Жамбыл облысы – агросаланың дамуына өте тиімді аймақ. Бұған дейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халыққа арнаған кезекті Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту, аграрлық ғылымды дамыту және жаңа технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өткен болатын. Осы орайда Таразда өтетін сессия еліміздегі аграрлық ғылымды жаңа деңгейге көтеруге, ауыл шаруашылығы өндірісін тиімді ұйымдастыруға және ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуге бағытталды.
Сессия жұмысын ашқан ҚР Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының президенті, академик Тілектес Есполов еліміздің жетекші ғалымдары бас қосқан осындай ауқымды жиынның көне шаһар Тараз төрінде өтуіне қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғысын жеткізді. Сондай-ақ Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің негізін қалаған, бірінші ректор, құрылтайшысы, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықовқа да алғысын білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауында «Еліміздің аграрлық саласына мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлінуде, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалады. Қажетті несиелер уақытында беріледі. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған. Бірақ агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық», – деді.
Сондай-ақ академик жердің стратегиялық ресурстарының игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керектігін де атап өтті. Бүгінде БҰҰ деректері бойынша дүние жүзінде 2 миллиард гектардан астам жер қазірдің өзінде деградацияға ұшыраған. Қазақстан осы процесте осал елдің бірі болып табылады.
Еліміздің аумақтың 60 пайызға жуығы әртүрлі дәрежеде шөлейттенуде. Бұл әсіресе климаттық факторлар, су тапшылығы және топырақ құнарлығының азаюы Жамбыл облысында өткір байқалады. Алайда соңғы жылдары Жамбыл облысы өзінің даму қарқыны бойынша республика деңгейінде алдыңғы қатарда болып, көптеген жобаларды, бастамаларды іске асырып ел экономикасына елеулі үлес қосуда.
Бүгінде өңірдің инфрақұрылымы мен экономикасы жыл сайын арту үстінде. 2024 жылы облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі қолданыстағы бағамен 3,2 триллион теңгені құраған. Аймақтағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 534 миллиард теңгеге жеткен. Ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 473 миллиард теңгені құрайды. Ал өңірде 627 мың гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егіледі.
Айта кету керек, аймақта мал шаруашылығы да жақсы дамыған. 29 мың бас ірі қара, 3,0 миллион бас қой мен ешкі, 174 мың бас жылқы, 2,0 миллионға жуық құс бар. Өңірде жалпы жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны 12181 бірлікті құраса, оның ішінде шағын кәсіпорындар – 11774. Жалпы, облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындар саны 12229 екен. Сондықтан жиында ауыл шаруашылығының дамуы тікелей ғылыми ізденістер мен ғылыми негізделген технологияларды енгізу дәрежесіне тікелей байланысты екені талқыланады.
Мемлекет басшысы Жолдауында:
«Өркениетті әрі озық елдің заңы – әділ, билігі – білікті, ал азаматтары саналы және белсенді болары хақ», – деді.
Біз мемлекет деңгейінде қабылданған әрбір шешімнің мән-маңызы, ең алдымен халықтың тұрмысын жақсарту, экономиканы тұрақтандырып, әлеуметтік әділдік орнатуға бағытталғандығын қолдаймыз, – деді Тілектес Исабайұлы.
Бұдан кейін сөз алған Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Жамбыл өңірінің аграрлық әлеуеті жоғары екендігін тілге тиек етіп, бүгінгі жиын осы саладағы мәселелерді ғылыми ортаның қатысуымен шешу жолдарын ұсынатындығына сенім білдіріп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Сондайақ Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков:
«Қазақстан Халқына арналған «Жасанды интелект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» Жолдауында Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев аграрлық ғылымды дамыту, ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу, арнайы Агрохаб құру мәселесіне ерекше назар аударды. Ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, мемлекетіміз егемендік алғалы бері 34 жылдың ішінде осы мәселе толық шешілген жоқ. Мысалы, Жамбыл облысында әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарларының ішінде 9 түрінен – 100 пайызға, 8 түрінен – 50 пайызға облыс өзі қамтамасыз ете алады, ал 2 түрі басқа аймақтардан әкелінеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл жерде екі мәселені нақты шешу қажет. Сондықтан осы мәселені түбегейлі шешу үшін екі басымдыққа назар аударамыз. Біріншіден, ауыл шаруашылығына бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау. Екіншіден, аграрлық ғылымды дамытып, ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу. Цифрландыру және жасанды интеллект даму заманында еңбек нарығындағы мамандықтар тез ескіреді. Бүгінгі мамандықтар 5-10 жылдан кейін қажеттігін жоғалту мүмкін. Себебі адамның орнына жасанды интеллект келеді. Мысалы, ауыл шаруашылығында келесі жаңа мамандықтар пайда болады: экотехнолог, цифрлық агроном, агродрон операторы, агроном-робототехник, биофермер, агроклиматолог, ауыл шаруашылығы стартап менеджері, генетик-селекционер, агроэкотуризм маманы, топырақ микробиологы, органикалық өнім маманы, агромаркетолог. Университеттер оқу бағдарламаларын осы мамандарды даярлауға бейімдеу керек», – деді өз сөзінде.
