Театр басшысы өзі қызметке келген 8 ай ішіндегі жетістіктерді кеңінен қамтып айтып берді. Жаңа әсерлі қойылымдардың ықпалымен театр көрермендері көбейгені де, актерлік құрамның сапасы арта түскені де айтылды. Қазір театрда тұрақты режиссер жоқ. Облыс басшылығымен режиссер мен талантты актерлерге пәтер беру мәселесі де қарастырылып жатқанынан БАҚ өкілдері хабардар болды. Бұл театрға академиялық атақ беру 13 жылдан бері қозғалып келеді. Бұйырса сол қуанышты күннің келетін сәті де алыс емес секілді.
Жақында облысымызға жұмыс сапарымен келген Мәдениет және ақпарат министрі біздің драма театрға академиялық атақ берілгеніне қарсы емес екенін айтыпты. А.Тәжиев журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға лайықты жауап берді. Мұнан соң театрдың алдында 90- маусымның ашылу салтанатына арналған жиын өтіп, облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай сөз сөйлеп, театр ұжымын тоқсан жылдық торқалы тойымен құттықтады.
«Бұл театрда Шәріпбай Сәкиев, Мұхамедғали Табанов, Алтын Ружова бастаған алдыңғы толқындар керемет шеберліктерін көрсетіп, еңбек етті. Қазіргі театр актерлері де сапалы. Соңғы 3 жыл ішінде 20-ға жуық жас актерлер театрға қабылданды. 90-жылдық құтты болсын. Бұл той әйгілі режиссер Асқар Тоқпановтың 110 жылдығымен қатар келіп тұр. Осы екі мерейтойға орай республикалық театр фестивалі өтеді. Барлық жұмыстарға сәттілік тілеймін», – деді ол.
Іс-шарада алдыңғы толқын аға-әпкелердің ерен еңбектері айтылды. Тіпті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрсифат Салықова, Халық артисі Мәкен Рахымжанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Асқарбек Сейілхан, Әбиірбек Тінәлі, Майра Әлімбетова, Жүніс Әлімбеков бастаған алдыңғы буын ардагерлері арнайы төселген қызыл кілеммен жүріп өтті. Мұнан соң театр қонақтары мен көрермендері ішке кіріп, «Қош, махаббат» драмасын тамашалады. Премьераға көрермен көп жиналды.
Бұл маусымашар қойылымның ерекшелігі – негізінен кейінгі 3 жыл аралығында келген жас актерлер мен актрисалар өнер көрсетті. Қойылым жалындаған жастардың мектеп бітіру кешімен ашылып, жоғары оқу орындарына емтихан тапсырған сәттерімен жалғасын тапты. Міне, жастар үшін ең маңызды осы емтиханның қорытындысын білуге барған Бағдат (Бауыржан Құлмамыр) пен Бану (Аружан Райымбек) танысып қалады. Міне, Бағдаттың жүрегіде махаббат оты осы кезден бастап алаулайды. Бағы жанған білімді жастар студент атанып, жатақханаға орналасады. Олардың қақ ортасында Бағдат пен Бану. 1-курс студенттерінің танысу кешіне 4-курстың «бұзық» жігіттері келіп, отырыстың біраз шырқын бұзады. Әсіресе «ағалардың атаманы» киіп жарып, Бануды рұқсатсыз биге шақырып, оған еркінен тыс әмірін жүргізбек болады. Бану сытылып шығып, артқа шегініп кетеді.
Осы сәтте Бағдат араша түседі. Атаманға оның әлі де келмейтіні анық. Бірақ, қыз намысы таразыға түскенде қарап қала алмайды. Атаман Бағдатты соққыға жығып кетеді. Бағдат есін жоғалтып құлап қалған кезде оның қасында Бану ғана қалады. «Бағдат, Бағдат, саған не болды» деп шыр-шыр етіп жүгіріп жүрген де Бану. Бағдат есін жиғанда қыз оған алғыс айтуды ұмытпайды. «Менің намысымды қорғап қалғаның үшін, рақмет!», – дейді Бану батыл жігіт Бағдатқа.
Міне, осы сәттен екеуінің арасында махаббат оты лаулайды. Оларға Бағдаттың досы Айбар (Қасым Келесбек) тілеулес. Айбар – ақын, Бағдат – композитор. Біреу өлеңін, біреуі музыкасын жазып, бірнеше жаңа ән өмірге келеді. Бағдат жазған сол жаңа әндердің көпшілігі Бануға арналады. Айбар ақын – Мұқағали Мақатаевтың жас күнгі бейнесі. Олар институтта 5 жыл оқыды.
Бағдат пен Бану махаббатына 5 жыл адал болады. Әттең! Диплом алар сәтте кейбір мәселелер туындайды. Ол түйіндер сахнадағы перделердің түйіліп тұруы арқылы көрініс береді. Бағдат өнерін шыңдау үшін үлкен қалада қалғысы келеді. Ал Бану бір үйдің тәрбиелі жалғыз қызы. Ол ауылға, ата-анасының қасына қайтуы керек. Ақыры, Бағдатты жүрегі қимаса да бір жыл ата-анасының қасында болып келуге сүйген жігітінен рұқсат сұрайды. Бағдаттың да бұл шешімге жүрегі ауырып, ұзақ ойланады, толғанады. Қыз қайта-қайта өтініп қоймаған соң, көңілін қимай рұқсатын береді.
Сол бір жыл бәрін шешеді. Бағдаттың замандасы Асан да (Бексұлтан Әлекешов) Банудың ауылынан. Сол Асан Банудың қыр соңынан қалмайды. Оған Асанның нағашы әпкесі Сәлима (Гауһар Сұлтанбекова) да ықпал етеді. Асанды екі махаббаттың ортасына қайрап салады. Арада жыл өткенде... Не болады деңіз... Айбар студент қыздың бірі Айшамен (Малика Алтынбекова) қосылған. Бағдат арада жыл өткенде Айбар мен Айшаға кездесіп, сағынып көріседі. Осы сәтте әлгі жерге Бану да келеді. Бірақ, бәрі өзгерген, аяғы ауыр.
Жылап Бағдаттан кешірім сұрайды. Бұл жерден Банудың махаббаты әлі де өшпегенін байқауға болады. Ал Асан ше? Асан осы сәтте аяғы ауыр Бануды аялап, көтеріп алып кетеді. Махаббатын «жерлегенмен» Бану қадірін білетін жігітке жар болып, жақсы отбасының өнегелі келіні атанады. Ол тек сыртқы формамен ғана. Банудың ішкі әлемі Бағдатпен бірге. Актерлер сендіре ойнағандықтан, біз осыған иландық. Ал Бағдат! Бағдаттың ендігі серігі – музыка, пианино. Жаңа махаббат туралы әндер. Ол әндердің барлығы мәңгілік махаббаты Бануға арналған.
Қойылым осылай мәресіне жетті. Көрермен тамаша әсер алды. Ұзақ қол шапалақтап жас актер мен актрисаларға құрмет көрсетті. Театрға талантты жастар шоғыры келгеніне көзіміз жетті. Сол жақсы үрдіс ұзағынан болғай!
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Әжелер ансамблі шын таланттың жарыққа шығатынына көз жеткізді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




