«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ата-анаарасындағы текетірес: Сот оған қалай араласады?

Ата-анаарасындағы текетірес: Сот оған қалай араласады?
Автор
«Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Адамның мінезі, өмірге көзқарасы, тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарға беріктігі – үйдегі жайлы ортадан қалыптасады. Сондықтан, отбасының беріктігі – қоғамның тұрақтылығы, ал отбасы ішіндегі үйлесім – өз ұрпағыңның болашағына салынған мықты негіз болмақ. Отбасы – әрқайсымыздың өмір жолымыздағы алғашқы тірегіміз, қуаныш пен қиындықты бөлісетін ең жақын ортамыз. Сол себепті, отбасы ішінде туындайтын кез келген өзгеріс, әсіресе ажырасу сияқты шешім, тек екі адамға ғана емес, бүкіл ортаға әсер ететіні анық.

Қазақ қоғамында бұрын ажырасу сирек кездесетін. Өйткені, отбасы мәселелері көбіне сыртқа шығарыла бермейтін. Сондай-ақ дәстүр мен үлкендердің ықпалы да өте күшті еді. «Ұят болады», «Ел не дейді» деген түсініктер де жұптардың қандай жағдай болса да бірге қалуына себеп еді. Әсіресе қаймағы бұзылмаған ауыл-аймақта анда-санда бір неке бұзылған жағдай болса, үлкендеріміз бірден оларды «орнына» қоятын. Ал қазір ше, ел арасында ауыл мектептері жиендердің арқасында тарап кетпей тұр деген қаңқу сөзді де көп естиміз. Әрине бұл өте өкінішті жағдай. Осы ретте облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Думан Мәуленовпен сұхбаттасып, ерлі-зайыптылардың айырылысуының негізгі себептері қандай және ортадағы баланың мүддесі қалай қорғалатынын білу мақсатында бірнеше өзекті сұрақтарға жауап алуды жөн көрдік.

– Думан Болатұлы, биылғы жылы неке бұзу жөніндегі істерді қарауда облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының статистикасы қандай?

Неке бұзу ісі тек ювеналды сотта ғана емес, аудандық, қалалық соттарда да, АХАЖ бөлімі арқылы да қаралады. АХАЖ бөлімі ерлі-зайыптылардың ортақ кәмелетке толмаған балалары жоқ болса және екеуі де ажырасуға өз еркімен келіссе, ажырасуды тіркей алады. Ал ортақ кәмелетке толмаған балалар бар болса, неке бұзу туралы істі ювеналды сот қарайды. Сондықтан біздегі статистика облыс бойынша ажырасудың нақты санын айта алмайды. 2025 жылдың 11 айында неке бұзу бойынша 2238 талап арыз келіп түсті. Оның ішінде 1176 азаматтық іске неке бұзу туралы шешім шықты. 581 іс бойынша сот тараптарды татуластырды.

– Жалпы соттағы ажырасу істерінің қаралу тәртібін тарқата айтсаңыз.

Ажырасуға талап-арыз келіп түскеннен кейін біз 10 жұмыс күннің ішінде татуластыру рәсімдерін жүргіземіз. Яғни, ерлі-зайыптыларды сұхбаттасуға шақырып, өзара түсінісулеріне әрекет жасаймыз. Ажырасуға арыз берудің себебін анықтаймыз. Егер одан еш нәтиже шықпаса, азаматтық іс қозғалып, өндіріске талап-арыз қабылданады. Одан кейін 20 жұмыс күнде дайындық жұмыстары жүргізіледі де, ары қарай екі айдың ішінде іс қаралады. Бұл істердің қаралуының өзіндік ерекшеліктері бар. Біріншіден, талап-арыз келіп түскеннен кейін бір айдан ерте ешкімді ажыратуға болмайды, екіншіден жауапкерлердің бір жасқа толмаған баласы болса және әйелі ажырасуға қарсылық танытса, некені бұзуға заңнамалық тыйым бар. Бұдан бөлек, біз тараптарға бір айдан алты айға дейін татуласу үшін мерзім белгілей аламыз. Сонымен қатар тағы бір ерекшелігі қазір ювеналды сот неке бұзумен қатар балалардың тұрғылықты мекенжайын, яғни ата-анасы ажырасқан жағдайда кіммен қалатынын, атаанасының баламен қалай кездесіп тұратыны және алимент өндіру мәселесін қатар шешіп кетеміз.

 – Ювеналды сотта қаралатын ажырасу істерінің жиі кездесетін себептері қандай?

