаева, жезтаңдай әнші Күлімхан Оңтайқызы, «Шу» театрының негізін құрушы Ермек Құлажановтардың да өнерге қосқан еңбектері жоғары. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатында мұнда аңшаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылып, қонақтарға қолөнер бұйымдары мен салт-дәстүрді насихаттайтын көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар қазақ, түрік, орыс, неміс, күрд, әзербайжан этностарының әдет-ғұрпынан хабар беретін қойылымдар да қойылды. Кеш соңында өнерпаздар арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қос мерейтой аясында қазақ күресінен республикалық ашық турнир, жастар арасында «Мәре» көкпар сайысы және бәйгеден облыстық ашық турнир ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, «Атадан ұл тумайды мендей сабаз» атты ғылыми конференция аясында «Қазақтың Балуан Шолағы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар