Өмір барысында біраз талай қызықты тағдырлы адамдармен жолығасыз ғой. Бірақ солардың арасында «көңіл сүзгісінен» өтіп, сыйласар, өзіңе мінезімен, ой өрісімен, көзқарасымен жақындай түсетін азаматтар сиректеу болса да кездеседі. Дәрігер – аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Олар күн сайын адам өміріне араша түседі. Өмірді сақтау үшін қас қағым сәт қана болатынын дәрігерлерден артық түсінетін ешкім жоқ шығар, сірә. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнаған абзал жандар жетерлік.
Сондай жандардың бірі – әріптесім, 50 жылға жуық бір салада еңбек етіп, денсаулық сақтау қызметіне бір кісідей еңбек сіңірген тараздық дәрігер Сейтқасым Тәжбенов. Ол әріптесімді ту сонау артта қалған жүзжылдықтың 76 жылдарынан қанаттас жүріп бір қалада еңбек етіп келеміз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасында 12 жылдай бір қабинетте отырып, ол бас терапевт, мен бас хирург болып тізе тіресе еңбек еттік, денсаулық сақтау ісінің туындаған проблемаларын бірге шештік, іссапарларға бірге шықтық, талай сырларымызбен бөлістік. Сол шуақты, жалынды күндер күні кешегідей көңілде сайрап тұр.
«Өткен күндердің барлығы, өткен бүкіл ғұмыр сағыныштан тұрады», деп халық бекер айтпайды екен. Енді міне сол жылдар сағымға айналып, көзден бұл-бұл ұшты. Уақыт біздерді өз айдауына көндіруде. Тек андасанда телефон арқылы хабарласып, амандығымызды, көңіл-күйімізді біліп, өткен күндерді еске алып көңіліміз марқайып қалады.
Таяуда ол телефон шалып: – Сағындық, аман-есенсің бе? Ертең сенбі емес пе? Уақытың болса ертең түстен кейін біздің үйге соқсаңшы. Асықпай, шүйіркелесіп отырып әңгімелесейік. Көңілде біраздан бері жиналып қалған ойпікірлерім бар. Байқап жүрмін, уақыт озған сайын, жас келген сайын орта сирей береді екен. Кейде тіпті ой бөлісетін адам таппай қиналатын кездерің де болатынын байқадым. Оған еш амал жоқ. Уақыт уыстан шығып барады. Ол – өмір заңы болар, сірә. Ертең өзіңді күтеміз. Мына қасымда отырған Клара Рамазанова жеңгең де соны айтып, сәлем жолдап отыр. Сонымен келістік пе? Әрине, көп жылдардан бері араласып, сыйласып, қанаттас жүрген әріптесіме «жоқ» деуге аузым бармады.
Көңілін жықпай, келісімімді бердім. ...Кешқұрым ол мені жасыл өсімдіктер мен жұпар иісті әсем гүлдерге оранған үй ауласында қарсы алды. Жанында «ата, ата» деп немерелері шапқылып, жарыса ойнап жүр. Олардың әр берген сұрағына жауап беруден еш жалықбай әріптес ағам Сейтқасым Үсенбекұлы отыр. Жүрегіне жазиралы жазықтық пен кеңдікті, қаны мен сүйегіне ұлтының құндылықтарын сіңірген ағаның жанұяда да сыйлы, үлгілі екенін сездік. Ұлы мен қызынан тараған немере-шөбереге жүрек нұрын, көңіл қуанышын сыйлап отырған жанға ерекше ризашылық сезіммен қарайсың. Әр адамның аңсаған армандарының бірі – саналы ұрпақ өсіріп, немере-шөбере сүю емес пе? Әңгімені асықпай әріден бастадық. Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған Сейтқасым аға бүгінде зейнеткерлікке шықса да, денсаулық сақтау ісінің қазіргі жағдайына көңілі алаңдап отырады.
– Ия, жұмыстарыңда не жаңалық болып жатыр?
– Күнделікті жаңалықтарды теледидардан, газеттерден біліп жатқан боларсыз. Асып-тасып жатқан таңғаларлықтай жаңалық жоқ сияқты. Барлық іс рет-ретімен уақыт талабына сай атқарылуда. Денсаулық сақтау саласындағы өзгерістерді, тың реформаларды естіп-біліп отырған боларсыз. Әрине, болып жатқан өзгерістерді, жетістіктерді бұрынғымен еш салыстыруға болмайды. Өмірімізге жаңа технологиялар батыл еніп жатыр. Сіздер баяғыда компьютерлік томография, ультрадыбысты диагностика, магниттік резонанстық томография дегендерді біліп пе едіңіздер?..
– Дұрыс қой, ертеде дәрігерлердің «қаруында» фонондоскоп, ЭКГаппараты, ары барса рентген құрылғысы болатын. Басқаларын өз тәжірибемізге, білімімізге қарап, әріптестерімізбен ой-пікір бөлісе отырып ауру диагнозын қойып, емдедік емес пе? Қазір оның барлығы жеңілдеді. Тіпті жасанды интеллект көмегімен қызметтеріңіз едәуір оңтайланды. Хирургиялық оталардың лапароскоптық тәсілдермен және де басқа құрылымдардың көмегімен жасалып жатқанына куә болып отырмыз. Алдағы уақытта көп жерде робот-хирургтар ота жасайды деген пікір бар. Фармакология қызметінде де жетістіктер аз емес тәрізді. Болашақта әлі де көптеген өзгерістер, жаңалықтар мен жетістіктер болатынына күмәнім жоқ. Бұл өмірде адамның бірінші байлығы денсаулығы екені сөзсіз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, денсаулық сақтау саласы мамандарының көмегіне жүгініп, жанымызға сая іздеп жатамыз. Халқымыздың денсаулығын сақтау саласында тынымсыз жарты ғасырдан астам уақыт еңбек еттік. Талай қуанышты күндермен қатар, қиындықтар да бастан өтті. Өмір болған соң денсаулыққа байланысты неше түрлі жайсыз жағдайлар, оқыс оқиғалар болуы әбден мүмкін. Мұндай кездерде көмекке алдымен біз, дәрігерлер келеміз. Сырқат жанға жәрдеміңді тигізіп, оның сауығып кетуін алдыңғы кезекте міндет етіп қойғаныңнан кейін, бәрін де үлкен жауапкершілікпен әрі сапалы атқаруың керек. Өйткені осындай сәттерде саған айрықша сенім, үлкен үміт артылады. Пациент пен оның жақындарының сенімін ақтап, ойынан шығып жатқанға не жетсін шіркін. Естіп, біліп жатырмын, біраз аудандық ауруханалардың бас дәрігерлерін «жаңартыпсыздар». Оған не себеп болды? – дейді ол маған ой тастап.
– Заман талабына ілесе алмай қалған біраз денсаулық саласының басшылары ауыстырылғаны рас. «Қазіргі басшы тек дәрігерлікпен, яғни пациенттердің қалай емделіп жатқаны, оның с апасы және нәтижесін білумен шектелмей, қаржы мәселесі мен оның қалай орындалып жатқанымен үнемі хабардар болып отыруы керек. Тіпті оның негізгі білімі дәрігерлік болу міндетті емес. Басты мәселе менеджерлік қабілеті жоғары болуы шарт», – деуші еді көп жылдар денсаулық сақтау саласында басшы, он жыл институт ректоры болған ғалым-дәрігер, профессор Төлебай Рақыпбеков.
Оның бұл ойы өте дұрыс. Әр басшы өзіне тапсырылған ұжымды өз жекеменшігіндей санап, мемлекет бөлген қаржыны тиімді, есеппен, орынды пайдаланып, оған қосымша қаржы көздерін іздеп, инвесторларды тартып ұжымды кез келген қиындықтардан абыроймен алып шығу керек. Сонда ғана ол іскер басшы ретінде көпшіліктің ризашылығына ие болады.
Мен өткен жолы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевпен кездескенімде:
«Бас дәрігерлерді тағайындағанда оның ұйымдастыру қабілетіне, қаржыфинанс мәселелерін білетіндігіне ерекше көңіл бөлгендеріңіз жөн. Мүмкін ол көпшілік алдында беделді, білгір маман-хирург, кардиолог, бала дәрігері, онколог немесе гинеколог шығар. Бірақ ұйымдастырушы, менеджер ретінде қабілеті жетпей қалуы әбден мүмкін. Сондықтан кез келген беделді маманды бас дәрігер етіп тағайындай салу үлкен қателік. Тіпті обал десек те болады», – деген болатынмын. Міне, сол себептерден біраз емдеу мекемелері жыл қорытындысымен «мемлекетке жүздеген миллиондармен, тіпті миллиард теңгемен қарыз» болып отыр. Осы проблемалар біраз емдеупрофилактикалық мекемелерді айналып өтпей, ұжымдарда наразылық туғызуда.
