«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аймақта қант диабеті мен туберкулез аурулары азайып келеді

Аймақта қант диабеті мен туберкулез аурулары азайып келеді
Автор
Басты байлық – денсаулықты қорғау әрдайым өзекті. Халықтың денсаулығын қорғау, сырқаттанушылық деңгейін төмендету мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар аз емес. Облыстың денсаулық сақтау саласы халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытындағы нәтижелі жұмыстарды жалғастырып келеді. Биылғы 31 шілдедегі деректерге сәйкес, облыс халқының саны 1220041 адамды құрады. Оның ішінде 537489-ы – қала тұрғындары, ал ондағы 438188 адам тараздықтар болса, 682552-сі – ауыл тұрғындары. Облыста мемлекеттік секторда 37 заңды ұйым жұмыс істейді, оның ішінде екеуі мемлекеттік мекемелер, тағы екеуі шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар. Медициналық көмектің деңгейлері бойынша 19 облыстық, 7 қалалық, 11 аудандық ұйым бар.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің айтуынша, өңірдегі дәрігерлердің саны 3458 адамға жеткен, оның ішінде 2601-і мемлекеттік секторда еңбек етеді.

– Биылғы 23 шілдедегі жағдайға сәйкес, Отбасының цифрлық картасының және «Бекітілген халық тіркелімі» ақпараттық жүйесінің деректері бойынша облыс халқы 1173791-ді құрады, оның ішінде сақтандырылған тұлғалар саны 943670, яғни 80,4 пайыз, сақтандырылмаған тұлғалар 230121, яғни 19,6 пайызды құрап отыр. Сақтандырылмаған халықтың, Отбасының цифрлық картасына сәйкес, әлауқатының деңгейі бойынша А, яғни жақсы санатында – 9139, В (қанағаттанарлық) – 73731, С (төмен) – 76699, D (дағдарыс) – 55081 және E (мүшкіл) 15 471 тұлға анықталған. Облыс бойынша сақтандырылмаған халықтың портретіне келетін болсақ, сақтандырылмаған 230121 тұлғаның 92048-і жұмыскерлер, 18992-сі азаматтық құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алушылар, 46901-і бұрын бірыңғай жиынтық төлем төлеушісі болған, 20646-сы жеке кәсіпкерлер, 10116-сы дербес төлеушілер, 1998-і басқа санаттарға кірмегендер және 30518-і соңғы 12 айда МӘМС төлемдері түспеген тұлғалар. Қазіргі таңда, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі есебінен базалық мемлекеттік медициналық көмектің осы көрсетілетін қызметтер пакетінің орнын толтыра отырып, бюджеттің мүмкіндіктері мен міндеттемелері тұрғысынан теңдестірілген бірыңғай пакетін қалыптастыру бойынша біршама жұмыстар атқарылуда. Медициналық көмектің бірыңғай пакеті неғұрлым кең таралған аурулар бойынша көрсетілетін қызметтердің базалық медициналық көмегін кепілді қамтамасыз етуге, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті арасындағы қайталануды болдырмауға бағытталған. Бір пакеттік қаржыландыру пациенттер үшін де, дәрігерлер үшін де медициналық қызметтер тізбесінің айқын шекаралары мен ашықтығын қамтамасыз етіп, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміндегі медициналықсанитариялық алғашқы көмектің базалық пакеті сақтандыру мәртебесіне қарамастан науқас медициналық ұйымға жүгінген кезде медициналық көмек ала алады. Осы орайда, Жамбыл облысы бойынша сақтандырылмаған тұлғалар санын азайту мақсатында, облыс аумағындағы қалалық емханалар мен аудандық ауруханалардың медициналық қызметкерлері және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметкерлерімен құралған жұмысшы топтың шығуы жүзеге асуда. Жұмысшы топтың негізгі мақсаты – медициналық сақтандыру мәселелерін шешу бойынша халықты толыққанды ақпараттандыру, – дейді Сержан Сәрсенбекұлы.

Басқарма басшысының сөзінше, азаматтарға медициналық қызметтерді қолжетімді және сапалы түрде ұсынуды қамтамасыз ету және бюджеттік мүмкіндіктер мен міндеттемелерді ескере отырып, жергілікті бюджет есебінен азаматтардың әлеуметтік осал санаттарының, яғни D және E санаттарындағылардың МӘМС жүйесіне қатысуын қамтамасыз ету жоспарланған.

Базалық мемлекеттік медициналық көмек көрсететін қызметтер пакетінің орнын толтырып, тиімді әрі теңдестірілген бірыңғай медициналық қызметтер пакетін қалыптастыру мақсатында уақытша қиындықтарға тап болған, табыссыз қалған азаматтар үшін жеңілдікті кезеңді ұлғайту нормасы енгізілді. Енді бес жыл ішінде өз бетінше және үзіліссіз жарна төлейтін азаматтар уақытша төлемдер болмаған жағдайда да алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алады. Бұрын бұл мерзім үш ай болатын.

– Сақтандырылмаған тұлғалар санын азайту мақсатында облыс аумағында орналасқан емханалар тарапынан тұрғындар арасында сақтандыру мәселелерін шешу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өз жалғасын таба бермек. Дегенмен, тұрғындар тарапынан Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шiлдедегi № 360-VI ҚРЗ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 135 бабына сәйкес, өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға шаралар қолдануға міндетті екенін еске саламыз. Сондай-ақ, толыққанды медициналық көмек алу үшін, сақтандыру мәселелерін қолға алу керегін баса айтқым келеді, – дейді басқарма басшысы Сержан Сәрсенбекұлы.

Айта кетейік, облыста дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өскен. Мемлекеттік ұйымдардағы дәрігерлердің санаттылығы 29,6 пайызды құрайды, олардың 16,8 пайызы жоғары біліктілік санатына ие. Ал орта медицина қызметкерлерінің санаттылығы 32 пайызға жеткен, бұл өткен жылғы көрсеткіштен жоғары. Алайда, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі және Шу аудандарында орта медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету деңгейі әлі де төмен. Өткен жылы облыстағы өмір сүрудің күтілетін ұзақтығы 75,53 жасты құраған. Бұл республикалық орташа деңгейден жоғары.

Әлеуметтік маңызы бар аурулардың ішінде туберкулезбен сырқаттанушылықтың және қант диабетінің өткен жылмен салыстырғанда төмендеуі байқалған.

 

Серік ЖЕТІБАЕВ

облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері,

Тараз қалалық мәслихат депутаты.

Ұқсас жаңалықтар