«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Сағым сағат» – сезім мен сыр сандығы

«Сағым сағат» – сезім мен сыр сандығы
Автор
Өмірдің алуан құбылыстары ең алдымен аяулы ақынның жүрегінен өтіп, толғандырады. Басқа адамдар үшін мағынасыз сәттердің өзі ақындарға қайталанбас әсер береді. Себебі, ақын сырлары – сезімнің сандығы. Осындай аяулы ақынның бірі – Талас ауданының Көшек ауылында туып, өмірінің соңғы жылдарын Тараз қаласында өткізген Сағатбек Сәтекбаев.

Ол бар болғаны 44 жыл ғұмыр кешті. Маңдайына өлшеп берген тағдыры шығар. Өмір қиындықтарымен арпалыса жүріп, соңына «Жатсынба, мені жас ғұмыр» атты шағын жыр жинағын қалдырып кетті.

Аталған жинақтың алғысөзін 2003 жылы талантты ақын Серік Томанов жазған екен. Басқа-басқа Серік Жапарұлы кез келген авторға алғысөз жаза бермейтіні белгілі. Яғни, Томановтың өмірден өтер алдындағы сауапты ісінің бірі осы кітапқа жазған алғысөзі болыпты.

«Сағатбектің қай өлеңін алып қарасаңыз да, ауасы, суы, дәмі, тұзы ортақ кәдімгі сіз бен біз өмір кешіп отырған орта суреттеледі, әдемі тілмен жырланады», – депті ол.

Бұл Серік ақынның аяулы Сағатбекті мойындауы, бағалауы десек артық айтпаспыз. Сағатбек Сәтекбаевтың өлеңдері шын мәнісінде құнарлы, мәнді, ойлы. Тек кейбіреуіне тоқталсақ.

Арпалысып сан ғасыр жанған отпен,

Ұйыған ұлт болуды арман еткен.

Қазақ деген қара орман аман қалған,

Қанша қасап қырғыннан қанға бөккен, – дейді «Қазақ деген» атты өлеңінде.

«Әкеге сыр» өлеңінде:

Жер басып мен де келемін,

Тазара алмай көп кірден.

«Келе ғой, ұлым» демедің,

Табысам деген жоқпын мен.

Тағдырға енді не шара,

Бүгінде біздер бөтенбіз.

Арада асу – шекара,

Әке мен бала – екі елміз», – дейді сырын ақтарып.

Сәтекбаев жырларының бәрі осындай, осалы жоқ.

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, кезінде бағаланбады.

Тараз қаласында Сағатбек Сәтекбаевты еске алу іс-шарасы өтті. Іс-шараны Талас ауданының Құрметті азаматы Диас Шардарбеков ашып, аяулы ақынның жүріп өткен жолына, жалынды жырларына тоқталды. Қазіргі таңда Көкшетау қаласында тұратын кәсіпкер Досымхан Аралбаев жақында демеушілік жасап, Сағатбек Сәтекбаевтың «Сағым Сағат» атты кітабын шығарып беріпті. Ол кітапқа марқұмның өлеңдерінен бөлек, жеңгесі Ахан Құлпейісқызының, әнші жерлесі, Мәдениет саласының үздігі Жасан Тілеубековтың, сыныптас досы Балғабек Басқанбайұлының естеліктері енген. Жерлес ағасы Болат Ошақбаевтың, замандасы Жандайбек Түгеловтың Сағатбекке арнаған өлеңдері де әсерлі.

Кеш барысында «Сағым сағат» кітабы көпшілікке таратылды. Сонымен қатар, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Баймахан Ахмет, журналист Әділбек Баққараев, ақын Бақытжан Әліқұлов, композитор Әбілсейіт Момбеков, немере інісі Ербол Жарқынбекұлы сөз сөйледі.

«Тазалық пен қанағат, кісіліктің үлгісін Сағатбектің бойынан көруші едік. Жырлары да сондай жұп-жұмыр, салмақты», – деді Әділбек Жүнісұлы.

Кеш соңында Есенбек қажы Бештаев аяулы ақынның рухына Құран бағыштады. Көпшілік 44 жыл ғана ғұмыр кешкен ақынның сыршыл да, шынайы өлеңдері мәңгілік жасайтынын түсініп, тарқасты.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар