«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қаранардан қалған сөз

Қаранардан қалған сөз
Автор
Азаматтың қасиеті – ақын, суретші, әнші сияқты алыптардан да асыл қасиет. Сондықтан да сирек. Адам бойына азаматтық қасиет ұялату қиынның қиыны, қадірлінің құрметтісі.

Заман түзелгенде ғылымға да, әдебиетке де тартымды талап қояды. Сонда көзедей көп академиктердің аты да, заты да ұмытылады.

* * *

Барыс – батыр. Барыс – күшті. Барыс – әділ. Барыстың мекені қарлы биік шыңдарда. Оның қорегі – тауешкілер. Досы – ұлар құс. Қарауылы – сауысқан.

* * *

Гуманизм күнделікті өмірде бар. Қалайда үлкен ерлік болуы шарт емес. Жай гуманизмнің өзі геройзммен қапталасып жатады. Адам адамға дос, жолдас – осыны ұмытпау керек.

* * *

«Адамзаттың ақымақтығына араз болып, күн бір-екі ай басқа бір ортаға түсіп кетсе, тыныштық таба алмай, қан төкпей тұра алмай, сойқансыз өмір сүре алмай жүрген жандар не болар екен?!» деп ойлаймын.

– Ал, енді есуас болмайсыңдар ма? – десе, күн қайтып келеді.

– Болмаймыз, болсақ оңбаймыз. Қаруды тастайық, – дер ме еді адам.

* * *

Бақытсыздықты адамдар өздері ойлап тауып алады, әйтпесе дүниеде ешқандай бақытсыздық жоқ.

* * *

Қызмет пен жазушылық – жау. Біріне-бірі кесір. Жазушыға жалғыздық керек. Ал, қызмет мың тарау бәлекеті баста ұялап тұрған кезде жазушының күні құрысын.

* * *

Біздің қазаққа қарапайымдылық әлі жетіспейді. Ақылды-ау деген адамдар атаққұмар, даңғаза даңқшыл.

* * *

Адам мақсатсыз болмайды. Мақсатсыз адам – кембағал адам. Қоғам мақсатсыз болмайды. Мақсатсыз қоғам шіриді. Әр адам өзіне сұрақ қойсын.

* * *

Топырақ–дәрі. Бір профессор кабинетінде жалаңаяқ, топыраққа табанын қойып отырады екен. Жүйкеге – жаттығу. Ал, біздің дауымыз – балалар жазда ауылға бара ма, бармай ма? Жалаңаяқ топырақ баспаған бала қандай болады?

* * *

Ұя саларында қарлығашпен ауада ешқандай жоспар болмайды. Жазушы да сондай, оны инстинкт жетелейді.

* * *

Біз күннің қызуынан, дауылдың арынынан, судың сылдырынан, жердің жылуынан, айдың аймалауынан туғанбыз! Жасыл дүние!

* * *

Адам – Алланың нары. Қанша жүк артады, өзі біледі. Арым – Алланың мүлкі. Қашан алады өзі біледі.

* * *

Кейде тау жүген-құрық тимеген жабайы асау ат сияқты. Кейде үйретілген тайдай жуасып қалады. Топырақ пен тастың үйіндісі де тұрақсыз, адамға не шара...

* * *

Әлдекім менің білегімнен кір шығармақ боп, саусағын түкіріктеп езгілеп көрді. Кір шыққан жоқ.

* * *

Әділетсіздікпен айқасқа түссең, сені жұрт «мінезі жаман» дейді. Сол мінездеме қалыптасып, сенің тағдырыңның көлеңкесіндей болады да жүреді. Бүгелектеген жылқыдай бас шұлғығыш болсаң – жақсысың.

* * *

Тірісінде сыйласпаған қазағым, құм құйылғасын көзіңе өлгеннен кейін жылама. Тірісінде құрметтеуің керек!

* * *

Кейбір «көркем» деген кітаптардың геройларын кітаптағыдан айнытпай суретке түсірер болсақ, ол геройлардың аузы-мұрны жоқ, шашы белгісіз, көзі белгісіз, бойы да белгісіз...

* * *

Жоғары, төмен деген ұғым тек ойда ғана. Әйтпесе, әлем жоғары, төмен дегеннен бейхабар.

* * *

Күнделікті өмірде біздің жетістіктерімізден кемшіліктеріміз тартымды көрінеді.

* * *

Оқымай, біреулердің айтуымен баға беретін ауру бар. Ол біреу қалай жеткізіп, қалай жөн сілтейді, ілмағайып.

* * *

Шыңғысхан қиратқан қаланың орнын қазып, кірпіштің жұрнағына қарап, шаһар қандай болғанын анықтайтын археолог сияқтысың. археологтың міндеті жеңілдеу. Ал сен сол қалаға жан бітіріп, қан тамырын бүлкілдетуің керек.

* * *

Адамдар қайырымды болса. Қоғамдық мораль ненің адал, ненің арам екенін айыра біліп, адалына әділетпен, кешіріммен қараса...

* * *

Қайран дүние! Өстіп алаңдатпасаң дүние болармысың.

* * *

Халық көп жиналған жерде не төбелес шығады, не даналық шешім қабылданады. Ол көсемге байланысты.

* * *

Күннің көзіне салқын жердің адамдары асық, ыстық жердің адамдары үшін таңсық емес.

* * *

Ақынның дүние көруі өзгеше. Оның көзі, көкірек көзі өзгеше. Басқалардан айырмашылығы да, артықшылығы да сонда.

* * *

Жұлдыздар ұдайы төмен ағады. Жоғары қарай аққаны жоқ.

* * *

Ойда күн жарқырап тұрғанда, тауда күн күркіреп бұлттар бұрқанып бұлқанталқан болып жатады.

***

Алыста жүргенде тауды аңсаймын. Жанына барғанда еңсеңді басады. Таудың тәкәппарлығында дауа жоқ.

* * *

Зиратқа бару – ауыр. Тұнжыр. «Бәрібір келесің бір» – дегендей ондағылар.

* * *

Жолбарыспен алысқан сурет. Ақша табу амалы. Қор болған батыр, қор болған жалбарыс. Көрінген сүмелек алқымынан алып, батыр болып суретке түсіп жатыр.

* * *

Оспанханнан айырылдық. «Ңөңді» енді ешкім жаза алмайды. «Ң» әрпінің жоғын жоқтаған Оспанхан! «Ң»-да көп мән жатыр.

* * *

Жазушы да пенде. Оның да арнайы қуанышы, қатқат қасіреті болады. Мәуелі дарақтан адамдар жеміс алып рахаттанады. Ал мәуеге қолы жетпегендер төменде тұрып тас лақтырады. Досы көп болады, ол – қалың оқырман.

* * *

Әркім өзінің қолынан келетін іс істесе – қоғамда ақау аз болады. Қолынан келмейтін жерге қоқайтып қойса – ол адамнан қоғамға зиян белшеден.

* * *

Ештеңе істемесең ешкім сені елемейді. Әйтеуір, халқың үшін титтей де болса пайдалы бірдеңе істейін десең, одан ең алдымен «қате» іздей бастайды. Жақсылық іздеу кем.

* * *

Борсық жемтігінің сүйегі қытырлағанша олжасына сенбейді.

* * *

Адамдарды бір-ақ тілде сөйлейтін етіп жаратамын десе Алла Тағаланың, Жаратқан Құдіреттің, Жасаған иемнің қолынан келмей қалған жоқ қой.

* * *

Шындық кішіреймейді. Қараңғыда қалған, топыраққа көмілген алтын сияқты жасырынып жататын шығар.

 

 

Ұқсас жаңалықтар