Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңестің басты функциясы – партия сайлауалды бағдарламасының Жол картасында белгіленген міндеттерді табысты іске асыру.
– Мемлекеттік жастар саясаты мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіруге ықпал ету және жастарға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың іске асырылу тиімділігіне талдау жүргізу өзекті мәселе. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы жарияланды. Бұл құжат билік органдары, бизнес және қоғам үшін маңызды бағдар. Президент еліміздің алдағы үш жылда жедел инновациялық дамуын нақтылап берді. Экономиканың барлық саласында жаңа технологиялық өрлеу болу үшін жаппай цифрлық мемлекетке айналуымыз қажет. Жасанды интеллект саласын жетілдіру, әлеуметтік осал топтарды, жастарды және көпбалалы отбасыларды қолдауға ерекше назар аударылды. Президент әділ еңбекақы жүйесін қалыптастырудың және азаматтардың табысын өсірудің маңыздылығын атап өтті, – деді Талғат Әбдімүтәліпұлы.
Бұдан соң жастар арасындағы наркотизмге, нашақорлыққа және есірткі құралдарының таралуы мен заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл шаралары жайында ПД ЕҚҚІБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қанат Белгібаев баяндады. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 8 айында 361 есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 32 дерекке артық екен.
– Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз айналымнан 4 тонна 746 килограмм түрлі есірткі заттар тәркіленді. Жыл басынан бастап «Шу алқабынан» есірткі заттарының шығарылуына жол бермеу мақсатында Қарағанды, Алматы және Түркістан облыстары бағыттарында полиция қызметкерлерінен мобильді топтар құрылған. Жұмыс нәтижесінде «Шу алқабынан» республика өңірлеріне шығарылмақ болған 14 есірткі тасымалдау арнасы анықталып, 230 килограмнан астам кептірілген марихуана және 130 килограмм гашиш тәркіленді, 15 адам ұсталды. Сонымен қатар синтетикалық есірткі түрлерінің таралуын болдырмау мақсатында алдын алу жұмыстары күшейтілді. «Кибербақылау» ақпараттық жүйесі арқылы 2458 сайт бұғатталды. «Антифрод» ақпараттық жүйесіне 1604 банк шоты бұғаттауға енгізілді, 50 миллионнан астам теңге бұғатталды. 225-тен астам граффити-жазулар өшірілді, – деді Қанат Шыңғысбекұлы.
Жиында талқыланған тағы бір мәселе – «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасының өңірде іске асырылуы туралы. Алайда жастарға серпін берер «Серпіннің» күйі болмай тұрған секілді. Биыл 11-ші рет жүзеге асырылғалы отырған жобаға жамбылдық жастардың қызығушылығы баяу екен. Мысалы, 2021 жылы 128 жас ынта танытса, биыл 41 ғана түлек қызығушылық білдірген.
Бұл жайында облыс әкімдігі білім басқармасы Техникалық және кәсіптік білім беру орталығы басшысының міндетін атқарушы Асима Пернебаева хабарлама жасады. Сондай-ақ жастардың баспаналы болуы да өзекті мәселеге айналғалы қашан?! «Әулиеата жастары» пилоттық жобасынан үміттенген жастардың қатары да артып келеді.
– 2022 жылдан бастап өңірде республика бойынша 2-ші болып пилоттық жоба негізінде облыс жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Сол жылы бағдарламаға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 500 миллион теңге бөлініп, 41 жас баспанамен қамтылды. Сондай-ақ 2023 жылы аталған бағдарлама аясында баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында жалпы 2 миллиард теңге қаражат бөлініп, 144 жас баспана алды. Ал 2024 жылы жобамен 2 миллиард теңгеге 140 жасты баспанамен қамту жоспарланып, бағдарлама аясында 479 өтінім қабылданып, бүгінгі күні 140 жас өз баспаналарына қол жеткізді. Яғни, үш жыл ішінде аталған бағдарлама аясында облыс көлемінде 325 жас баспаналы болды. «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы ағымдағы жылы да өз жалғасын табады деп жоспарлануда. Биыл жобамен 1 миллиард 250 миллион теңгеге 90-ға жуық жасты баспанамен қамту жоспарлануда. Жыл басында жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінсе, 250 миллион теңге бөлу мәселесі «Отбасы банк» АҚ тарапынан күтілуде. «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасына Жамбыл облысында соңғы 3 жылда тұрақты тіркеуде тұрған, жасы 35-жасқа дейінгі және соңғы 5 жылда өзінің және жұбайының атында тұрғын үй тіркелмеген жастар қатыса алады. Салалар бойынша шектеу болмайды, жастардың барлығына бірдей мүмкіндік беріледі, – дейді облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Құралай Өскембаева.
Кеңес мүшелері баяндамашыларға сауалдар қойып, кеңесті партия облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Уалихан Болатбек қорытындылады.
Ерман ӘБДИЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
«Ауыл аманаты» жобасының арқасында мал басы көбейді
- 2 желтоқсан, 2025
Инвестиция тарту бойынша облыс республикада үздік үштікке кіреді
- 2 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




