Ашық кездесуде мойынқұмдықтар өздерін әбігерге салған ауыз су мәселесін ғана көтеріп қойған жоқ. Сонымен қатар каналға су келтіру, балабақшаны жөндеу, инфрақұрылымды жақсарту және коммуналдық қызметтерге қатысты мәселелерді де көтерді. Сонда аудан басшысы тұрғындарға ауыз су мәселесінің негізгі себептерін ашып, көрсетіп бере отырып, аудан көлемінде жарияланған төтенше жағдайға байланысты жергілікті қордан 19 миллион теңге бөлінгендігін жеткізді. Оның белгілі бір бөлігі арнайы су тасығыш көліктердің шығынын жабуға жұмсалатындығын, қалған 13 миллион теңгесі құбырларды ауыстыруға қажетті зерттеу жұмыстарын жүргізуге жаратылатындығын мәлімдеді.
Нақтылап айтқанда, «Құрылысқа арналған жобалықсметалық құжаттама» әзірленіп, бұл құжат дайын болған соң облыстан қаржы қарастырылып, ауылды қамтамасыз етіп отырған ескі құбырдың шіріген, тесілу қаупі бар тұстары ауыстырылатындығын алға тартты.
Бұдан бөлек әкім атаулы кездесуде жобалық құжаттама сәтімен дайындалып біткен жағдайда ауыл халқының биылғы қысты алаңсыз таза ауыз сумен қарсы алатындығын айтып, республикалық бюджеттен ауданның алты елді мекеніне су тарту үшін 7 миллиард теңге бөлінгенін сүйіншілеп жеткізген еді. Сөз арасында мұндай қолдауға қол жеткізу Жамбыл облысы атынан ұсынылған депутаттар мен сенаторлардың мәселені шешуге айрықша ықпал етулері арқасында мүмкін болғандығын да айта кетуді ұмытпаған-тын.
Жалпы содан бері арада біршама уақыт өтті. Қазіргі таңда су тасу жұмыстары техника арқылы жүзеге асырылып жатыр. Соған сәйкес ауыз судың жалпыға бірдей жаппай жеткізілетін кезін әзірге сабыр сақтап, үмітпен күтуге тура келеді. Дүниеде шешілмейтін мәселе жоқ. Бәрі де шешіледі. Бастысы осы бағыттағы нақты іс қолға алынып, атқарылу үстінде. Оның оң нәтиже беретіндігіне сенім мол. Мойынқұм ауданы үшін маңызды дүниенің тағы бірі, ол – жол жөндеу жұмыстары.
Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да сөз етуге тұрарлық. Мысалы, биылғы жылы өңірдегі төрт елді мекенде 9 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта жаңартылғандығы көңіл қуантады. Сондай жөндеу көрген ауылдардың қатарында Қылышбай ауылы бар. Мұндағы үш көшенің орта жөндеу жұмысына жалпы сомасы 106,6 миллион теңге бөлінген болса, биылға соның 53,6 миллион теңгесін іске жұмсау қарастырылып отыр. Қалған қаржы кезең-кезеңімен игерілетін болады. Жобаның мердігері – «АлКонСерлтд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сондай-ақ Ақсүйек ауылындағы үш көшенің орта жөндеу жұмыстарына 152,6 миллион теңге қарастырылған болса, биылғы шаруасына 119,2 миллион теңге бөлініп қойды. Ал А.Назарбеков ауылындағы екі көшеге 36,3 миллион теңге бөлінген болса, Биназар ауылындағы Жайлаубек көшесіне 49,3 миллион теңге бөлініп отыр.
Аудандағы орта жөндеуден өтіп, жақсарған көшелердің жөні бір бөлек. Әлгіндей көшелердің ішінде А.Назарбеков ауылындағы Т.Рысқұлов және С.Сейфуллин көшелері бар. Ауыз су мен жол секілді қос қажеттіліктің екеуін де ел игілігіне айналдыруды көздеп отырған ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.
Құмды өңір облыс орталығынан шалғайда жатса да өркениеттің көшінен көз жазып қалмай, болашаққа нық қадам басып келе жатыр.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Бірқатар дәрілік заттардың бағалары 50-ден 300 пайызға дейін төмендеді
- 4 желтоқсан, 2025
Көкбастауда «Этно ауыл» кешені ашылды
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