– Себептер әртүрлі. Мен солардың ең жиі кездесетіндеріне тоқталайын. Біріншіден – ол тараптардың бірінің «көзге шөп салуы». Көбінесе бұл ер адамдардың тарапынан орын алады. Екінші мәселе – еркектің жұмыс істемеуі, отбасын асырамауы, яғни, отбасын материалдық қамтамасыз етпеуі. Үшінші мәселе – ұрыпсоғу, яғни абьюзерлік қарым-қатынастар, отбасылық зорлық-зомбылық. Төртінші себеп – бір тараптың букмекер сынды азарттық ойындарға құмар болып, отбасының бюджетін сонда жұмсауы. Одан кейінгі себеп – әлбетте ол бір тараптың ішкілікке салынуы немесе соған әуес болуы. Тағы бір мәселе – келін мен ененің қарым-қатынасына қатысты. Көбінесе әйелдер арыз бергенде: «Күйеуім жақсы, бірақ енеммен сыйыспадым, енем күн көрсетпейді» деп жатады. Тағы бір тоқталып кететін мәселе бар. Қазір көп жағдайда әйелдер алаяқтарға жолығып қалады немесе өзіне бағалы бұйым аламын деп қарызға батып үстемемен ақша беретін микрокредиттік ұйымдардан есепсіз несиелер алып, қарызға батып қалады. Соның кесірінен үйде ұрыскеріс туындайды. Осылайша қаржылық сауаттылықтың болмауы отбасылық жан-жалға алып келіп, ажырасып жатқан отбасылар да бар. Әлеуметтік желілерде «әйелдер бақытты болу керек» деген жалған ұранды желеу қылып жамыла отырып «жалғызбасты әйел болып өмір сүру жақсы, ыңғайлы» дейтін түсінікті насихаттайтын коуч, психологтардың да әсері жоқ емес. Солардың кесірінен отбасындағы үйлесімділік бұзылып, ер адамның отағасы ретіндегі рөлі, әйел адамдардың күйеуін сыйламауы сынды мәселелер туындап отыр. Ең соңғы және жиі кездесетін себептердің бірі – ол діни ағымдардың әсері. Яғни бір тарапта пайда болған жаңа діни көзқарас пен таным-түсінік жұбайлардың екіншісімен қабылданбайды.

– Ерлі-зайыптылар екі жаққа кеткенде баланың тұрғылықты жерін анықтау кезінде сот қандай критерийлер қолданады?

– Елімізде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соттар ажырасу кезінде баланың тұрғылықты жерін анықтау мәселесін шешуде, оның жасын, психологиялық жағдайын және жеке ерекшеліктерін бағалайды. Сондай-ақ, әр ата-ананың баланы бағып-қағуға дайындығы, баланың қай ата-анамен тығыз эмоционалдық байланысы бар, ата-ананың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы сынды негізгі критерийлерге мән береді. Заңнамаға сәйкес, 10 жастан бастап баланың пікірі міндетті түрде тыңдалады. Сонымен қатар сот баланы бауырларынан бөліп жібермеуді әдетте маңызды фактор ретінде қарастырады. Неке бұзу кезінде көп жағдайда соттар балалардың тұрғылықты мекенжайын анасымен белгіленгенін жөн көреді, өйткені әлбетте әр бала ананың мейіріміне мұқтаж. Бірақ кей жағдайда істегі дәлелдемелерге баға бере отырып, баланың мүддесі үшін тұрғылықты мекенжайы әкесімен де белгіленуі мүмкін. Осы ретте сотқа неке бұзу талап арыздармен жүгінуші ерлі-зайыптылар саны көбейіп, неке бұзу фактілерінің азаймауына байланысты, қазіргі таңда екі тараптардың арасында татуластыру рәсімдерін тұрақты түрде жүргізу мақсатында және бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін елімізде Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотымен бірнеше жыл бұрын «Отбасылық сот» пилоттық жобасы енгізілген болатын. Аталған жоба отбасы институтын жандандыру, отбасы құндылықтарын және отбасылық жарасымдылықты сақтау, ерлі-зайыптылар арасында туындаған дауларды мейлінше татуластыру рәсімдерін қолдана отырып бітімгершілікпен шешу, кәмелетке толмаған балалардың толыққанды отбасымен тұру және тәрбиелену мүмкіншілігін арттыру мақсатында енгізілгендігін атап өткен жөн. Аталмыш пилоттық жоба қоғамдағы неке бұзу секілді келеңсіздікке тосқауыл қоюға өз септігін тигізіп келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

P.S Сұхбаттан қоғамдағы бұл дерттің түп-тамыры әлеуметтікэкономикалық тұрақсыздықпен, отбасылық мәдениеттің әлсіреуімен, қаржылық сауатсыздықпен және психологиялық қолдаудың жеткіліксіздігімен байланысты екендігін байқадық. Ажырасу мәселесі тек отбасы ішінде шешілетін жеке проблема ретінде қаралмауы тиіс. Өйткені отбасы – елдің іргетасы. Жақында әлеуметтік желіні парақтап отырып: «Қазіргі күні отбасы зәулім сарайымен немесе қымбат көлігімен емес, сақтап қалған шаңырағымен, берік ұямен мақтана алады» деген әсерлі пікірге көзім түсті. Шынында да, уақыт өткен сайын адамды биік көрсететін оның материалдық мүмкіндігі не лауазымды қызметі емес, қасындағы жарымен бірге өткерген бақытты жылдары мен бір-бірін түсініп, сыйлап, қиындыққа бірге төтеп бере алғаны болса керек. Үйдің сәні – оның қабырғасындағы мәрмәр мен қымбат жиһаз емес, ішінде естілетін бақытты балалардың күлкісі, жылулық пен татулық емес пе? Сол себепті, ажырасу тек екі адамның емес, бүкіл қоғамның жүрегін сыздататын өзекті мәселе. Өйткені әрбір шайқалған шаңырақта бір баланың болашағы, бір әкенің үні, бір ананың жан дауысы бар. Әр адам бір отбасының аман қалуына себепкер бола білсе, сол қоғамның іргесі де берік болмақ.

 

 

Сұхбаттасқан Арна ЖҰМАТАЙ

 

Ұқсас жаңалықтар