Жексенбі күні финалдық ойындар өте тартысты өтті. 48 килограмда ел намысын қорғаған 3 дүркін әлем чемпионы, Олимпиада жүлдегері Назым Қызайбай үндіст андық Минакши Минакшиден айласын асыру үшін аянып қалмады. Тіпті, Назым үш раунд бойы белсенді ойнап еді. Алайда жеңіс үнді қызының қоржынында кетті. 50 килограмм салмақта Санжар Тәшкенбай Моңғолия боксшысы Баттулга Алдаркишигті 5:0 есебімен даусыз ұтып, екі дүркін әлем чемпионы атанды.
Санжардың ойыны барша қазақ еліне рух сыйлағаны анық. 55 килограмм салмақтағы Махмұд Сабырхан да испаниялық Рафаэль Лозано Серрананы айқын жеңіп, мерейімізді өсірді. Осылайша, екі дүркін әлем чемпионы атағына Махмұд та қол жеткізді. 70 килограмм салмақта ел намысын қорғаған Төрехан Сабырхан да жапондық қарсыласы Сеуонрец Оказаваны ұтып, алтыннан алқа тағынды. Осылайша, бір үйден екі әлем чемпионы шығып отыр.
Сонымен қатар 51 килограмм салмақта жұдырықтасқан отандасымыз Алуа Балқыбекова түркиялық Бусиназ Чакироглудан айласын асырса, 65 килограмм салмақта ел намысын қорғаған Аида Әбікеева Өзбекстан ре спубликасының үкілі үміті Навбахор Хамидованы айқын ұтты. 70 килограмм салмақтың шебері Наталья Богданова австралиялық Лекейша Перголитиді ұтып, әлемнің ең үздігі атанды.
Бұл әлем чемпионатының түйінін аса ауыр салмақтағы отандасымыз Айбек Оралбай қойды. Айбекке артылған жауапкершілік жүгі де ауыр болатын. Себебі Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары 6 алтын медальдан олжалап, командалық есепте бірінші орынға таласып тұрған. Біздің елдің мерейі үстем болу үшін Айбек Оралбай өзбекстандық қарсыласы Жахонгир Зокировты жеңуі керек еді. Бұл жауапкершілікті Айбек сезінді де.
Алайда кейбір төрешілердің түсініксіз шешімдерімен екі раундтан кейін екі ұпаймен ұтылып тұрды. Соңғы раундта Айбек барын салды, тек алға ұмтылып, қарсыласқа соққы берумен болды. Керісінше ала тақиялы елдің өкілі қарсыласты жиі құшақтап, айла тәсілге көшті. Айбек сонда да соққыларын дарытып, белсенді болды.
Төрешілер осы белсенділігін ескеріп соңғы раундты 4:1 есебімен Айбекке берді. Нәтижесінде Айбек жеңіске жетіп, алтыннан алқа тағынды. Айбектің жартылай финалда 5 дүркін әлем, 2 дүркін Олимпиада чемпионы кубалық Ла Крузды 3:2 есебімен ұтқанын білеміз. Аңызға айналған Куба қабыланы Айбектен аса алмай, қоланы қанағат тұтты. Осылайша, егіз боксшылар Айбек те, Нұрбек те – әлем чемпионы. Елімізде бокстың дамығаны сол емес пе, бір шаңырақтан екі әлем чемпионы шығып жатыр.
Шүкір! Осылайша, 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медальмен Қазақстан құрамасы командалық есепте бірінші орынға шықты. Екінші орынға ие болған Өзбекстан құрамасының 6 алтын, 2 күміс, 3 қола медалі бар. Үндістан құрамасы 2 алтын, 1 күміс, 1 қоламен үздік үштікті түйіндеді. Жеңіс құтты болсын, отандастар!
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




