«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Адамдардан алғыс алған Асановтар

Адамдардан алғыс алған Асановтар
Автор
Үйіңізге газ тұрақты беріліп, пешіңіз жанып, қазаныңыз оттан түспей, қалаған тамағыңызды қалаған уақытыңызда дайындап ішіпжеп отырсаңыз, көңіл-күйіңіз көтеріңкі болатыны сөзсіз. Бейнелеп айтсақ, көгілдір отын – көңіл-күй барометрі. Үйіңізге бір сәт газ берілмесе, қолыңыз байланып қалады. Ондайда ауылдықтар, жеке үйде тұратындар есік алдына пеш орнатып немесе жерошақ қазып жіберіп, самаурынға от тұтатып жіберіп бір әрекет жасар. Ал, көпқабатты үйлерде тұратындар қайтпек. Сондықтан, үйлерге көгілдір отынның тұрақты беріліп тұруы маңызды.

Ал газбен жұмыс істейтін өндіріс орындары, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен мекемелер үшін бұл мәселе – маңыздының маңыздысы. Оларға газдың бір сәт берілмей қалуы – үлкен экономикалық шығын. «Құдай сақтасын!» дейік, өндірістік апатқа апарып соғуы да мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі заманда тұрмыста да, өндірісте де газсыз тірлік жоқ. Ендеше, көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған газшылар мамандығы – мәртебелі мамандық. Олардың қызметі мен еңбегі алғысқа лайық.

Осындай мәртебелі мамандықты меңгеріп, қоғамға, адамдарға қызмет етіп жүрген Асановтар газшылар әулеті саналатын жалпы еңбек өтілі 118 жылды құрайды екен. Олар қазір де осы салада жұмыс істеп жатыр. Әңгімені әулеттің үлкені Ережептен бастайық. Ережеп – бір кездері Шымкент, одан кейін Оңтүстік Қазақстан деп аталған қазіргі Түркістан облысы, Келес ауданы, Мақташы ауылының тумасы.

Өзінің айтуынша, 1967 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Әйнек әжесінің ақылымен Жамбылға тартып кеткен. Жолбасшысы – Жорабек нағашысы. Осында Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының экономика факультетінің кешкі бөліміне құжат тапсырған. Жолы болып оқуға түсіп кетті. Енді жұмыс жағын реттеу керек. Кешкі бөлімде стипендия төленбейді. «Сабағына кедергі келтірмейтіндей жұмыс болса ғой, шіркін!».

Құдай сәтін салғанда газ шаруашылығында дәнекерлеуші жұмысы табыла кеткені. Ең олжалысы жатақханасы бар екен. Әйтпесе, ыңғайлы пәтер жалдау керек әрі оған да ақы төлейсің. Байқауынша салада қазақ жігіттері жоқтың қасы. Құжаттарын реттеу, жатақханаға орналасу кезінде көзі жетті, қазақ жігіттері жоқтың қасы емес, тіптен жоқ екен. Ережеп газ шаруашылығындағы жалғыз қазақ әрі тұңғыш қазақ. Мамандардың да, жұмысшылардың да басым көпшілігі – орыстар. Олардың қазаққа шекесінен шекірейе қарайтыны бесенеден белгілі. Ал, сарыауыз балапан Ережепті адам екен-ау деп елеген де жоқ.

Бұл дегеніңіз – кемсіту, қорлау. Ерегескенде Ережеп те орыстардың осы кесірлі мінездерін аңғармаған сыңай танытқан. Сынап та болса сәлемдескендеріне бас изеуден арыға бармады. Сәлемдеспегендеріне жалпаңдап, қолын ала жүгірген жоқ. Бұрын да алып-ұшып тұрмаған балаң жігіт барынша салмақты бола түскен. Оның осы мінезінің өзі-ақ кейбір кекірейгендердің мысын басты. Олар «әлі-ақ көреміз сені» деген сыңайда. Білмегенін сұрап алдарына келетініне сенімді. Өйткені, бұл жұмыстың Ережептің мұрнына иісі де бармайтыны рас. Орыстардың осы пиғылын аңғарған Ережеп: «Е, Құдай, осылардан ештеңе сұрата көрме!» – деп тіледі Алладан.