Алқалы жиында сала мамандарының ауыл шаруашылығындағы жаңа ғылыми бағыттар, ғылыми-зерттеулерді коммерцияландыру, су үнемдеу технологиялары, кооперация, карбонды егіншілік, цифрландыру және экспорттық әлеуетті арттыру мәселелері бойынша баяндамалары тыңдалып, өңірлік шаруашылық өкілдерінің тәжірибелері мен ұсыныстары қамтылды.
Өңірде топырақ жамылғысының төзімділігі қандай?
Жамбыл облысының топырақ жамылғысының қазіргі жағдайы ғалымдарды да толғандырып отыр екен. Мысалы, Қазақстан өзінің аумағы мен табиғи-ресурстық әлеуетінің әртүрлілігі бойынша әлемдегі ең ірі мемлекеттердің бірі. Ғалымдардың топшылауынша, еліміздің топырақ жамылғысы өзге елдердің топырақтарынан антропогендік жүктемелерге төзімділігінің төмендігімен ерекшеленеді және деградацияға, шөлейттену процесіне бейім екен. Территорияның жалпы ауданы – 272,5 миллион гектар, оның ішінде ауыл шаруашылық жерлері – 213,6 миллион гектар, ауыл шаруашылығы мақсатындағысы 110,9 миллион гектарды құрайды.
– Қант қызылшасының өнімін есепке алу нәтижелері бороздкалы және тамшылатып суару әдістерінде де суару жолағының (300 м) басында және ортасында өнімділіктің төмендегені, ал ең жоғары өнім соңғы бөлігінде алынғанын көрсетті. Бұл құбылыс ирригациялық эрозияның әлсіз белгілері кезінде су ағынымен бірге топырақтың ұсақ фракциялары шайылып кетеді, ал бұл фракциялар құрамында топырақ органикасы мен қоректік элементтер шоғырланғандығын көрсетеді. Су ағыны соңында бәсеңдеп, ылғал біркелкі таралады, бұл түбір жемістердің жақсы дамуына және қант қызылшасының өнімділігінің артуына ықпал етеді. Тағы бір айта кететін жай, фосфор зауыты шығарындылары топыраққа экологиялық әсер етеді. Жамбыл облысы топырақтарындағы жылжымалы мырыштың (Zn), мыстың (Cu) және кадмийдің (Cd) кеңістіктік таралуы бар. Ауыр металдарды ауыл шаруашылығы алқаптарының топырақтарын экологиялық-токсикологиялық бағалау бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 0,83 пайызы I қауіптілік класындағы және 4,83 пайызы – ІІ қауіптілік класымен ластанғанын көрсетті, – деді «Жамбыл облысының топырақ жамылғысының қазіргі жағдайы және оны тиімді пайдалану» тақырыбында баяндама жасаған Ө.Оспанов атындағы Қазақ ғылыми-зерттеу топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының ғылым жөніндегі директордың орынбасары Самат Тәңірбергенов.
Ветеринариялық қызмет: сын-қатердің алдын алу
Бүгінде Қазақстан экономикасы аграрлық секторға, әсіресе мал шаруашылығына айрықша тәуелді. Осы тұрғыда ветеринариялық қызмет стратегиялық маңызы бар міндет атқарады. Қазақстанның ветеринариялық қызметі – бұл тек жануарлар денсаулығын қорғау емес. Бұл – өндіріс тиімділігін, экспортты, азық-түлік қауіпсіздігін және ауылдың дамуын қамтамасыз ететін қуатты экономикалық құрал.
Конференцияда «Ауыл шаруашылығы жануарларының инфекциялық ауруларын алдын алу және диагностикалаудың тиімді шаралары» тақырыбында баяндама жасаған Қазақ ветеринарлық ғылыми-зерттеу институтының эпизоотология бөлімінің бас ғылыми қызметкері Әспет Әбутәліп ғылым мен тәжірибені ұштастыру – аграрлық сектордың әрі бүкіл елдің тұрақты экономикалық өсуінің кепілі екендігін тілге тиек етті.
– Ветеринариялық есеп пен зерттеулер деректеріне сәйкес, ел аумағында 60-тан астам жануарлардың жұқпалы ауруы анықталған. Олардың ішінде жиі кездесетіндері, топалаң (сібір жарасы), эмкар, бруцеллез, құтыру, туберкулез, лептоспироз, листериоз, пастереллез, колибактериоз, сальмонеллез, хламидиоз және басқалары. Бруцеллез бойынша ірі қара мен ұсақ малдың жарты аумағы қолайсыз аймақ болып саналады. Құтыру – үй және қаңғыбас иттер мен мысықтарда, сондай-ақ жабайы жануарларда ерекше өзекті. Сібір жарасы соңғы жылдары жиілеп келеді. Африкалық шошқа обасы Ресейдің шекаралас өңірлеріндегі індеттерге байланысты қауіп аймағында тұр, вирустың тауарлар, көлік және жануарларды заңсыз тасымалдау арқылы енуі мүмкін. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2025 жылдың басынан бері Қазақстанда ауыл шаруашылығы жануарларының аурушаңдығы 68,1 пайызға төмендеді. Бұл ең алдымен бруцеллез, құтыру, эмкар және сібір жарасы жағдайларының азаюымен байланысты. Жүйелі профилактикалық жұмыстар мен ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғыртудың арқасында соңғы үш жылда жануарлар аурушаңдығы 49,1 пайызға қысқарды. Мемлекеттік профилактика және диагностика бағдарламасы аясында 2025 жылы ауыл шаруашылығы жануарларының 22 жұқпалы ауруына қарсы вакциналар сатып алынады. Оның ішінде отандық вакциналардың үлесі – 74,4 пайыз. Сонымен қатар диагностикалық құралдарға тәуелділікті азайту шаралары қабылдануда. Оған қажетті 32 түрдің 14-і Қазақстанда өндірілсе, тағы 12-сі тіркеу сатысында. Мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті де өсіп келеді: Қытай, ЕО, Грузия және Иранмен жаңа ветеринариялық келісімдер жасалды. Түркия, Ауғанстан, Пәкістан және басқа елдермен талаптарды келісу жұмысы жүргізілуде. Зертханалық базаны нығайту үшін 2024 жылы 3,8 миллиард теңгеге тоғыз жоғары тиімді сұйықтықты хроматограф сатып алынды. Тағы 7,2 миллиард теңге зертханаларды одан әрі қайта жабдықтауға бағытталады. Бұған қоса, Қытай Үкіметінің қолдауымен Шығыс Қазақстан облысында Қытайға экспортқа бағытталған азық-түлік қауіпсіздігі зертханасы құрылуда. Ал Жамбыл облысының ветеринария басқармасының мәлімдеуінше, облыстағы эпизоотиялық ахуал қолайлы. Биыл облыста 40 заманауи ветеринариялық пункт пен емдеу алаңын салу жоспарланған, оның 14-інің құрылысы қазірдің өзінде басталды. Сондайақ биологиялық қалдықтарды жоюға арналған биотермиялық шұңқырлар салынып жатыр екен. Қазір жоспарланған 25 нысанның 13-і бой көтеруде. Облыс аумағында аса қауіпті жануарлар ауруларына қарсы 16,5 миллион вакцинация жүргізу және бруцеллезге 5,6 миллион қан сынамасын алу көзделген. Идентификациялау жұмыстары аясында шамамен 1,4 миллион бас малды дерекқорға енгізу жоспарланған, олардың 210 мыңнан астамы қазірдің өзінде тіркелген. Сонымен қатар 173 мыңнан астам жылқыға чип салыныпты. Дегенмен, облыс аумағында жекелеген жануарлар аурулары әлі де кездеседі. 2024 жылы облыс прокуратурасы сібір жарасымен ауырған малдың етін сату фактілерін анықтады. Жағдайды жақсартуға қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, топалаң бойынша көрсеткіштер қанағаттанарлықсыз деп бағаланды. Прокуратура жануарларды есепке алу, алдын алу және қауіпті ауру ошақтарын жою ісінде бірқатар бұзушылықтарды анықтады. Облыста жануарлардың кейбір гельминтоздары кездеседі. Жайылым маңында немесе соның жанында «беймәлім аурудан» малдың жаппай қырылуы туралы хабарламалар бар. Фермерлер малдың қызуы көтерілуін, жем-шөп пен судан бас тартуын, әлсіздігін және тез қырылуын атап өтуде. Қазіргі уақытта ветеринарлар себебін анықтап жатыр. Осыған орай, Қазақстанда ветеринария мәселелері бойынша ғылыми зерттеулерді Қазақ ветеринариялық ғылыми-зерттеу институты, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары институты, сондай-ақ ветеринариялық жоғары оқу орындарының ғалымдары мен жеке ғылымиөндірістік зертханалар жүргізіп келеді, – деді Әспен Мәсімжанұлы.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амалтәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді» деп ерекше атап өтті. Онда агроғылымды дамыту және ең бастысы оны ауыл шаруашылығында практика жүзінде қолдану жөнінде тапсырмалар берілді. Сарапшыларының пікірінше, Қазақстан ауыл шаруашылығы алқаптарының үлкен аумақтарына, орасан зор табиғи ресурстарға ие бола отырып, өзін-өзі қамтамасыз ететін мемлекет қана емес, сонымен қатар әлемдік ауыл шаруашылығы өнімдері мен экологиялық таза азық-түлік өнімдерінің өндірісіндегі маңызды «ойыншы» бола алады. Соңғы 10 жылда ғалымдардың ғылыми зерттеулерінің арқасында Қазақстанда селекцияда, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы технологиясында үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Бұл жұмыстар жалғасын табады, – деді алқалы жиынды қорытындылаған академик Тілектес Есполов.
Шараға қатысушылар осы күні Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Агробиологиялық, Ветеринария және мал шаруашылығы орталықтарына, Аквафермаға барып, университеттің ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен танысты.
Ерман ӘБДИЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Бірқатар дәрілік заттардың бағалары 50-ден 300 пайызға дейін төмендеді
- 4 желтоқсан, 2025
Көкбастауда «Этно ауыл» кешені ашылды
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




