«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Төрт түлікте табыс та, береке де бар

Төрт түлікте табыс та, береке де бар
Автор
Туған жерін түлетіп отыратын түлектер болады. Заман ағымы қалай өзгерсе де ауылын ешбір қалаға айырбастамай, шағын аймақта шаруасын шалқытып, ауылдастарына да табыс көзі болар жұмыс тауып беріп отыратындар еңбекқорлықпен қоғамнан өз орнын табады. Сондай жанның бірі Т.Рысқұлов ауданындағы Көгершін ауылының тұрғыны Жайлаукүл Мусалиева «Айгерім» жеке кәсіпкерлігімен агроөнеркәсіппен айналысып жүр. Жеке ісін мал шаруашылығымен бастап, сүт өнімдерін өндіріп, сатылымға шығарып жүрген кәсіпкер «Төрт түлікте табыс та, береке де бар» дейді. Ол тек кәсіпкер ғана емес, аяулы ана, өрісін кеңейткен әулеттің әжесі.

Осыдан 9 жыл бұрын бірнеше сиыр алып, солардан алған сүттен айран, құрт, ірімші көндіріп, аудан орталығындағы көпқабатты үйлердің тұрғындарына сатумен басталған Жайлаукүл Жанұзаққызының ісі әлі де сол бағытынан танбай жалғасып келеді.

– Құлан ауылының кіреберісінде көпқабатты үйлер орналасқан. Онда біраз тұрғындар қоныстанған. Сондағы тұрғындарды 2016 жылдан бері сүт, айран, қаймақ, құрт, ірімшікпен қамтамасыз етіп отырмыз. Одан бөлек, өз ауылымыздың тұрғындары да үйден сатып алып кетіп жатады. Негізі малдың еті мен жүні, терісі ғана емес, беретін сүті де адам үшін аса пайдалы ғой. Әрі таза табиғи азық. Сондықтан, сүт өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Ауданнан асырмай-ақ, осындағы тұрғындар тұтынып отыр. Табысы да жаман емес. Алғашқыда 6 пайыздық несие алып, сиыр, қой бағып, төлде тумен жеке кәсіпкерлігімізді ашып баст ағанбыз. Қазір, шүкір, мал басын көбейттік. Соған қарай алатын өніміміз де артты. Әрине, мал бағу оңай емес, оған да күтім керек. Бір адамның қолынан келетін іс емес ол. Ауылда жұмыссыз жүрген кісілердің еңбекақысын беріп, жұмсап отырмыз. Осыған дейін мемлекет тарапынан субсидияланатын «Күміс жас», «Қоғамдық жұмыс» арқылы жұмысшы алып отыр едім. Биыл субсидияланбайтын болды дегенді естіп, біз де, ауылдастарым да алаңдап қалдық. Егер мемлекеттен жасалатын о сындай қолдаулар үзілмей, арта түссе, шаруалар да еңбектенуден аянбас еді. Біз ауылды тастап, ешқайда да кетпейміз. Туған жерді еңбекпен көркейтсек, болашақ иелеріне қазынасын төкпей-шашпай сақтап жеткізсек деп жүрміз, – дейді Жайлаукүл Мусалиева.

Алтын бесік – ауылдарды азып-тозудан сақтап отырған осындай шаруалар екені рас. Олар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен халыққа сапалы, табиғи азық-түлік берумен де қоғамға үлкен пайдасын тигізіп жүр.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т. Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар