М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті Гүлнұр Мейірмановамен сұхбаттасып, бүгінгі қоғамдағы тілге қатысты сауалдардың жауабын іздедік. Гүлнұр Советқызы 2000 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз университетін қызыл дипломмен тәмамдап, осы оқу орнының Қазақ тілі кафедрасында оқытушылық қызметке қалады. Жас мамандарды оқытып, дайындауда қызмет ете жүріп, өзін қызықтырған қазақ тілінің грамматикасына терең үңіліп, зерттеу жүргізеді. Ғылыми ізденіске түбегейлі кіріскен ғалым бүгінге дейін ана тіліміздің сан түрлі ережелерін ұғындыруда бірнеше оқу құралдарын жазды.
– Гүлнұр Советқызы, бүгінге дейін қандай тақырыптарды зерттеп, нәтижесінде нендей жаңалыққа қол жеткіздіңіз?
– Қазақ тілі мені ерте жастан-ақ қызықтырды. Сол талпыныспен осы бағытта білім алдым, өзімді оқытқан оқу орнында жұмысқа орналастым. Өзіңді қызықтырған салада жұмыс істеу жетістіктерге жетелейтіні рас. 2003 жылдан бастап Қазақ тілінің грамматика саласы бойынша зерттеулерімді бастап, 2008 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы диссертациялық кеңесте 10.02.02 – қазақ тілі мамандығы бойынша профессор Р.С.Әмірдің жетекшілігімен «Синтаксистік жүйедегі есімдіктердің қызметі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап шықтым. Сол 2003 жылдан бері қазақ тілінің грамматикасын зерттеп келемін. Осы салаға қатысты еңбектерімді жинақтай келе, «Қазақ тілінің синтаксисі», «Синтаксис мәселелері» атты оқу құралдарын жарыққа шығардым. Оларды бүгінгі күнде студенттер сабақ барысында пайдаланып жүр. Осы сала бойынша, яғни қазақ тілінің грамматикасы, функционалды грамматика, дискурс және мәтін лингвистикасы бойынша 70-тен астам ғылыми мақалалар жазып, «Синтаксистік жүйедегі есімдіктердің қызметі» атты монографиямды жарыққа шығардым. Бұл еңбегімізде бұрын-соңды қазақ тілінде зерделеніп, бір арнаға келтірілмеген есімдіктердің дискурстық жүйедегі дейксистік, анафоралық, катафоралық қызмет ерекшеліктері көркем әдебиеттегі нақтылы мысалдармен дәлелденіп берілді. Есімдіктердің мәтіндегі қызметі өте кең, оқырманға түсінікті болу үшін мысалдармен дәлелдер көрсетсек. Сілтеу есімдіктері алдыңғы мәтіннің бір элементін сілтей отыра, барлық үзіндіні қамтып алады. Мысалы, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романында Сәлиманың шешесінің майдандағы Ерболға жолдаған хатында мынадай үзінді бар: «Қымбатты Ербол балам! Дүние тыныштық болса, сені шын балам болар деп ойлаушы едім. Сұм соғыс килікті де, бәріңді көгендеген қозыдай алысқа алып кетті. Сәлимам сені сарғайып көп күтті. Оның енді отыруының орны жоқ. Ерге шығуы керек... Егер сенің оны шын жақсы көргенің рас болса, бағын байламай, рұқсатыңды бер. Оған кінә қойма, өз күнін көрсін, обалдарың сұм Гитлерге болсын. Ал, қарағым Ербол! Осыны сенен аналық тілек етемін» (Ә.Нұршайықов). Бұл үзіндінің соңғы сөйлеміндегі «осыны» деген анафоралық сілтеу есімдігі бүкіл бір үзіндінің бәріне қатысты ойды бір өзі ғана сілтеп көрсетіп тұр. Сонда қарап отырсаңыз, есімдіктер болмаса, мәтінді оқырманға түсіндіру мүлде мүмкін емес. Сол сияқты «Абай жолында» да Еңлік пен Кебектің махаббатын, қазақ қызының хал-жайын бір беттей көлемде сөз ете келе, жазушы келесі бір бетте «Ол шынжыр қазақ қызының мойнына бұрынғыдан да бата түсті» деп ой қорытады. Мұндағы байланысқа негіз болып отырған – «ол» сілтеу есімдігі. Сонда есімдік көркем шығармадағы екіүш бет бойы жазылған ойларды байланыстыра алады. Міне, тілдік элементтердің мұндай қызметі басқа тілдердегі сияқты қазақ тілінде де зерттеліп, қазақ тіл білімінің жаңа белеске көтерілуіне септігін тигізуде.
– Университетте болашақ тіл мамандарын кәсіби тұрғыда оқытып келесіз, шәкірттеріңіздің арасында ғылым жолына түскендер бар ма? Сіздің жетекшілігіңізбен олар қандай ғылыми жетістіктерге жетті?
– Жоғары оқу орнында қызмет етіп келе жатқаныма 25 жылдың жүзі болып қалды. «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» білім бағдарламасы бойынша «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы, морфологиясы, синтаксисі», «Нормативті қазақ тілі», «Орфография және пунктуация» және тағы басқа пәндерден дәріс оқимын, сонымен қатар практикалық сабақтар жүргіземін. Сондай-ақ магистратура бойынша «Мәтін лингвистикасы», докторантура бойынша «Синтаксистік жүйедегі сілтеу құралдары» пәндерінен дәріс оқимын. Оқу орнында жыл сайын студенттердің ғылыми жұмыстарының байқауы ұйымдастырылады, студенттеріміз оқытушылардың жетекшілігімен бірінші курстан бастап ғылыми жұмыстармен айналысады және түрлі байқауларға қатыс ады, соңында ғылыми жұмыстарын диплом жұмысына ұластырып, аяқтап шығады. Әр оқу жылында бітіруші түлектеріміз өз ғылыми жұмыстарымен ғылыми халықаралық конференцияларға қатысып, олардың ғылыми жұмыстары жинақтарда жарық көріп отырады. Біздің мамандықты бітірген түлектеріміз бүгінгі таңда Жамбыл облысының және жалпы Қазақстанның түкпір-түкпірінде мектеп қабырғасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен білім беруде, бірқатары ғылым жолында жетістіктерге жетіп, ғылыми диссертацияларын қорғап, түрлі ғылыми дәрежелерге ие болуда, бірқатар түлектеріміз бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет етсе, бірқатар түлектеріміз жоғары оқу орындарында еңбек етеді, біразы мемлекеттік қызметте және түрлі қоғамдық қызметтерді атқаруда. Ғылым саласында жетістікке жетіп, диссертацияларын қорғап, ғылыми дәрежелерді иеленген Н.Дидарбекова, Ш.Исақұлова, А.Назарбекова, Е.Әбдімомынов және тағы да басқа түлектерімізді атап айтуға болады. Сондай-ақ ғылым жолында жұмыс істеп, жоғары оқу орнында дәріс беріп жүрген А.Қойбағарова, Е.Дүйсенбеков, А.Молдақұлова, А.Жаманбаева, Л.Омарқұлова, Г.Еспенбетова және тағы басқа түлектеріміз бар. Сондай-ақ Қазақстанның түкпіртүкпірінде мектеп қабырғасында болашақ ұрпақ тәрбиесімен айналысып, мектеп директоры, орынбасары, Қазақстанның Үздік педагогтері, құрметті ұстаз болып жүрген М. Досмаханұлы, М. Райқұлов, С. Өсербаев, А. Сәрсембекова, А. Нұрмолдаева, А. Маталиева, А. Аманбаева, А. Тәттібекова, А. Рысбекова, Ж. Бірқожаева, Б. Абуталипова, Н. Иманбекова, Г. Тезекбаева, Г. Егеубаева, Д. Алимбаева, А. Әбілқасымова, Г. Тасқанбаева, А. Тоғайбаева, Б. Ерубай, А. Сейдуалиева, Г. Серікбаева, А. Махат, М. Амалбекова, А. Дариябаева, З. Дадашова, Е. Нұрланов, Н. Жақсылық, Б. Бимұрат, А. Әкімхан және тағы басқа көптеген түлектеріміз білім саласында, ал А. Қазыбаев, Е. Досалы, Н. Тазабаева сынды түлектеріміз бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ М. Орынбаев, А. Нарегеев сынды басқа салада жүріп-ақ елімізге еңбек етіп жатқан түлектеріміз жайында ыстық ықыласпен айта аламыз.
– Қазақ тіліндегі кейбір сөздерге қойылатын үтір, сызықша секілді тыныс белгілері әр жерде әртүрлі қолданылып жатады. Қолданушылар емлелік ережеден қателеспеу үшін қандай негізге сүйенуі керек?
– Қазақ тілінің емле ережелері тұрақты. Р.Сыздықованың «Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш» атты еңбегінде орфографиямыз бен пунктуациямыздың барлық ережелері нақтыланып берілген және олар бүгінгі күнде де өзекті. Қазіргі кезде қоғамда бірқатар жағдайларда тыныс белгілері мен орфографиялық ережелерді, сөйлемнің грамматикалық құрылысын дұрыс сақтамай жазатындар және баспа бетіне де сол күйінде шығып кететін жағдайлар кездесіп қалып жатады. Ондай олқылықтарды бірден байқап отырамыз. Сондықтан да баспаға жауапты тұлғалар материалды жарыққа шығармас бұрын оны жақсылап тексерсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қайталап айтайын, Р. Сыздықованың «Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш» атты еңбегіне сүйенсек, қателеспейді.
– Тіл саласының аясы кең, сіздің ойыңызша қазақ тілінің қай тұстары әлі де зерттеліп ашылмай тұр?
– Әрине, тіліміздің аясы өте кең және оның зерттелмеген қырлары әлі де өте көп. Мәселен, сөзжасам, терминжасам, аталымдар мен олардың сан қилы концептілерінің қолданыс аясы, мән-мағынасы, қолданбалы грамматика, синтаксистік тұлғалардың контекстік, коммуникативтік қырлары, мәтін, дискурс, прагматика, функционалды грамматика, айта берсек, қазақ тіл білімінің толық зерттелмеген сан түрлі салалары жетерлік. Сонымен қатар қазақ тілін оқытудың әдіснамасы мен әдістемесі бойынша да көптеген зерттеу жұмыстарын жазып шығуға болады. Болашақта тіліміздің осы қырлары әлі де болса зерттеліп, кеңінен ашыла түседі деп нық сеніммен айта аламыз.
– Қазақ тілінің маманы ретінде ана тілімізді бұрмалап сөйлеу, қоғамдық орындардағы көрнекі ақпараттарға көпе-көрінеу қатемен көрсетілуі және басқа да осындай қоғамдағы қолданыста кездесетін олқылықтарға ойыңыз қандай?
– Ана тілімізді бұрмалап сөйлеуге, әрине, қарсымыз. Көп жағдайда бұрмалаушыларға ескерту жасап та отырамыз, алайда жастар жағы көбіне оны елемейді. Сондықтан мектеп қабырғасында осы мәселеге көбірек көңіл бөлген жөн. Сонымен қатар билік тарапынан ана тіліміздің мәртебесін арттыратын іс-шаралар көбірек жасалса деп үміттенеміз. Қоғамдық орындардағы қателермен жұмыс жасайтын арнайы мекемелер бар, қоғам мүшелері сондай олқылықтарға бейжай қарамай, көрген ақпараттарын сол құзыретті органдарға жеткізуге ерінбесе, әрбір қазақ Қазақстанның, ана тіліміздің көркеюі үшін күресе білсе, еліміз де, тіліміз де тез өркендер еді.
– Кейінгі кездері ана тіліміздің төл әрпі Ң-ды бұрмалап Н деп сөйлейтіндер жиі кездеседі, кейбірі шынымен тілі келмейтінін айтады, сіздің ойыңызша ондайлар тілін Ң-ға қалай сындыру керек?
– Ана тіліміздің төл дыбысы болып табылатын «ң» дыбысын айта алмайтындар көбіне өзге тілді мектептерде оқығандар болуы мүмкін немесе тілінің мүкісі бар адамдар айта алмауы мүмкін. Мұндай жағдайда әр дыбыстың айтылуын үйрететін логопед мамандармен жұмыс істеген жөн болар деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Қамар ҚАРАСАЕВА.
Ұқсас жаңалықтар
«Еңбек еткенде қарапайым ережені сақтау маңызды»
- 4 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




