«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«JARQYRA» – киножобалар үшін жаңа мүмкіндік

«JARQYRA» – киножобалар үшін жаңа мүмкіндік
Автор
Бүгінде отандық кино саласы қарқынды дамып келеді. Салалық заңның қабылдануы, ұлттық киноны қолдау орталығының құрылуы, Қазақстан бастамашы болған кинофестивальдердің жаңа сапалық деңгейге шығуы, қазақ фильмдерінің әлемдік кинофорумдарда мойындалуы және жоғары марапаттар алуы – мұның барлығы отандық киноматографияның үлкен әлеуетін білдіреді.

Осы ретте қазақ киносының күніне орай елімізде бұрынсоңды болмаған ауқымды жоба – «JARQYRA» республикалық кастингі басталды. Іс-шара еліміздің 19 қаласындағы мәдениет ошақтарында бір мезетте өткізілсе, әулиеаталықтар үшін Тараз қаласында орналасқан көркемсурет галереясының ғимаратында ұйымдастырылды.

Іріктеуден өткен үміткерлердің деректері www.kazakhcinema. kz сайтындағы актерлік онлайнбазаға орналастырылады. Бұл база кинокомпаниялар мен продюсерлер үшін жаңа есімдерді табуға мүмкіндік беретін ашық әрі қолжетімді алаң болмақ.

Өңірлік таланттарды анықтауға және олардың отандық киноиндустрияға жол табуына бағытталған жобаға 18 жастан бастап қатысу мүмкіндігі бар.

– Бұл – жай кастинг емес, арманға апарар нақты мүмкіндік. Оған бүгінде танымал актерлер дәлел. Мәселен, Гузель Жан – «Игроманка» фильміндегі басты рөлді сомдаған актриса, Самал Еслямова – «Айка» фильмі арқылы Канн фестивалінде жүлде алған актриса, Марат Әбішев – «Адам және алма» фильмінің басты кейіпкері. Олардың жолы – осындай кастингтерден басталып, үлкен экранға дейін жеткен сәтті үлгі. Алдағы уақытта кастингтен өткен қатысушылар Орталықтың актерлік базасына енгізіліп, болашақта отандық киножобаларға қатысуға мүмкіндік алады, – дейді ұйымдастырушы Құрманбек Жұмағалиұлы.

Айта кету керек, бұған дейін де Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының бастамасымен және қолдауымен отандық кино саласында бірқатар жаңа есімдер танылып, еліміздің мәдени әлеуетін нығайтуға сүбелі үлес қосқан.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар