«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Шер» жинағы шекарашыларға таныстырылды

«Шер» жинағы шекарашыларға таныстырылды
Автор
Жақында облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының қолдауымен өңірде алғаш рет прозашылар жинағы жарық көрген болатын. «Шер» деп аталған жинақта 8 автордың түрлі тақырыптардағы көркем шығармалары жинақталған. Онда балаларға арналған шағын әңгімелермен қатар, тарихи және әлеуметтік мәселелерге құрылған көркем туындылар бар. Жаңа жинақ шекарашылар арасында да таныстырылып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасында қаламгерлермен кездесу ұйымдастырылды.

Әдеби әңгіме өрбіген басқосуды Шекара басқармасының тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімінің бастығы Данияр Сарымсақов ашып берді. Әдеби-танымдық кешті жүргізген Шекара басқармасының тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімінің аға офицері, майор Алтынбек Манарбекұлы тілдің қоғамдағы маңызы, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен болашағы жайлы ой қозғады.

Аталған шекара басқармасының кітапхана меңгерушісі Камила Абсеметова ана тіліміз көркем сөзге бай тіл екенін айтып, әдеби кітаптарға шолу жасады. Ал кеш қонақт ары – қаламгер, журналистер Қамар Қарасаева мен Эльмира Байназарова «Шер» прозалық жинақтағы туындыларға талдау жасап, кеңінен таныстырды. Тараз қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ерлан Нұрланов тіл туралы өз ойын жеткізе келіп, Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романынан үзіндіні жатқа мәнерлеп оқып берді.

Кеш барысында айтылған ойлар қатысушылардың жүрегіне отансүйгіштік рух сыйлағаны қызу пікірталастан байқалды. Ортада талқыланған тағылымды пікірлер Ана тілге деген құрметті аңғартты, шекарашылардың кітап оқуға деген қызығушылығы жоғары екенін байқатты.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар