«Қош, махаббат!» – сезім мен сырға толы сахналық туынды
- author «Ақ жол»
- 14 қыркүйек, 2025
- 930
– Әңгімемізді жаңа маусымның шымылдығын ашқалы тұрған «Қош, махаббат» драмасынан бастасақ. Неліктен дәл осы шығарманы таңдадыңыз?
– «Қош, махаббат» – қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың төл туындысы. Оның бүкіл шығармашылығына қарасақ, поэзияға, күнделікке, прозалық дүниелерге көбірек қалам тартқанын білеміз. Ал бұл пьеса – ақынның сахнаға арналған жалғыз еңбегі. Сондықтан да ол ерекше, қастерлі дүние деп ойлаймын. Бұл шығарманы сахналауды таңдағанымның бірнеше себебі бар. Ең әуелі, Мұқағали шығармашылығы – тұнып тұрған лирика, махаббат пен сезімге толы әлем. Бүгінгі қоғамға қарасақ, адамдар арасындағы шынайы сүйіспеншілік азайып бара жатқандай көрінеді. Кейде тіпті махаббаттың өзі ұмыт қалып бара жатқандай әсер қалдырады. Осындай ой мені алаңдатады. Сондықтан жүректерді қайта оятып, жастарға махаббаттың мәңгілік құндылық екенін жеткізу үшін осы шығарманы сахнаға шығаруды жөн санадым. Бұл қойылымда бәрі бар: адал достық та, өкініш те, жасандылық пен сатқындық та. Ең бастысы – атына заты сай махаббат бар. Ол тек сөз жүзінде емес, жан дүниені тербейтін, деміңді ішіңе тартқызып, жүрегіңді дүрсілдететін сезім күйінде беріледі. Осы қойылым арқылы көрерменге махаббаттың шынайы келбетін көрсеткім келеді. Менің мақсатым – әсіресе жастардың жүрегінде махаббатқа деген құрметті, сүйіспеншілікті сақтап қалу. Сүйгенді аялау, сыйлау, қорғау – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі екенін ұғындырғым келеді. «Қош, махаббат!» – жай ғана сахналық дүние емес, ол – өмірге, сезімге деген адалдыққа шақыратын шынайы туынды.
– Актерлік құраммен жұмыс барысы қалай өтті? Қойылымға дайындық кезінде қандай да бір қиындықтар болды ма?
– Өз басым Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма те ат рының әртістерімен жұмыс істеуден ерекше әсер алдым. Шынымды айтсам, олардың кәсіби білігімен қатар, адами қасиеттеріне де тәнті болдым. Бірден тіл табыстық, ойымыз да, бағытымыз да ортақ болды. Бір сөзбен айтқанда, біз нағыз командаға айналдық. Маған ұнаған үлкен артықшылық – бұл театрда жас буынның көптігі. Сахнаға жиырмаға жуық қыз-жігіттердің шығып, өз қабілеттерін көрсетуі – кез келген театр үшін үлкен бақыт әрі үлкен жетістік. Жастардың өнерге деген құштарлығы, оттай жалындаған энергиясы дайындық процесіне де ерекше серпін берді. Тағы бір айта кетерлігі, бұл жас әртістердің барлығы дерлік жергілікті оқу орындарының түлектері. Яғни, туған жерінің топырағында өсіп, осы өңірден қанат қаққан балалар. Бұл – театрдың болашағы бар, шығармашылық әлеуеті мықты екенін көрсетеді. Мен режиссер ретінде оларға сенемін, тек ең бастысы – еңбектенуді тоқтатпай, үздіксіз ізденіп отырса, үлкен биіктерді бағындырады деп ойлаймын. Ал дайындық процесіне келсек, аса бір қиындық болды деп айта алмаймын. Керісінше, актерлердің ынтасы мен бірбіріне деген қолдауы жұмысты жеңілдетті. Әрқайсысы қойылымға барын салып кірісті. Соның арқасында шығармашылық ортада ерекше бір үйлесім мен рух қалыптасты.
– Қойылымды көрермен қалай қабылдайды деп ойлайсыз?
– Құдайға ғана мәлім ғой. Себебі әр қойылымның тағдыры – ең әуелі сахнадағы әртістердің шынайы ойынына, жүрекпен алып шығуына байланысты. Ал ары қарайғы бағасын беретін – халық. Өйткені халықтан асқан сыншы жоқ. Менің арманым – әр буын көрерменнің осы қойылымнан өзіне жақын дүниені табуы. Мәселен, аға буын көрермендер спектакльді тамашалап отырып жастық шағын, алғашқы сезімдерін еске алып, жүректері ностальгияға толып шықса, бұл – үлкен жетістік. Орта буын болса, күнделікті күйбең тірліктің арасында ұмытылып бара жатқан нәзік сезімдерін қайта оятып шықса, ол да мақсатқа жеткеннің белгісі. Ал ең бастысы – жастар. Олар махаббаттың қадір-қасиетін түсініп, оны қастерлей білсе деймін. Мұқағали Мақатаевтың өзі айтқандай, «Ей, күнәдан пәк жас жандар, махаббатпен ойнағанды тастаңдар» деген үнді жүректерімен сезінсе – менің режиссер ретіндегі еңбегім ақталды деп білемін. Қысқасы, бұл қойылым әр көрерменнің жүрегіне жол тауып, жан дүниесінде бір із қалдырса – біздің мақсатымыз орындалғаны. – «Қош, махаббат!» қойылымына келу үшін нақты үш себепті атап өтсеңіз? – Біріншіден, көрермен бұл қойылымға ең алдымен рухани байып, жан дүниесін тазартып, шынайы өнерден нәр алу үшін келуі тиіс. Театр – жүрекке жол табатын киелі өнер ордасы. Мұнда көрермен тек оқиғаға куә болып қана қоймайды, сахнадағы әр сәттен ләззат алып, өз жанын байытады. Екіншіден, бұл – Тараз топырағында өнердің өркендеуіне үлес қосудың бір жолы. Себебі, сахнада жалындаған жастар ойнайды. Олар өнерге ғашық, жүректері оттай лапылдап тұрған ұрпақ. Олардың ойынына қол соғып, демеу беру арқылы әр көрермен сол жастардың рухына, шабыт отына қуат қосады. Бұл – өнерді ғана емес, жастардың болашағын қолдау деген сөз. Үшіншіден, «Қош, махаббат!» – күнделікті күйкі тірліктен бір сәт арылып, жан тыныштығын табуға мүмкіндік береді. Өмірдің ағымында біз көбіне өзімізді ұмытып, сезімімізді екінші орынға ысырып қоямыз. Театр – сол ұмыт қалған сезімді қайта оятып, адамның адам екенін еске салады. Қысқасы, бұл қойылымға келу – бір мезгіл тыныстап, жүректі жаңғыртып, махаббаттың қадірін қайта ұғынудың тамаша жолы.
– «Қош, махаббат!» сіздің режиссерлік жолыңызда қандай із қалдырды деп ойлайсыз?
– Әрбір қойылым – режиссердің өміріндегі бір белес, бір мектеп. «Қош, махаббат!» мен үшін ерекше жұмыс болды. Өйткені, бұл туынды арқылы махаббат тақырыбының тереңдігіне қайта үңілдім. Махаббат – тек сезім ғана емес, ол – адам болмысының өзегі, өмірдің мәні екенін тағы да ұқтым. Бұл қойылымда әр буынға ортақ ой бар: аға буын өткенін еске алады, орта буын жүрегін сергітеді, ал жастар махаббатты қадірлеуді үйренеді. Демек, режиссер ретінде менің міндетім – осыны сахна арқылы жеткізу. Сол жолда актерлермен бірге ізденіп, толғанып, өзіміз де біраз сабақ алдық. Режиссерлік жолымда бұл қойылымды үлкен бір белес деп атар едім. Себебі, мен үшін маңыздысы – көрерменнің жүрегіне жол табу. Егер бір адам болса да қойылымнан әсерленіп, өзіне ой түйіп шықса – еңбегімнің жемісі сол. Сондықтан «Қош, махаббат!» – шығармашылық сапарымдағы тек бір жұмыс емес, ол – менің де жанымды байытқан, өнерге деген көзқарасымды тереңдеткен қойылым болды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ғалия АБЫЛАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Әжелер ансамблі шын таланттың жарыққа шығатынына көз жеткізді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




