«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қаратау елді мекенінде жаңа медициналық пункт ашылды

Қаратау елді мекенінде жаңа медициналық пункт ашылды
Автор
Жамбыл ауданында биыл атқарылған жұмыс көп. Әсіресе әлеуметтік сала бойынша салынып, ел игілігіне берілген нысандар баршылық. Атап айтсақ, жаңа оқу жылында Жамбыл ауданында екі мектеп, екі спорт нысаны пайдалануға берілді. Ол нысандар 1-қыркүйек күні салтанатты жағдайда ашылды. Енді, міне, аудан орталығынан шалғай орналасқан Қаратау елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді.

– Осы аптаның басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа өзінің кезекті Жолдауын арнады. Жолдауда қамтылған мәселе ауқымы кең. Соның ішінде білім және денсаулық салалары да бар. Мәселен, жуырда ауданымызда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес заманауи стандартқа сай 100 және 150 орындық 2 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның бірі Бәйтерек ауылында, екіншісі Шайдана ауылында орналасқан білім нысандары. Одан бөлек екі спорт алаңы ашылды. Енді, міне, аудан орталығынан шалғай орналасқан Қаратау елді мекеніндегі фельдшерлікакушерлік пункттің ашылуына қатысып, елдің қуанышымен бөлісіп қайттым, – дейді аудан басшысы.

Бұл нысанды ауыл тұрғындары көптен бері күткен еді. Олар ем-дом алу үшін орталыққа барып жүретін. Аудан әкімімен өткен кездесулерде ауылға медициналық пункттің қажеттігін көтеріп келген тұрғындардың өтініші орындалды.

Аудан басшысы Қаратау ауылындағы жаңа нысанның ашылуына қатысып, өз сөзінде бұл әлеуметтік нысан ауыл жұртшылығының денсаулығын жақсартуға, дер кезінде көмек көрсетуге бағытталатынын айтты.

– Өздеріңізбен денсаулық нысанының ашылуында көрісіп отырғаныма қуаныштымын. Талайдан бері ауыл азаматтарының талап-тілегіне айналған пункт бүгін ел игілігіне беріліп отыр. Мұнда денсаулық жағдайын тексеріп, ем-шаралар қабылдауға барлық жағдай жасалған. Ауыл азаматтары сырқаттанып емес, аурудың алдын алу үшін келе берсін. Тек амандық болсын, – деді Ерлан Қыдыралыұлы.

Жаңа нысанның лентасын аудандық Қоғамдық кеңе стің төрағасы Рүстем Бегалиев пен ауыл қариясы кесті. Денсаулық нысанының мүмкіншілігімен аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Ақмарал Сағынтайқызы таныстырып өтті. Қаратау фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысын «Taimas Construction Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар