«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін азайту керек

Азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін азайту керек
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің экономикасын дамытудың өзекті мәселелеріне талдаулар жасалынып, олардың тез арада шешімін табуға байланысты ұсыныстары айтылды.

Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында реформа жүріп жатқанын және оларды іске асыруға мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінгендігін және шаруаларға жеңілдікпен несие беру бағдарламаларының қабылданғанын атап өтті. Биыл бұл салаға шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалған. Алайда агроөнеркәсіптің орасан әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екеніне тоқталды. Мәселе сол қаражаттардың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету шараларында екенін атап көрсетті.

Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңа тиімді деңгейге көтерудің жолдарын ұсынды.

Біріншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін шараларды қалыптастыру, яғни өндірілген өнімді дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай бір тұтас желіні қалыптастыру.

Екіншіден, елімізде агрохабтар және логистика орталықтарын дамытып, шетел инвесторларымен серіктестікті нығайту.

Үшіншіден, мал шаруашылығындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын жүзеге асыру арқылы ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін күшейту.

Төртіншіден, жер ресурсын мақсатты және тиімді пайдалану, яғни жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беруді жүзеге асыру. Жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс. Осы тұрғыда мемлекет басшысы иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналу қажет деп атап өтті.

Бесіншіден, цифрлық технологияларды қолдану негізінде қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел дамыту нақты жоспарын жасау. Осы мәселені шешу үшін Президент Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнология хабы ретінде қайта құру туралы тапсырма берді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізде өндірістің барлық сатысын қамтитын үздік агрокәсіпорындар бар екенін, олардың өндірістік тиімділікке цифрландырудың тәсілін жаппай енгізу нәтижесінде қол жеткізіп отырғандарын сөз етті. Сондықтан сол агрохолдингтердің тәжірибелерін тарату үшін құзырлы министрліктің және қоғамдық ұйымдардың міндеті екенін атап көрсетті.

Президенттің Жолдауында ұсыныстарын толық жүзеге асыру, ауыл шаруашылық саласын жаңа деңгейге көтеріп, еліміздегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

 

Мұрат ЖҰМАДІЛДАЕВ

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің қауымдастырылған профессоры.

Ұқсас жаңалықтар