Сондай ұстаздың бірі Юлдашбай Дәрібаевтың бастамасымен келешекте мұнай, газ өндірісіне сапалы мамандар даярлау және лабораториялық-тәжірибе сабақтарын оқыту үрдісінде қолдану үшін «Амангелді Газ» және «ҚазТрансГазАймақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен жабдықтар мен аспаптар алынған.
Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері, еңбек ардагері, «Мұнай, газ және тау кен ісі» білім беру бағдарламасының доценті Юлдашбай Әбуұлы саналы ғұмырын осы салаға және ауыл шаруашылығына арнаған.
Ізденімпаз оқытушы студенттер үшін «Мұнай және газ химиясы», «Ұңғы өнімдерін жинау және дайындау» пәндері бойынша қазақ және орыс тіліндегі оқу құралын жазды. Қазіргі уақытта баспаға «Мұнай және газ ұңғыларын бұрғылау», «Мұнайды өндіру технологиясы мен техникасы» пәндері бойынша қазақ және орыс тілінде оқу құралдарын дайындауда.
– Байтақ даламыздың қойнауы қазыналы. Алтыны мен күмісі, қоласы мен мысы, қорғасыны мен хромиті, мұнайы мен газы, қалайы мен никелі, темірі мен көмірі, ураны, марганеці – елдің байлығы. Тек игергенде мұқияттылық, өндіргенде қабілеттілікпен ұқсату қажет. Турасын айтқанда, байлықтың бағын жандыратын білімді азамат қажет. Осы мақсатта жастарды оқыта отырып, өзіміз де жер қойнауындағы байлықты төкпейшашпай игеріп, игілігін ел көру үшін ғылыми ізденісімізді жалғастырамыз. Студенттерге арнап әзірлеген оқу құралымының бірінде мұнай өндірудің тарихына тоқталып, өндіріске қажетті аспаптар туралы толық мағлұмат беріледі. Аз-кем осыған тоқтала кетейін. Кейбір мемлекеттерде мұнай өндіру тарихына көптеген зерттеулер жүргізілген. Соңғы зерттеулердің бірі Д.Ергиннің «экстракция» монографиясы. Осы көлемді жұмысты талдауға тоқталмастан, автор әлемдегі мұнай өндіру тарихын, әсіресе Ресей мен КСРО-ға қатысты ерекше қарастырған. Қазіргі уақытта Ресей мұнай мен газ өндірудің жалпы көлемінің 80 пайыздан астамын және бұрынғы КСРО көмірінің 50 пайызын құрайды. Бұл әлемдегі бастапқы энергия ресурстарының жалпы өндірісінің жетінші бөлігіне тең. Ресейде барланған әлемдік мұнай қорының 12,9 пайызы және оны өндірудің 15,4 пайызы шоғырланған. Оның үлесіне әлемдік газ қорының 36,4 пайызы және оны өндірудің 30,9 пайызы тиесілі. Қазақстанның отын-энергетика кешені – ұлттық экономиканың өзегі, ол халық шаруашылығының барлық салаларының өмір сүруін, аймақтардың шоғырлануын, бюджет кірістерінің едәуір бөлігін және елдің валюталық түсімдерінің негізгі үлесін қалыптастырады. Шикізат базасының жеткіліксіз толықтырылуы мұнай мен газ өндіруді арттырудағы мүмкіндіктерді шектей бастайды. Мұнайды ұңғымадан сығылған ауамен немесе газбен шығару XVIII ғасырдың аяғында ұсынылды, бірақ бір ғасырдан астам уақыт ішінде компрессорлық жабдықтың жетілмегендігі тартальмен салыстырғанда әлдеқайда аз уақытты қажет ететін осы әдістің дамуын кешіктірді. Біздің ғасырдың басында атқылау әдісі қалыптасқан жоқ. Баку аймағындағы көптеген атқылайтын ұңғымалардан мұнай жартастарға, өзендерге төгіліп, көлдер пайда болды, өртенді, біржола жоғалды, топырақты, сулы қабаттарды, теңізді ластады. Қазіргі уақытта мұнай өндірудің негізгі әдісі – электрлі орталықтан тепкіш сораптар (УЭЦН) мен штангалы ұңғыма сораптар (ШСН) қондырғысы. Мұнай және газ өнеркәсібінің негізгі қорларының ескіруі өнімділіктің айтарлықтай төмендеуіне және апаттар санының өсуіне әкелді. Көбінесе жабдықты тек физикалық тозудан ғана емес, сонымен қатар моральдық ескіруіне байланысты ауыстыруды қажет етеді. Газ құбырларының көп бөлігінің нормативтік қызмет ету мерзімі – 33 жыл. Осыған байланысты Мұнай және газ өнеркәсібінде пайдаланылатын жабдықты, оның ішінде энергия шаруашылығын қайта жаңарту көзделіп отыр. Қайта құрудың негізгі бағыттары мен мақсаттарына тоқталсақ, көмірсутегі шикізатын тасымалдау, сақтау және өндірудегі материалды және энергияны үнемдеу. Қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарылуын жою бойынша экологиялық талаптарды қамтамасыз ету, көмірсутек шикізаты кен орындарының толық өңделу тереңдігін және ілеспе компоненттерді толық алуды ұлғайту көзделеді. Сонымен қатар теңіз қайраңының кен орындары мен шағын кен орындарын игеруге тарта отырып, көмірсутек шикізатын өндіру ареалын кеңейту. Жерасты газ қоймалары желісін жан-жақты дамыту арқылы көлік жүйелерінің жұмысын тұрақтандыру. Жабдықтың сенімділігін арттыру және соның есебінен жөндеу аралық кезеңдерін 2-3 есе ұлғайту назарға алынады. Осылайша, қайта құру кезеңіндегі ғылымитехникалық саясаттың негізі сенімділіктің, энергия үнемдеудің, автоматтандырудың, технологиялық ресурстың және экологиялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейімен сипатталатын мұнай және газ өнеркәсібінің технологиялық қондырғыларын жаңа буын жабдықтарымен қайта жарақтандыруға мүмкіндік туады, – дейді Юлдашбай Дәрібаев.
«Мұнай және газ ұңғыларын бұрғылау» мамандығының иесі дәл осы тақырыпта ғылыми еңбек жазып, студенттерге бағыт берер оқулық ұсынды. Оқулықта мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау, бұрғылау түрлері, ұңғымаларды бұрғылау технологиясы, бұрғылау бағаны, түп қозғалтқыштар, ұңғымаларды бұрғылау, бұрғылау қондырғылары, жабдықтар мен құрал-саймандар, жуу технологиясы және бұрғылау ерітінділері, бұрғылау ерітінділерін химиялық өңдеу, бұрғылау ерітінділерін дайындау және тазалау жөнінде айтылған.
Сондай-ақ бақылау-өлшеу аспаптары, бұрғылау кезіндегі шиеленістер мен апаттар, ұңғымаларды бұрғылау процесінде өнімді горизонттарды, яғни қабаттарды ашу және сынау, ұңғымаларды цементтеу турасында мағлұмат берілген. Өнімді қабаттарды ашу және ұңғымаларды игеру, ұңғымаларды бұрғылау кезінде жұмыстарды ұйымдастыру, теңізде ұңғымаларды бұрғылау ерекшеліктері, ұңғымалар оқпанының қисаюы және бағытталған бұрғылаудың қолданылуы туралы мәліметтер келтірілген.
– Бұрғылау – тау жыныстарын бұзу арқылы ұңғыманы тереңдету процесі. Ұңғымаларды бұрғылау мұнай-газ қабаттарының қандай тереңдікте орналасқанын және өнімділігін анықтау мақсатында қолданылады. Бұрғылау барысында әртүрлі тереңдікте жатқан жыныстардың керн-цилиндрлік үлгілері алынады. Керн талдауы оның мұнай-газдылығын анықтауға мүмкіндік береді. Ұзындығы диаметрінен бірнеше есе көп, оның түбіне адамдарды түсірместен, яғни қол жеткізуінсіз бұрғыланған тау жыныстарының дөңгелек қимасы ұңғыма деп аталады. Ұңғыманың жоғарғы бөлігі – сағасы, төменгі жағы – түбі, бүйір беті – қабырғасы, ал қабырғамен шектелген кеңістік ұңғыма – оқпаны деп аталады. Ұңғыма ұзындығы – бұл ұңғы осі бойынша сағадан түбіне дейінгі қашықтық, ал тереңдігі – тік оське ұзындығының проекциясы. Ұзындығы мен тереңдігі тік ұңғымалар үшін ғана тең. Алайда олар көлбеу және қисайған ұңғымаларға сәйкес келмейді. Ұңғыманы бұрғылаудың қазіргі заманғы процесі – буындардың тізбегінен тұратын күрделі техникалық-технологиялық процесс. Олардың біреуінің істен шығуы асқынуларға, аварияларға немесе тіпті ұңғының опат болуына әкеп соғуы мүмкін. Тау-кен жыныстарын бұзу тәсіліне қарамастан ұңғыны бұрғылау процесі бірқатар операцияларды қамтиды. Атап айтсақ, жынысты талқандайтын құрал-саймандары бар бұрғылау құбырларын ұңғымаға түсіру, ұңғыма түбіндегі жынысты талқандау, талқандалған жынысты ұңғымадан шығару, тозған қашауды ауыстыру үшін ұңғымадан бұрғылау құбырларын көтеру, ұңғымаға бұрғылау құбырларын жаңа қашаумен түсіру, ұңғыманы шегендеу бағаналарымен және тампонаждау материалдарымен бекіту, яғни цементтеу. Ұңғыма түбін бұрғылауға тікелей қатыспайтын басқа да технологиялық және геофизикалық сипаттағы операциялар қолданылады. Ұңғыма түбін бұрғылаудың технологиялық тәсілдерін бұрғылау принципі, жынысты бұзғыш құралсайманды жеткізу тәсілі, кенжарды тереңдету түрі, жынысты бұзғыш құрал-сайманды бағдарлау, кенжардағы қысым, бір сағадан өтетін оқпан саны бойынша жіктеуге болады. Бұрғылау принципі бойынша айналмалы, соққылы, дірілді, гидродинамикалық, термиялық, электрфизикалық, жару, химиялық, аралас әдістерге бөлінеді. Жынысты талқандайтын құралдардың жетегі бойынша тәсілдер ротормен, түп қозғалтқыштармен, яғни турбобур, электробур, винтті бұрғылауға бөлінеді, – деп түсіндірді ғалым өз мамандығы бойынша студенттерге арнап жазған оқулығының мазмұнын.
Ол өзінің «Ұңғыма өнімдерін жинау және дайындау» оқу құралында мұнай, газ, қабат суы және мұнай эмульсиясының құрамы мен қасиеттері туралы мәліметтер келтірген. Мұнай және оның өнімдерін, суды жинау және оны кәсіпшілікте жинау мен дайындаудың негізгі технологиялық сұлбаларын түсіндірген. Соңғы жылдардағы осы саладағы жетістіктерді есепке ала отырып ұңғыма өнімін есепке алу, мұнай эмульсиясын бұзу, оларды кен орны территориясында жинау, тасымалдау және сарқынды суды тазалау қондырғыларының технологиялық сұлбасы көрсетілген. Сонымен бірге мұнай өнімдерін есептеу формулалары да берілген.
– Көмірсутек шикізатын жинау мен дайындаудың технологиялық процестері тауарлық өнім алумен аяқталатын мұнай ұңғымасы өнімінің және оның жекелеген құрамдастарының, яғни мұнай мен газдың жайкүйінің дәйекті өзгеруінен тұрады. Ұңғыманың өнімдерін бөлгеннен кейінгі технологиялық процесс мұнай және газ материалдық ағындарынан тұрады. Резервуардағы суды жинау, тазарту және пайдалану технологиясы – әдетте бөлек қарастырылатын арнайы процесс. Мұнай мен газды жинау және өңдеу технологиясы қатарынан үш кезеңнен тұрады. Олар – бөлу, жинау, мұнай мен газдың параметрлерін стандарттарда белгіленген мөлшерге жеткізу. Бірінші кезеңде ұңғымадан келген мұнай, мұнай өнімдері, газ және су ағындары коллекторларда жинақталып, айырғыштарға беріледі. Екінші кезеңде мұнай, мұнай өнімдері, газ және су айырғыштарда алғашқы тазартудан өтеді, демек көмірсутектер тығыздығы бойынша бөлінген сулардан және механикалық тау жыныстары бөлшектерінен ажыратылады. Үшінші кезеңде мұнай, мұнай өнімдері, газ және қалдық ылғалдар ағынды су мен минералды тұздардан тазартылып, мұнай, мұнай өнімдерін, конденсатты тұрақтандырып, олардан көмірсутектер алынады. Бұл сақтау және тасымалдау кезінде қауіпті төмендетіп, көмірсутектердің жоғалуын азайтуға мүмкіндік береді. Осы кезеңде газ ағынынан тауарлық газды және сұйытылған көмірсутектерді алу мақсатында ауыр көмірсутектер алынады. Демек, үшінші кезең – мұнай мен газ жинаудың соңғы кезеңі. Бұл кезең мұнай немесе газды дайындау деп аталады. Мұнай мен газды жинау және дайындау жүйелері, технологиялық схемада көзделген шарттардың орындалуын қамтамасыз ететін дәйекті және өзара байланысты аппараттар, механизмдер, машиналар мен құрылыстар кешенін білдіреді, – дейді доцент, РhD докторы Юлдашбай Әбуұлы.
Бүгінде Қазақ ұлттық Су шаруашылығы және ирригация университетінде аға оқытушы қызметін атқарып жүрген ол ауыл шаруашылығы саласында да ғылыми еңбектермен айналысты. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты болды. Алғашқы білім баспалдағын қазіргі Түркістан облысының Келес ауданында оқып, бастап, еңбегімен көзге түсіп, Келес ауданының Құрметті азаматы атанды.
Еңбек жолын 1975 жылы Гурьев қаласындағы политехника техникумының оқытушысы қызметінен бастаған Юлдашбай Әбуұлы Оңтүстік Қазақстан облысы Ақсу кентіндегі Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық экспедициясында қарапайым бұрғышы жәрдемшісінен бұрғылаушы, бұрғылау шебері, Келес ауданындағы Дарбаза тораптық құбырмен су тасымалдау басқармасында инженер-сантехник, Чапаев атындағы мақта совхозында инженер-гидротехник қызметін атқарды.
1989 жылдан 2002 жылға дейін Өзбекстанның Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механизациялау инженерлері институтында ғылыми істер зерттеушісінен, ассистент, доцент, оқу бөлімінің тәжірибе жөніндегі меңгерушісі болып жұмыс істеді. Кандидаттық диссертациясын қорғап, 1995 жылы ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, 1998 жылы доцент лауазымын иеленді.
Докторантураны да сәтті аяқтап, РhD дәрежесін иеленді. Кәсіби біліммен тоқтап қалмай, ғылыми еңбектермен айналыса жүріп, «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамының Жамбыл филиалында бұрғылау инженері, «Амангелді Газ» жабық акционерлік қоғамында ауысым шебері және газ өндіру шебері, комплексті газ дайындау қондырғысының менеджері, өнеркәсіп басшысы, бас директордың өндіріс бойынша бірінші орынбасары, бас технолог, бас технологтың орынбасары, газ және конденсатты газды өндіру қызметінің жетекшісі, жетекші инженер, инженер-технолог қызметтерін абыройлы атқарып, зейнетке шықты.
Дегенмен, еңбектен қол үзбей, «Клинал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде инженер-технолог, «ФАН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бас эколог болып жұмыс істеді.
Қажырлы еңбегі үшін көптеген Құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталып, Энергетика министрлігінің «Мұнайгаз саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісін, «Qazaqgaz-дың құрметті ардагері» медалін иеленді. Өз саласы бойынша мерейтойлық төсбелгілермен де марапатталған Юлдашбай Дәрібаевқа Тәуелсіздіктің 30 жылдығында «Еңбегім еліме» құрмет белгісі берілді.
Еңбекпен елінің елеулесі болған ғалым қазір өз білімі мен тәжірибесін студенттерге үйретіп жүр.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




