«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жауапсыздық пен салғырттыққа жол беруге болмайды

Жауапсыздық пен салғырттыққа жол беруге болмайды
Автор
Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру жергілікті атқарушы органның басты міндеті. Осы мақсатта облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Меркі ауданына барды. Аймақ басшысы жұмыс сапарында жергілікті жұртшылықтың талап-тілегін тыңдады.

Жиында аудан басшысы Ербол Жиенқұлов атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырды.

– Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында өнеркәсіп саласынан басқа ауданның барлық әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасты. Бірінші кезекте өңірге инвестиция тарту – негізгі міндет екендігін Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ерекше атап өткен болатын. Ауданда инвесторлардың қызығушылығын арттыру бағытында өткен жылы инвесторлармен 21, ал биыл 36 кездесу өткізілді. 2025 жылы ауданымызда ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бағыттарында жалпы 33 инвестициялық ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласында 18 ірі жоба, кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласында 12 жоба қолға алынған. Ірі жобалардың қатарында «Қайсар» шаруа қожалығының сүт тауарлы фермасы, «СПК Даму Сұрат» көкөніс сақтау қоймасы, «TAU Decor» ЖШС-нің құс өнімдерін өндіру жобасы, «Petro Retail» ЖШС-нің қонақ үй құрылысы, «MERKE INDUSTRY» (ZETA) металл бұйымдарын әзірлеу жобасы, «Royal Petrol» жанар-жағармай құю станциялары, сондай-ақ «Тараз Гринпауер Дженко» ЖШСнің гидроэлектростанция құрылысы бар, – деді Ербол Жұмабекұлы.

Меркі ауданы туристік әлеуеті жөнінен өңір флагманы саналады. Ербол Жұмабекұлының сөзінше, бүгінде ауданда туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар төрт негізгі бағытта жүргізілуде.

– Біріншіден, туристік бизнес субъектілерін қолдау шеңберінде жол бойындағы сервистік нысандарға санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстау шығындары бойынша субсидия берілуде. Бүгінде 4 кәсіпкер ай сайын мемлекеттік қолдау алуда. Екіншіден, инфрақұрылымды дамыту бағытында Меркі шатқалына апаратын жол бойына жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын салу жобасы басталды. Сондай-ақ шатқалдағы үңгірді абаттандыру және 7 туристік нысанның инфрақұрылымын жетілдіруге жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Сонымен қатар ауданда инвестициялық жобалар іске асуда. 2025 жылы жалпы құны бірнеше миллиард теңгені құрайтын 7 жоба қолға алынды. Бұдан бөлек жарнамалықимидждік саясат бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді Ербол Жиенқұлов.

Кездесуде аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, сауалдарын жолдады. Түйткілді түйіндер тарқатылған кездесуде тарихимәдени ескерткіштер мәселесі де назардан тыс қалмады. Жалпы ауданда табиғи парк құрылғалы ондағы Меркі ғибадатханасы деген атаумен танылған Түркі дәуірінің ескерткіштерінің жай-күйі жұртшылықты алаңдатқаны жасырын емес. Бүгінде бірегей мәдени мұраны сақтау мақсатында ЮНЕСКОның тізіміне енгізу туралы жауапты министрлікке өтінім жолданған. Бұдан бөлек жиында шаруаларға субсидия төлеу, аудандық орталық аурухана мәселесі, жедел жәрдем қызметіндегі маман тапшылығы мен Андас-3 су қоймасының құрылысына қатысты сұрақтар жолданып, тиісті жауап берілді.

Кездесуде Меркі ауданының басым бағыттарында экономикалық өсім байқалып отырғанын атап өткен облыс әкімі жауаптыларға аталған мәселелерді назарға алып, жұмыстарды жандандыруды жүктеді.

 – Меркі ауданы – облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында өзіндік орны бар аймақ. Ауданның әлеуметтікэкономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, туризм және әлеуметтік салалардың дамуымен айқындалады. Жергілікті атқарушы органдардың негізгі мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Экономикалық көрсеткіштердің орындалуы – басты әрі маңызды міндет. Талаптар айқын, межелер нақты белгіленген. Осы бағыттағы жұмыстар барлық деңгейдегі әкімдермен бірлесе отырып жүйелі түрде іске асырылатын болады. Жауапсыздық пен салғырттыққа жол беруге болмайды. Аталған жұмыстарға байланысты арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, орындалу барысы тұрақты бақылауға алынған, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Сондай-ақ күні кеше облыста ауыл шаруашылығы саласына қатысты екі бірдей алпауыт зауыт құрылысы басталғанын атап өткен аймақ басшысы зауыттар іске қосылған соң шаруалардың өнім өткізудегі бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан басты мәселелері толық шешілетіндігін жеткізді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар