«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Архив – қаза берсең, қазынаға қарық қылатын қамба»

«Архив – қаза берсең, қазынаға қарық қылатын қамба»
Автор
Халқының бақыты үшін аянбай еңбек етіп, ел басына күн туса, жанын сала ерлік көрсеткен тұлғалар қазақта аз емес. Әсіресе, Бауыржан Момышұлының қайсарлығы – қайталанбас болмыс. Осындай тұлғалардың өмірі мен еңбектері туралы дәлелді мәліметтер – кейінгі ұрпаққа бағыт берер өнеге. Жас толқынға үлгі болып, танылу үшін Абай Құнанбайұлы, Батыр Бауыржанның, ақын Төлеген Айбергеновтың және тағы да Алаш ардақтыларының өмір дерегін архивтерден іздеп, жүйелеп зерттеп, ғылыми жұмыстармен айналысып жүрген Әлімбай Найзабаев бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі қызметін атқаруда. Педагогика ғылымдарының магистрі Әлімбай Аманбайұлы еңбекқорлық ізденісімен Абайдың толық шығармалар жинағында жоқ тағылымдық-тәрбиелік әрі тарихи мәні бар бір афоризмін тауып, оны жан-жақты зерттеп келесі басылымдарға енгізу мәселесін күн тәртібіне қойса, Бауыржан Момышұлының отыз томдығына енбеген бір қойын дәптерін және батырдың өз дауысымен жазылған таспаларды шаң басқан қоймалардан тауып, 31,32-ші томдарға жариялады.

Тараз өңірлік университеті «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаев «Кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар» мұрағатынан Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты 15-ке жуық материалдарды анықтады. Сол материалдардың ішінен Бауыржан Момышұлының жанды даусы жазылған 2 кинохрониканың көшірмесі алынды. Дыбыс жазбалар архивінен Жеңістің 30 жылдығына орай 1975 жылы өткен Қазақстан Жазушылар одағы пленумында жарыссөзге шығып сөйлеген аудиожазбасы жазылған. Осы табылған тың кинохроника мен аудиожазба институт оқытушылары мен студенттеріне таныстырылды.

– Батыр Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толғанына орай жарық көрген көптомдық шығармалар жинағының Мекемтас Мырзахметұлы құрастырған 31-томында батырдың қойын дәптеріндегі жазбалары берілді. «Қойын дәптер құпиялары» деп аталған І-ші бөлімінде дәлелді ғылыми еңбектерім, Батыр Баукеңнің жазбалары жарияланды. Қазақ əскери əдебиетінің негізін салушы Бауыржан Момышұлы өз кезінде Мұхтар Əуезовті «Қазақтың ұлы перзенті», «аға» деп ерекше құрметтеумен өткен. Баукең: «Мен Мұхаңның атын бала кезінен білетіндердің, шетте өскен қазақтардың біреуімін. Ол кісіні сыртынан білетінмін», – деп еске алады.

Мұхаң да Баукеңнің қазақ сарбаздарын Мəскеу үшін болған қан-қасап шайқасқа бастап кірген қолбасшылық ерлігін ел аузынан естіп, тəнті болған көрінеді. Осы жəне басқа да жайларға қатысты Баукеңнің өз естеліктерінде: «Менің даңқым Мұхаңның да құлағын еліртіпті. Ол кісі қан майданда жүргенімде маған сегіз хат жазды. Бірақ та ол хаттарын кейіннен «ұлтшыл Бауыржанның кесапатынан қорқып, менің академиядағы архивімнен өзі ұрлап алып жойды...» дейтіні де бар.

Батырдың күнделіктеріндегі мұндай деректер кімді де болсын алуан ойларға жетелейді. Біздіңше, əлгібір «жойылған» сегіз хаттың тағдырын білу, іздестіру – əдебиеттанушылардың үнемі есінде болатын іс. Ал Мұхаңның өз хатын (сегіз хатты) өзі жоюында да бір үлкен құпия сыр бар екені анық. Өмірі қыл үстінде жүрген, əртүрлі зұлматтардан, тұзақ-торлардан əупірімдеп аман қалған, басынан қара бұлт айықпағандығын да түсінуге тиіспіз. Баукең мұны əдеби өмірге араласқан соң, тіпті сол 1943 жылы Алматыға келген əскери демалысында оқыған отыз алты сағаттық лекция барысында сезген де. Баукеңе кейбір еркін ойларын ашық айтуда абай болу керектігін Мұхаң əлденеше мəрте ескертіп, сақтандырып та отырған.

Бұл жөнінде Баукеңнің өзі «...Мұхаң маған темекі тартып тұрған жерімде: «Сен еркін сөйлеп тұрсың... Бірақ та кейбір сөздеріңді кейбір кісілер теріс түсініп қалып жүрмесін», – деді» деп жазады бір естелігінде. Мұхаңның əлгіндей ескертпесінен соң Баукең аудиторияға кіріп келсе, зал жым-жырт отыр екен. «...Баяндама басталды... Ортасында бір-екі пікірді əдейі бұрмалай сөйлегенімде, отырғандардың екеуі қағазға түсіре бастады.

Мұхаң маған таңдана қарап қалды» деп сол залдағыларға ортада құпия қызметкерлер барын білетінін айтқанын жазады. Баукең құпия қызметкерлерге өткір сөзін әзіл араластыра айтып, залдағыларды ойландыра күлдіргенін жазыпты. Батырдың қолжазбасынан Мұхтар Әуезов 1942 жылы жарық көрген «Абай» романының алғашқы кітабын сиясы кеппей тұрып майдандағы Бауыржанға жіберткізгенін білдік. Баукең оны алысымен тездеп оқып шығып, кешіктірмей өзіне роман қалай əсер еткенін талдап жазып, авторына үшбу хат та жолдаған. Оны да Баукеңнің жеке мұрағатынан оқыдық. Өз хатында Батыр автордың романдағы əке мен бала, яғни Құнанбай мен Абай арасындағы тартысты суреттеу тұсында кейбір жайларды əсірелеп жазып жіберетінімен мүлде келіспейтінін батыл түрде, тартынбай ашық та ащы жазған екен. Баукең қолжазбаларындағы замандас тұрғыластарымен күрделі қарымқатынаста, тікелей өктем айтылған ойпікірлерін біржақты, теріс түсініп қалудан сақ болу керек.

Баукеңнің сөзімен айтсақ:

«Менің жазғандарымның бəрі алтын да емес, күміс те емес – жазғандарымды ақтап, түсініп оқыңдар, қарақтарым. Қатемді түзетуге асықпаңдар. Мен өмір сүрген заман мен сендер өмір сүрген дəуірдің айырмасы – жер мен көктей. Заман қайталанбайды. Дұрыс ұғымды Құдай əркімге берген емес, сол себепті абайлап оқыңдар деген ескертпем осыдан шығады. «Алжыған шал» деп айту оп-оңай. Сөз арасы, ой арасы, өмір арасын түсіну қиын нəрсе. «Абайлаңдар, абайлаңдар» деп айтарымның маңдай алды себебі сол, қарақтарым!» деп жазба қалдырған, – дейді «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаев.

Осы 31-томда ғылыми ізденушінің халқымыздың алғашқы агрономы Мұстафа Бұралқиев туралы еңбегі де берілген.

Сырдария өлкесіне қараған Əулиеата уезінің Ағашақ болысында, қазіргі Мойынқұм өңірінде 1897 жылы дүниеге келген Мұстафа – 1932- 1937 жылдары «Халық жауы» болып, жазықсыз қуғын-сүргінде жүрген Сұлтанбекұлы Бұралқының баласы. Оның туған жылы кей деректерде 1901, 1899, 1902 жыл деп те келеді. Ол 1920-30 жылдары Ташкент пен Мәскеуде оқып, агроном мамандығын алған. Қазақ əскери əдебиетінің негізін салушы Бауыржан Момышұлының көптомдық шығармалар жинағының 9-томында «Агроном Мұстафа Бұралқиев» деген естелік бар. Баукең бұл естелік жазбасын 20 қаңтар 1971 жылы қағазға түсірген екен. 1925 жылы Аса интернатында оқуда жүрген 15 жастағы бала Бауыржан көшеде ойнап жүріп, жігіт ағасы 28 жастағы студент Мұстафаны алғаш рет сыртынан ғана көргендігін жазады. Мұстафаны орыстар Миша деп атаған екен. Естелікті оқып отырып, Мұстафаның Мəскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясының студенті болғанынан хабардар боламыз. Орысша əн де салатын өнері бар екені байқалады. Бауыржан Момышұлы 1930 жылы бір ауданның атқару комитетінде жауапты хатшы боп қызмет атқарған деген деректі білетінбіз. Бірақ қай ауданда істегенін жəне оны дəлелдейтін немесе айғақтайтын ресми құжатты еш жерден кездестірмеген едік. Сондай құжат ОҚО Арыс қаласының тумасы, Үсенбай Исмаиловтың (1930 жылы Жуалы ауданында милиция бастығы болған) үй архивінен Баукеңнің қолы қойылған бірнеше құнды құжаттар табылды, бұл туралы осы «Ақ жол» газетіне 2013 жылы «Батыр өмірінің бір қыры жайлы айғақ беретін құжат табылды» деген тақырыппен мақала жазғанбыз. «Баукеңнің осы қызметін айғақтайтын біздің облыстық мұрағатта бір іздің қалмауы мүмкін емес қой» деген үмітпен 2014 жылдың ақпан айында барғанымызда, ойламаған жерден Бұралқы Сұлтанбекұлының 1928 жылы малы қалай тəркіленіп, отбасымен Оралға жер аударылғандығы туралы мұрағаттық құжаттарға тап болдық. Баукең 1930 жылы Мұстафаның студенттік формасын «біреулер» арқылы алдыртып, жұмысына киіп бара жатқаны туралы тосын дерек береді. Мұстафа Бұралқиевтің өмір жолы мен тағдыры, əдеби шығармашылығына қатысты Бауыржан Момышұлының қалдырған тарихи дереккөздері əлі ғылыми айналымға түспеген соны деректерге жатады. Ондағы тезис түрінде түсірілген Мұстафа туралы Баукеңнің деректі ойларын тарихшылар мен əдебиеттанушылар, қоғамдық ғылым өкілдері мен мұрағаттанушылар талаптанып жүйелі түрде зерттеп-зерделесе, сонымен қатар Бұралқы Сұлтанбекұлының 1928 жылдан кейінгі отбасылық тағдыры мұрағаттық құжаттар арқылы зерттелсе, онда өткен тарихтың біз білмейтін көп шындығына көз жеткізген болар едік. Əсіресе, Мұстафаның жеке мұрағатын іздестіріп табу қажет, – дейді Әлімбай Аманбайұлы.

Әлімбай Найзабаевтың тапқан дерегі негізінде Мұстафа Бұралқиев жайлы жазған мақаласынан соң, 2022 жылы қыркүйек айында «Көмбе» бағдарламасының қызметкерлері «Бұралқы Сұлтанбекұлының өмірі мен өнегесі» атты деректі фильм түсірді. Ол Батыр Бауыржан туралы ғылыми ізденістерінің нәтиже сінде «Жамбыл облысының тарихы мен рухани мұралары көп томдығы» жобасымен Тараз Мұралары көптомдығының 34-ші томына «Бауыржан Момышұлы» атты кітапты құрастырды.

Өзі тапқан деректерді кеңінен тарату мақсатында 2020 жылы Жауынгер жазушының 110 жылдығына арналған «Бауыржан Момышұлы: Тәуелсіздіктің тарихы мен тағылымы» атты республикалық ғылыми-практикалық онлайн-конференциясын өткізді. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивімен бірге «Бауыржан Момышұлы – Кеңес одағының батыры, Ұлы Отан соғысының ардагері, даңқты панфиловшы, жазушы» атты екінші фотоальбомның жарық көруіне ұйытқы болған Әлімбай Найзабаев алғысөзін жазып, батыр туралы көптеген басылымдарға мақалалар жариялады. Оның ғылыми ізденістегі еңбекқорлығын біз ғана емес, жазушы, драматург Елен Әлімжан да айтқан болатын.

– Адамның алдына нақты мақсат қойып және оны елге пайдалы түрде ойластыруына, сол жолда аянбай еңбектенуіне отбасының да әсері болады. Әлімбай – өнегелі отбасының отағасы. Жары да әдебиетші, үлкен қызы Айман ақын, басқа балалары да өнерге жақын. Оның еңбектерінің жемісті болуы өзінің зиялы, арлы, таза болмысына да байланысты. Себебі адал адам діттеген мұратына да адал болады. Ол – Абайтану мен Бауыржантану ғылымдарын қатар алып келе жатқан ғалым. Бауыржанның сонау соғысқа дейінгі қызметтері, еңбектері туралы деректерді де жинақтап, архивтерден ақтарып, жүйелеумен қатар Абайтануды да терең зерттеу үлкен табандылықты талап етеді, – дейді публицист Елен Әлімжан.

Әлімбай Найзабаевтың ғылыммен айналысуына түрткі болған ұстазы, ірі абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, марқұм Мекемтас Мырзахметұлы алғаш алдына келген баланың бойынан ғылымға деген құлшынысын байқағанын айтады.

Әлімбай маған келген кезде әлі бала еді. Аспирантураға түсуіне себепкер болып, зерттеуге тақырып бердім. Абайдың шығармаларындағы қара сөздері мен өлеңдеріндегі автордың өмірбаянын шығару туралы қиындау тақырып еді. Оны терең зерттемесе болмайды. Осы тапсырмамды бітіріп, жұртқа жап-жақсы мақалаларын жариялап, танылды. Кейін белгілі бір жағдайларға байланысты қорғай алмады. Содан соң Бауыржантануға шақырдым, өйткені бұған келетін адам архивті жақсы білуі керек. Бұл саланы да жақсы меңгеріп кетті. Бүгінде Бауыржантануда алдыңғы қатарда жүргендердің біріне айналды. Қазір біз Бауыржанның 100 томдығын жинастырып жатырмыз. Бұл істе де Әлімбай белсенді еңбек етуде. Тіпті, біз білмейтін деректерді архивтен тауып, жазып, насихаттап жүр. Сонымен қатар ол Төлеген Айбергеновтың шығармаларын терең білетіндердің бірі. Әдебиет саласында танылып келе жатқан зерттеушілердің қатарында тынымсыз ізденісте. Оның ғылыми ізденістегі, әдеби шығармашылығындағы бүгінге дейінгі жолына қарасақ, даму үстінде келе жатқанын байқаймыз, – деген еді марқұм ұстазы Мекемтас Мырзахметұлы.

– Жүрегі дархан, қамқорым еді ардақты ұстазым Мекемтас Мырзахметұлы. Ғылымның мен білмейтін қатпарларына салып тәрбиеледі, жол көрсетті. Артынан ерген шәкірттерінің биікке қанат қаққандарын көріп, естіп қуанып отырушы еді. Алла пейіштен орын берсін! – деп ұстазын қимай еске алды Әлімбай Найзабаев.

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, Әлімбай Аманбайұлы да бізге айтқан әңгімесінде «Архив – қаза берсең, қазынаға қарық қылатын қамба» деп архив ісін меңгергенін аңғартты. «Ғылым адам санасына болмысы бөлек, ерекше ұтқыр ұғымдарды орнықтыру арқылы ғана терең ұялайды» деген екен Әбу Насыр әлФараби. Абайтану мен Бауыржантануды қатар меңгеріп, Төлеген Айбергеновты терең оқып, жас ұрпаққа білгенін үйретіп жүрген Әлімбай Найзабаевтан да ұлы ұстаздың ұғымын байқадық.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Ұқсас жаңалықтар