Ол үшін не істеу керек? Әрине, іздену керек. Білмегенін білуге талпыныс жасау – қиындықты жеңудің, тығырықтан шығудың бірден-бір жолы. Ережептің таңдағаны – осы жол. Мекемеге оқушы-дәнекерлеуші болып орналасқан. Тәлімгері – Штурман Валентин Иванович. Ережепке бір ай сынақ мерзімі белгіленген. Осы мерзімде біліктілік танытуың керек. Әйтпесе, жұмысқа қабылданбайсың. Бірде Ережеп тәлімгері екеуі шақырту түскен пәтердің газ қондырғысын майлауға барған. Қондырғыны шашып тастап майлап жатқанда тәлімгері оны жалғыз тастап кетіп қалды. Ережеп әлгі қондырғыны қайта жинағаннан кейін ақау шығып жатса, жұмысқа қабылдамауға себеп болады.

Тәлімгерінің осы пиғылын сезе қойған Ережеп істің көзін табуды ойлаған. Оның бір-ақ жолы бар, ол – басқа қондырғыны шашып, қайта жинау. Сол жолы осыған көрші пәтерден де шақырту түскен. Ережеп үй иесіне қазір келетінін ескертіп, көрші пәтерге барады. Сол үйдің газ қондырғысын (колонкасын) мұқият шашып, әр бөлшегін алғанда қолындағы қаламмен нөмірлеп белгілеп отырды. Майлап болған соң, қондырғы бөлшектерін нөмірлеген белгілермен орын-орнына қойды. Осыдан кейін алғашқы пәтерге қайта келіп, қондырғыны жинастырудың еш қиындығы болған жоқ. Мекемеге шақырту түскен екі үйдің де газ қондырғысы жөнделіп, майланып қалыпты жұмыс істеді. Газ пеші жақсы жанып тұр.

Осылайша тапсырманың ойдағыдай орындалуы Ережептің жұмысқа тұрақты орналасуына жол ашқан. Бәрі де ізденістің, терең ойлаудың арқасы. Күндіз жұмыс, кешке оқу. Ережеп басқа ештеңеге алаңдаған жоқ. Адамның істегенін адам істейді. Тек ыждаһаттылық, ісіңе қызығушылық керек. Ол осылай өз ісіне тез-ақ маманданып алды. Уақыт өте келе біліктілігі де арта түскендей. Осылай қалыпты жұмыс істеп жүргенінде табанасты бір қиындыққа тап болды газшылар.

...1968 жылдың желтоқсаны. Қыс қысып тұр. Ауа температурасы 40 градусқа дейін төмендеді кей күндері. Кез-келген туындаған жағдайға дайын болу керек. Желтоқсанның 29-ы күні қиын жағдай туындады ақыры. Қақаған қатты аяздан Трудовой (қазіргі Жамбыл даңғылы) көшесі бойындағы №18/1, 18/2, 18/3, 18/4 көппәтерлі үйлерге сұйытылған газ құйылған ыдыстан (жерге көмілген темір бөшке) газ беретін 40 метрлік жерасты құбыры қатып қалған. Отпен жылыту өте қауіпті және оған рұқсат жоқ. Осы жерде Ережеп жылжымалы буқұрылғысын ойлап тапты. Ол өртсөндіргіш құралға (огнетушительге, су құйып), суды «паяльный лампамен» қайнатып, соның буын пайдалануға ұсыныс жасаған. Әлгінің буымен құбыр бойын бойлай жылыту керек. Бірақ, жұмысты бір сәтке де тоқтатуға болмайды. Өйткені, құбырдың мұзы еріген жерлері қайта қатып қалуы әбден мүмкін.

Осылайша қайнаған су құйылған өртсөндіргіштің бірнешеуін қатар қолданудың арқасында 40 метрлік газ құбырының бойына «қан жүгіріп», тұрғындар жаңа – 1969 жылды газ пештері жанып тұрған жылы үйде қарсы алған. Олар уақытпен санаспай, сүйек сырқыратар суыққа қарамай, аязға төтеп берген газшыларға дән риза. Осындай сын сағатта тапқырлық танытқан Ережеп Асанов сол жылы жазда 3 айлық техникалық бақылаушының оқуына жіберіліп, білімін жетілдіріп қайтқан. Білімі жетілген маманның біліктілігі де арта түсетіні айтпаса да түсінікті. Облыста газ шаруашылығы құрылып, өңірді табиғи газбен қамту бағдарламасын жүзеге асыру мықтап қолға алынған тұста Ережеп Асанов тұңғыш техникалық қадағалаушы инженер қызметіне тағайындалды. Бұл – жоғары сенім, лайықты бағалау.

Баяғыда оған мұрындарын шүйірген орыстарың енді ілтипатпен, құрметпен қарайтын болған. «Білімді мыңды жығар» деген осы-ау. Ережеп оларды ұрыспай, төбелеспей-ақ мойындатты. Осыдан әрі қарай Ережептің осы газ саласындағы өсу, өрлеу баспалдақтары басталған. Алғашқыда газдандыру жұмысы оңай болған жоқ. Ұйымдастыру мен қаржыландыру мәселелерінде үйренетін, игеретін тірліктер жетіп жатыр. Қанша дегенмен жаңа сала ғой. Жеке секторды газдандыру жергілікті бюджет есебінен жүргізілген. Ал, онда артық ақша қайдан болсын? Жоспарлы есептелген қаржы жол жабындыларын ашу, жабу, газ беруді реттегіш құрылғыларға арналған құдықтар жасау сынды жанама жұмыстарға жетпейді. Мүмкіндігінше жол жабындыларын айналып өту жолдарын қарастыру керек. Жұмысты тоқтатуға болмайды.

Аздап та болса, Жамбыл қаласының аудандарын газдандыру жүріп жатыр. Ол кезде қалада көмірмен жұмыс істейтін 200-ден астам қазандық бар болатын. Соларды газға көшіру міндеті тұрды алда. Бәрі де қаржыға келіп тіреледі. Қаржыландыратын «Құрылысбанкпен» («Стройбанк») белсенді, бірлесе, тіл табыса жұмыс істеуге тура келген. Кейбір жеке секторларда газдандыруды жеделдету үшін тұрғындар өздері қаржы жинаған. Бәрібір дұрыс есеп керек, есептей білгеннің есесі кетпейді. Газ шаруашылығында штат аз. Ережепке жоспарлаушы да, қаржыгер де, смета жасаушы да, техникалық қадағалаушы да болып жұмыс істеуге тура келген кездер де бар. Құдай қуат бергені да, Ережеп Асанов осының бәріне де үлгерді, бәрін де игерді. 1969 жылы Октябрь мерекесі қарсаңында «Суперфосфат» зауытына қызмет көрсететін ТЭЦ-3 кәсіпорнында «көгілдір отын» алауын жағу құрметіне қазақ жігіті, газ саласының техникалық қадағалаушысы Ережеп Асанов ие болған. Сол жылы өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі Жамбыл ГРЭС-і табиғи газға қосылған. Онда техқадағалаушы Ережептің үлесі бар.

1973 жылы Жамбыл технологиялық институтынан инженер-экономист мамандығын алып шыққан Ережеп өзі бауыр басып қалған газ шаруашылығынан алысқа кеткен жоқ. Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген жылдарды есептемегенде, оның осы саладағы еңбек өтілі 58 жылды құрайды екен. Ережеп Сүгірбайұлы әскерден келгеннен кейін Жуалы аудандық газ шаруашылығын екі жылдай басқарып, облыстық газ шаруашылығы мекемесіне қаржы саласын жүйелі қалыптастыруға бас экономист қызметіне тағайындалған.

Мұндағы жемісті қызметінің арқасында мекеме сол кездің үрдісімен үш рет «Социалистік жарыстың жеңімпазы» атағын иеленіп, Ауыспалы Қызыл Туды мәңгілікке сақтауға жеңіп алған. Қазір бұл Ту мекеме музейінде сақтаулы тұр. Тарихи жәдігер. Одан кейін аталған мекеменің бас инженерлігіне жоғарылатылған.

Өндірісте болған апатқа байланысты ол қызметтен өз еркімен кетуге мәжбүр болды. Мансапқұмар біреу болса, соттасып жүріп апатқа шын кінәлілерді анықтап, қызметінде қалып қоюына болар еді. Ережеп олай жасаған жоқ. Техника қауіпсіздігін сақтамаған жүргізуші өз қателігінен ажал құшты. Оның әйелі де сонда дәнекерлеуші болып істейтін. Қазбалай берсе, оның да кінәсі бар. Ережеп онсыз да ауыр зардап шеккен отбасының одан әрі күйзелгенін қаламады. Өз басын бәйгеге тігіп, өз еркімен қызметімен қоштасты. Шын кінәлі болса, заң оны тыныш қоя ма? Ол осылай жұмыстан босағаннан кейін көп уақыт өтпей Жамбыл қалалық газ шаруашылығы мекемесі басшысының қызметіне баламалы түрде сайлау өткізілген.

Ережеп те осы сайлауға өз кандидатурасын ұсынады. Бәсекелес үшеудің ішінде Ережеп Асановтың бәсі жоғары болып, 93 пайызбен жеңіске жетті. Қалалық газ шаруашылығын 5 жылдай басқарғаннан кейін, «Құрылысгазмонтаж» мекемесіне бастықтың орынбасары болып ауысқан. Бұл қызметте ол талай елді мекендерді газдандыруға үлес қосты. Осы қызметте жүргенінде Жуалы ауданындағы Талапты ауылын газдандырғандары үшін қазақтың қарымды қаламгері, шындықтың шырақшысы Шерхан Мұртазаның алғысына бөленгендері – естен кетпес бір сәт. Шерағаң осы ауылдың тумасы ғой.

Қазір мұнда жазушының музей-үйі бар. Тәуелсіздіктің өтпелі кезеңі кезінде газ саласындағы күрделі құрылыстарға қадағалау міндеті жүктеліп, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің газды қадағалау мемлекеттік инспекторы қызметіне тағайындалған. Бұл қызметті 2000-2012 жылдары абыроймен атқарып, салада талай нысанның құрылысы сапалы жүргізіліп, дер кезінде пайдалануға берілуіне үлес қосты. Жұмыста талап жоғары. Сол талап үдесінен шыққан білікті маман «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» АҚ, «Интергаз-Орталық Азия», «QazaqGaz aimak», АГП Қазақстан-Қытай халықаралық газ құбырлары, «Амангелдігаз» кен орны жұмыстарына тиянақты қадағалау жасап, өңірде газ шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосқанын мақтан етеді.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отыруды жөн санамаған Ерекең «Сараптама» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашып, өнеркәсіп және өндіріс орындары мамандарының кәсіби біліктіліктерін арттыруға бағытталған жұмыс жүргізуде. Мұнда да жұмыстың басым бөлігі газбен жұмыс істеуге байланысты. Ережеп Асановтың көпжылдық еңбегі жеміссіз емес. Ол «Қазақстан мұнайына – 120 жыл», «ҚР Азаматтық қорғау органдарына – 25 жыл», «Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымына – 30 жыл» медальдарымен, ««QazaqGaz»-дың «Құрметті ардагері», Жамбыл облысы әкімінің өкіміне сәйкес «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілермен, Жамбыл облысы әкімінің және облыстық мәслихаттың Құрмет Грамоталарымен марапатталған.

Ережеп–шаттық ұялаған шаңырақтың отағасы. Өмірлік жары Тасбибі кітапханашы еді. Осыдан біраз жылдар бұрын дүниеден озды. Құдайға шүкір, артында ұрпағы бар. Ережеп екеуінің ақ некесінен туған 2 ұл, 2 қыз үйлі-баранды. Барлығы да жүрек қалауларымен мамандық алған. Олардан тараған немерелер – Ережептің көзқуанышы.

– Ережеп ағамыз қай жағынан болса да үлгі, өнеге алуға лайық азамат. Ол қазір де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастарға жақсы тәрбие беріп жүр, – дейді әріптес ағасы туралы газ шаруашылығы ардагерлері облыстық ұйымының төрғасы Хамит Орынбеков.

– Ерекең жұмысқа жауапты және ұлтжанды азамат. Ұлт намысы үшін кез-келген тәуекелге баруға дайын. Осы ұлттық намысқа байланысты ертеректе болған бір қызықты оқиға ойыма оралып тұрғаны. Айтып берейін. Жаздың жайдары күндерінің бірінде газшылар Жуалыдағы ТерісАщыбұлақ маңайына дема луға барғанбыз. Үлкендердің бірқатары отбасымен. Әйелдер дастархан мәзірін жасап әуре. Оларға жас жігіттер де көмектесіп жүр. Балалар көгалда сайран салып, суға шомылып мәзмайрам. Арасында өнерден, спорттан жарыстар ұйымдастырылған. Кезек күреске келгенде ортаға бір орыс жігіті шықты. Анауыңыз – бір алып. Қазақша бейнелеп айтқанда, түйенің жарты етіндей дәу бәле. «Онымен белдесуге ешкімнің жүрегі дауалай қоймас» деп ойлап үлгергенімізше, Ережеп ағамыз ортаға шықты еркін басып. Ерекеңнің бойы әлгі орыстың иығына да жетпейдіау шамамен. Айнала тұрғандар сілтідей тына қалған. Екеуіне арнайы ала барған кимано кигізіліп, белбеулері мықтап байланған. Шыны керек, біз іштей қорқып тұрмыз. Кейбіреулер өз ойларында жеңісті орысқа беріп те қойған. Ерекеңнің жүзінде жүрексінудің белгісі де жоқ. Күресуге тастүйін дайын. Төреші – атақты спортшы, Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев. Балуандар қол алысып, күресті бастап та кетті. Біз тұрмыз ішімізден «я, Құдайлап». Кейбір қызуқанды жігіттер «я, әруақ» деп айқайлап та жіберді. Біз ойлағандай болған жоқ, айқас біразға созылды. Ерекең шымыр екен, алысқан сайын ширыға түскенін көріп күпті көңіліміз орнына түскендей. Пендеміз ғой, енді жеңіске деген үмітіміз ояна бастады. Бір кезде шалт қимылдаған Ерекең қарсыласының аяғын аспаннан келтіріп жауырынын жер иіскетті. Ой, сондағы қуанғанымыз-ай! Ұлттық намыс қиын ғой, біздің қуанышты айқайшуымыздан көлдің жағасы жаңғырығып кетті. Хамит – әңгімені әсірелеп, бейнелеп айтатын жігіт. Соның әңгімесінің әсерінен шығар, біз де Ерекең әлгі орысты қазір күресіп жыққандай ол кісіні қолын алып құттықтап жаттық. Ережеп болса, ертеңгі жастарға үлгі болатындай ізгі істер жасау жолындағы тағы бір ұсынысын ортаға салып, соны талқылауды сұрады әріптесінен. Жасы жетпістің ортасынан асып сексенге таяп қалса да, қоғамға пайдалы істерде қанатын қомдап жантәнімен кірісіп кететін осындай белсенді болар ма! Газ шаруашылығының тағы бір ардагері Құсанбай Асанов бұл салаға ағасы Ережептің үгіттеуімен келген. Оның да осы салада 42 жыл еңбек өтілі бар. Алғаш жұмысқа қатардағы дәнекерлеуші болып кірген, бүгінде 6-разрядты маман. Жұмысқа жоғары жауапкершілік пен біліктілігінің арқасында ұжымда беделді. – Біз ауа райының кез келген жағдайында, газдың тапшылығы туындаған кездерде Тараз қаласы тұрғындарын табиғи газбен тұрақты қамтамасыз етуге бар күш-жігерімізді аяған жоқпыз. Әсіресе, көпқабатты тұрғын үйлерге газ берудің барлық жолдарын қарастырдық. Сол үшін газ тұтынушылардың алғысына бөлендік, – дейді Құсанбай Асанов.

