Нұрлыхан бала күнінен ауыл тіршілігіне етене араласып, еңбектің қадірін біліп өсті. Пейілі даладай ауыл халқының негізгі күнкөрісі, тұрмысының жақсаруы да төрт түлік малмен тікелей байланысты. Жем-шөбін қамдаудан кейін шаруаға керегі өсірген мал тұяғының амандығы екенін елдегі еңбекшіл жұрт жақсы біледі. Ол іс мал дәрігерінің тікелей араласуымен жүзеге асатыны белгілі. Сондықтан Нұрлыхан Тұрсынбайұлы болашақта мал дәрігері болуды қалады.
1986 жылы Құлан зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумына күндізгі бөлімге оқуға түсіп, армандаған белесін бағындырғандай болды. Арасында екі жыл әскери борышын өтеп қайтқанын қоса есептегенде, дипломын 1992 жылы қолына алды. Сол жылы «Алғабас» кеңшарының ірі қара мал фермасында мал дәрігері болып қызметіне кірісіп те кетті. Кейіннен кеңшар тарап, ауылдық округ құрылды. Бірақ құрылым өзгергенмен, мал дәрігердің жұмысы өзгермейді.
Әуелі «Есім би» шаруа қожалығында мал отарларының амандығына жауапты маман ретінде тер төксе, арада бірер жыл өткенде аталған округтің мал дәрігері атанды. Қай кезде де иығында қобдишасы, емдеуге қатысты құрал-сайманын арқалап жүгіріп жүргені. Округте қазіргі таңда 75 мың қой бар. Жылқы, сиыр малдарынан да жыл сайын өсім байқалады. Ол жетістікте малдарды уақытылы және сапалы емдеп жүрген Елубаевтың үлесі бар. Осы орайда оның өзінің саласы бойынша алған марапаттары да жетерлік.
– Ауылдық округ бойынша 13 мал дәрігер бармыз. Жұмысымыз қашанда қарбалас. Біз уақытпен ешқашан санаспаймыз. Мал иелері түннің ортасында телефон шалса да, баруға уақыт табамыз. Малдың амандығы қымбат. Пышаққа ілінсе, бір мал ғана ілігеді ғой деп жеңіл-желпі қарауға болмайды. Біз сол малдардың амандығына үлес қосу үшін төрт жыл бойы арнайы білім алдық. Мал иелеріне көмектеспеуге құқымыз жоқ. Оны өзге әріптестерім де жақсы сезінеді. Малды емдеудің түрлі тәсілдері бар. Оны қазіргі жаңашыл талаптарға бейімдеп дамытып отыру қажет. Қалай дегенде де 75 мың қойды жыл он екі ай емдеу оңай шаруа емес, – дейді ол.
–Жарлысу ауылында да мал саны жыл сайын өсіп келеді. Тұяқты малдан кінәрат тапсақ, мал дәрігер Нұрлыхан Елубаевты шақырамыз. Үнемі малымыздың ауруын дәл тауып, қарсы екпелер салып, емдеп береді. Малдың жайын терең біледі. Қолы жеңіл мал маманына тұрғындар риза, – дейді ауыл ақсақалы Серік Жүндібаев.
Бір айта кетерлігі, Нұрлыхан осы күндері 90 жасқа жақындаған әкесі Тұрсынбай қарияның бар жағдайын жасап, қабағына қарап отыр. Ақсақалдың да ұрпақтарына және ауыл халқына айтатыны тек алғыс. Нұрлыхан асыл жары Құралай екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Елдің берген батасының қабыл болғаны болар, бір баласы Айтбек Тұрсынбай республикаға белгілі айтыс ақыны.
Еңбек адамының қарапайым отбасы берекенің алтын нұрына оранып тұрғанын байқадық. Адал еңбек қашанда абырой биігіне шығарады. Еңбек адамының сәтті қадамдары бізге осыны ұқтырғандай.
Есет ДОСАЛЫ
Т. Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Бірқатар дәрілік заттардың бағалары 50-ден 300 пайызға дейін төмендеді
- 4 желтоқсан, 2025
Көкбастауда «Этно ауыл» кешені ашылды
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




