«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Цифрлы Қазақстанға апарар сенімді жол

Цифрлы Қазақстанға апарар сенімді жол
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған кезекті Жолдауы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деп аталды. Бұл Жолдау ел тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы іспетті. Себебі Президент ұсынған бастамалар уақыт ағымынан қалмай, болашақтың бағытын нақты айқындап берді. Жаңа мазмұн, тың көзқарас, батыл шешімдер мен жүйелі бағыттар көптің көңілінен шықты.

Жолдаудың өзегі – еліміздің цифрлық даму бағыты. Мемлекет басшысы Қазақстан үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналуы тиіс екенін қадап айтты. Әйтпесе, артта қалудың салдары ауыр болатынын ашық жеткізді.

Шын мәнінде, бүгінгі күннің шындығы – цифрлық технологияларсыз, жасанды интеллектісіз, платформалық экономикасыз тұрақты даму мүмкін емес. Президент атап өткендей, цифрландыру мен жасанды интеллект – тек технологиялық жетістік емес, бұл елдің экономикалық әлеуетін арттырудың, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің, мемлекеттік тиімділікті күшейтудің негізгі құралы. Цифрлық серпінді жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды тапсырды. Бұл орынды әрі стратегиялық шешім.

Сонымен қатар Президент Digital Qazaqstan атты бірыңғай ұлттық стратегия әзірлеуді, сондай-ақ цифрлық дамудың негізгі қағидаларын айқындайтын Цифрлық кодексті қабылдауды міндеттеді. Мұндай заңнамалық және институционалдық қадамдар Қазақстанның жаңа дәуірге сенімді аяқ басуына мүмкіндік береді. Осы ретте, білім мен ғылым саласы – цифрлық трансформацияның негізгі тірегі екенін айтқым келеді. Президент Жолдауында бұл салаға да ерекше мән берілді.

Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларын жаңарту, оқытушылар мен зерттеушілердің біліктілігін арттыру, ЖИ және ІТ саласында кадрлар даярлау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде қаржыландыру – ел дамуының басым бағыты ретінде белгіленді. Сонымен қатар деректерді сақтау және өңдеу инфрақұрылымын жетілдіру, киберқауіпсіздік мәселелерін реттеу – цифрлық қоғамның тұғырын бекіте түспек.

Президент өз Жолдауында Абайдың: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген даналығын келтіре отырып, адам капиталын дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Расында да, болашақтың азаматтары – білімді, саналы, технологияны игерген, шығармашылық ойлауға қабілетті болуы тиіс. Бұл орайда ұстаздардың, ғалымдардың, білім мен ғылым саласы мамандарының рөлі орасан. Біз, Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы бұл бастамаларды толық қолдаймыз және еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға өз үлесімізді қоса береміз. Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды бағыт – бір палаталы Парламентке көшу жөніндегі ұсыныс. Бұл бастама еліміздегі демократиялық процестерді дамыту, саяси жүйені оңтайландыру және тиімділікті арттыру жолындағы батыл қадам.

Президентіміз бұл ұсынысты қоғам талқысына салатынын, қажет болса референдум өткізу арқылы шешілетінін де атап өтті. Біздің пікірімізше, бұл – саяси жаңғырудың заңды жалғасы. Сондай-ақ Жолдауда «Заң және тәртіп» бағытына ерекше назар аударылды. Мемлекеттегі әділет пен заң үстемдігі – тұрақты дамудың кепілі. Бұл ретте азаматтық қоғам институттары оның ішінде кәсіподақ ұйымдары үлкен рөл атқарады. Бізге, жергілікті кәсіподақ ұйымына жыл сайын он мыңнан аса өтініш пен арыз келіп түседі. Олардың барлығы салалық нормативтік құжаттар, әлеуметтік әріптестік актілері. Ұжымдық шарттар мен келісімдер, еңбек заңнамасы аясында әділ қаралып, еңбеккерлердің құқықтары қорғалуда.

Бұл біздің басты міндетіміз әрі басым бағыт. Себебі кәсіподақ – еңбек адамының қорғаны, ал еңбек адамы – елдің тірегі. Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы көтерген цифрлық даму бағыты – тек бүгінгі күннің міндеті емес, ол – болашақтың кілті. Сондықтан бұл Жолдауды Қазақстанды технологиялық, экономикалық, саяси және әлеуметтік тұрғыда жаңғыртатын кешенді жол картасы деп толық сеніммен айтуға болады.

Біз жұмыла әрекет етсек, Президент межелеген биіктерге қол жеткізуіміз анық. Ортақ мақсат жолында бірлігіміз бекем, тірлігіміз баянды болғай.

 

Ерұлан МАҒЗЫМБЕКОВ

Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты.

Ұқсас жаңалықтар