– Айтпақшы, адам өміріне қауіпті деп саналатын туберкулез ауруы азайды, тіпті базбір өңірлерде тіптен жойылды деген хабар жүр. Ол жайында не білесіз? – деп маған келесі сұрағын қойды ардагер әріптесім Сейтқасым Үсенбекұлы. – Ия, ондай мәлімет бар. Осыдан бірер жыл бұрын аудандық туберкулез мекемелерін жапқанын естіген боларсыз. Ендігі кезек облыстық туберкулездік ауруханаға келіп тұр. Биылғы жылдың соңына дейін ол толық жабылып, облысаралық туберкулезді емдеу ауруханасы көрші Шымкентте болады деген шешім бар екен. Облыстық туберкулездік аурухана құрамындағы кеуде хирургия (торакалдық хирургия) бөлімшесі жақында мүлдем жабылып, ондағы көп жылдар бойы еңбек еткен маманхирургтар, мейіргерлер қаладағы ауруханаларға «таратылып» беріліпті.
– Ой, олары дұрыс болмаған екен. Облыс орталығындағы бір аурухана құрамынан (мүмкіндік болса көп салалы қалалық ауруханадан) 12-15 орындық кеуде хирургия бөлімшесін ашқандары жөн еді ғой. Енді оның болашағы не болады? Көз алдымыздан мамандандырылған кеуде хирургиясын жоқ еттік деген сөз ғой мынауың. Әй, әлгі қазақтың «шаш ал десе, бас алады» немесе «бояушы, бояушы десе сақалын бояйдының» кері екен мыналары. Әттеген-ай, бар нәрсені жоқ қылғанға неге осы құмармыз? – деген өкінішін білдірді.
Семей медициналық институтының емдеу факультетін бітіріп, өзінің кіндік қаны тамған Тараз өңіріне оралып, ұзақ жылдар денсаулық сақтау саласында қатардағы қарапайым дәрігер, бөлімше меңгерушісі, Жамбыл облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары, Тараз қалалақ денсаулық сақтау басқармасының басшысы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас терапевті ретінде абыроймен қызмет еткен, ой өрісі кең, еңбек тәжірибесі мол Секеңнің мына пікірімен келіспеуге, сірә, болмас.
Кейде «артық қыламыз деп тыртық қылатынымыз» рас-ау. Оған не дерсің? Сейтқасым Тәжбеновтің өмірі мен еңбек жолы нешебір шырғалаңға толы, ол мінезге бай, жаны жайсаң, өресі биік, ойлау қабілеті терең ерекше қабілетті жан. Жүрген ортасында біреудің бетінен алып, төсіне шауып жатқанын көрмеппін. Ешкімнің көңілін жығатын ауыр сөз айтпай, сыпайы сөйлеу, қолдан келгенінше көмегін беру, жақсылық жасау – оның өмірлік кредосы. Отбасында да әркез бірсыдырғы. Әдепті әке, сенімді жар, мейірімді ата.
Жақсы адамның атақдаңқы өзінен көш ілгері жүретіні анық. Әріптестері есімін құрметпен атап, ондаған шәкірттері «Біз Сейтқасым ағаның алдынан өткен, дайындаған, мектебінен шыққан дәрігер-гастроэнтерологтарымыз», – деп мадақтап отырады. Жұбайы дәрігер-педиатр, еңбек ардагері Клара Рамазанқызы екеуі мына өмірде қол ұстаса қатар жүріп, ұл мен қыз өсіріп, олардан немерелер сүйіп отырған аяулы жанұя. Ұлы Марат әке мен ана жолын қуып, дәрігерлік мамандығын игеріп, бүгінде облыстық көпсалалы ауруханада белді, тәжірибелі анестезиолог-реаниматолог болып қызмет етуде. Келіні Гауһар облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы. Секең қазіргі таңда көршіге де сыйлы, келіндер мен немерелеріне де қадірлі. Ол кейінгі жастарға жылы сөз арнаудан, өмірлік мол тәжірибесін айтудан жалыққан емес.
Сейтқасым ағаны көпшілік тек білгір де білікті дәрігер ретінде ғана білмейді, оны қаламы төселген журналист, прозашы деп те бағалайды. Оның журналдар мен газеттерде жарияланып жатқан тартымды шығармаларын оқырман қауым қызыға оқиды. Әсіресе, оның жазған сатиралары, ойын-қалжың әңгімелері, скечтері көптің көңілінен шығады. Балалар әдебиетінде де үлесі бар. Әртүрлі баспалардан Секеңнің бірнеше кітаптары жарық көрді. Жақсылықты өзіне жалау еткен ол Қазақстан Журналистер одағының белсенді мүшесі.
Халықтың денсаулығы мен жарқын болашағы үшін еңбекте медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі зор екені белгілі. Өзінің сүйікті мамандығына беріліп, адам денсаулығының сақшысы ретіндегі қызметін зейнет жасына келгенше абыроймен атқарған Секеңнің көп жылғы еңбегі орынды бағаланған. Еңбегімен еленген С.Тәжбенов бірнеше мемлекеттік медалдармен, «Алғыс хаттармен», грамоталармен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» деген төсбелгімен марапатталған, екі рет қалалық маслихаттың депут аттығына сайланып, республикалық, халықаралық конференцияларға делегат болып қатысқан.
Жоғары санатты терапевт және денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы деген атақтар берілген. Ол үшін бірақ бәрінен жоғары тұратыны – көпшіліктің алғысы, олардың берген батасы. Табиғатынан ерекше қабілеттілігі мен мамандығына деген құштарлығын халық денсаулығы үшін жұмсап, күндіз-түні еңбектеніп жүрген білікті маман өз әріптестерінің арасында да өте сыйлы болды.
2021 жылы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанып, «Тараз қаласының Құрметті ардагері» атағы берілді. Оның есімі Қазақстанның Алтын Құрмет кітабына жазылған. Мына өмірді өрнектей біліп, оның құндылығын арттыра түсіру әркімнің қолынан келе бермес, сірә. Әрине, оған зерек қабілет керек, еңбек пен ынта, білім мен талпыныс керек. Соны терең түсінген Секең әркез уақыттың тамырын бекем ұстап, өмір шырағын биікке көтеріп отырған, баянды бақытқа кенелген берекелі де өнегелі отбасының отағасы. Адам бақыты деген осы емес пе!?
– Дәрігер мамандығының қырсырын қанық біліп, сол жолда жетістікке жету үшін үлкен жүрек керек. Алдыңа ауырып келген адамға ем-домыңды ғана емес, жылы сөзіңді, қолдауыңды аямауға тиіссің. Дәрігер адам өмірінің арашасы ғана емес, науқасқа қолдау білдіретін психолог та болуы керек. Науқастарды тек ісімен ғана емес, жүрегімен емдей білетін ақ халатты абзал жандар қатарынан болу әр дәрігер үшін абырой. Менің ұзақ жылдардағы қызметтегі ұстанымым – осы, – дейді ол.
«Ғұмыр мәңгілік болса ғой, шіркін!» деп қиялға берілетін сәттеріміз болады емес пе кейде? Ол, әсіресе, әріптесім Сейтқасым ағадай лағыл сезімді ақыл төзіммен ауыздықтай білетін, лепіріп мақтанбайтын, ешкімнің алдында ақталмайтын, ешбір адамды сыртынан даттамайтын, сырбаз мінезін сабырмен өрнектеп, өзгелерге ізгі іспен жақсылық жасаудан жалықпайтын азаматтар үшін керек-ақ.
Абыроймен зейнеткерлік жасқа жетіп, халық денсаулығын сақтау саласында ұзақ жылдар бойы сіңірген еңбегінің жемісін көріп, қазір отбасының саялы бәйтерегі болып отырған Сейтқасым Үсенбекұлымен кездескен сайын оның жүрегінде жазиралы жазықтық пен кеңдік мол екенін сезініп, көңілі көлеңкесіз жан екен деген ойға келемін.
Сағындық ОРДАБЕКОВ
медицина ғылымдарының докторы, профессор.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ерте анықтау – аурудың алдын алады
- 4 желтоқсан, 2025
Ұзақ өмір сүргіңіз келсе, жүйкеңді сақта
- 29 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