Ұмытпаса, 2013 жылдың қысында болуы керек, секундына 30-40 метр жылдамдықпен соққан қатты желдің екпінінен Қаратау қаласының көшелерінде талдар құлап, газ құбырлары істен шығып, тұрғындар табиғи отынсыз қалып, газбен жұмыс істейтін мекемелер тоқтап, қатты бір дағдарыс болған. Қаратау қаласы әкімінің өтінішімен Құсанбай Асанов басқаратын жөндеушілер бригадасы жедел көмекке жіберілген. Тәжірибелі мамандар тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеп, аз уақыттың ішінде газ қалыпты беріле бастаған. Қала басшылығы мен тұрғындар ризашылығы шексіз. Құсанбайдың осылай адамдар алғысына бөленген сәттері көп. Ал, ол мұндай оқиғаларға қалыпты жағдай ретінде қарайды. Ол да басшылық тарапынан құрмет пен қошеметтен кенде емес.

Кеудесінде «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 20 жыл» меда лі жарқырайды. «QazaqGaz» ҰҚ» АҚ-ның республикалық басшылығынан, «Тараз» магистральдық газ құбырлары» бірлестігінен, облгаздан алған Грамоталары мен Алғыс хаттары тағы бар. Асановтар әулетінен ұзақ жылдардан бері газ саласында қызмет атқарып келе жатқан тағы бір кісі – Ақерке Жақыпова. Ол – Ережептің үлкен ұлы Қуаныштың келіншегі. Ол бұрын «Қазтрансгаз Аймақ» деп аталынып келген «QazaqGaz» ҰҚ» АҚ Жамбыл филиалында оператор болып жұмыс істеп келеді. Ақерке Жарқынбекқызы бұл қызметті 2007 жылы бастаған. Газ тұтынушы абоненттердің есептегіш қондырғы бойынша есептелінген төлемақыларының уақытылы төленуін қадағалайды. Ақерке мен Қуаныш екеуі 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ата-ана. Нарықтық экономика бай демей, кедей демей, адамдардың пейілін тарылтып жібергендей.

Тұтынған газдың ақысын уақытылы төлеп тұруларына болады ғой. Бәрін даттаған артықтау, көпшілігі соны құнттай бермейді.

Әрбіріне төлем түбіртегін таратып, ақы төлеуді ескерту керек. Оған құлақ аспағандарды газ жүйесінен ажыратуға тура келеді. Бірақ, отбасы зардап шегетін болғандықтан, ондай қатаң әрекетке бара бермейді. Әрбір газ тұтынушымен тіл табыса жұмыс істеу – Ақеркенің басты ұстанымы. Міне, 18 жыл осылай жұмыс істеп келеді.

Демек, міндетті қызметін жақсы меңгергені. Бір салада үзбей және мінсіз қызмет атқарып келе жатқан Асановтардың газшылар әулеті туралы әңгімеледік. Олардың осы саладағы еңбек өтілі 118 жыл екенін айттық. Бір жағынан үлгі аларлық үрдіс. Әрбір әулет қоғам дамуына осылай үлес қосып жатса, бұл керемет қой. Керемет!

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар