«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Меркідегі орталық базар көшедегі дегелі көп болды...

Меркідегі орталық базар көшедегі дегелі көп болды...
Автор
Газетіміздің тұрақты оқырманы мұның алдында Байзақ ауданына жолымыз түсіп, көрген-білгенімізді елге баян еткенімізді жақсы біледі. Бұл жолы Меркі ауданына сапарладық. Халықта «Ауылына қарап, азаматын таны» деген көнермейтін тәмсіл бар. Соған сайсақ, Меркі ауданының орталығына қарап, аудан әкімін анық тануымызға болатындай. Сонымен әлқисса...

«Жайма базары» – жайылған базар

Кім де кім облыс орталығында орын тепкен бұрынғы «көк базарды» аңсап жүрген болса, Меркі ауданының орталығында орналасқан орталық базарға барсын дегіміз келеді. Мұны біз әлгі жердегі жайма базарды көрген соң, айтып отырмыз. Базарға алып кіретін басты көше – Нұрқали Торғаев көшесінің бойы толған көлік, кептеліс, жолаушыларға арналған жолдың бойы жайылған жабайы «жайма базар».

Айнала у-шу, сығылысқан адам, сабылысқан саудагерлер, қызу сауда. Осыдан таяқ тастам жерде аудан әкімдігінің кеңсесі тұр деуге санаң сенбейтіндей. Әйтпесе ат үстінде жүргендердің аяқ астыларында не болып жатқандығынан хабардар болулары керек емес пе?! Жағдайға көз жүгірту мақсатында жайма базарды ен жайлаған жұрттың ішінен жолыма тап келген біреуді әңгімеге тартуды жөн көрдік.

Өзін Кәрімжан Айнақұловпын деп таныстырған зейнеткер кісі: «Базарды көшіру мәселесінің көтерілгеніне көп жылдың жүзі болды. Алдында о сындағы мал базарын басқа жаққа көшіргендігін ел біледі. Бір басшымыз келіп, «бүйтеміз» десе, екінші басшымыз келіп, «сүйтеміз» дейді. Қайсысына сенерімізді білмейміз.

Бүгінгі ахуалымыздың ауырлығы аудан әкімдері жиіжиі ауысатын ауданда өмір сүріп жатқандығымыздан шығар, бәлкім», – деген уәжімен бірталай нәрсенің басын ашып тастағандай әсер қалдырды.

Негізінде біз сөз етіп отырған орталық базардың аумағында үш бірдей базар орналасқан. Олар: «Меркі» орталық базары, «Хан» базары және «Аспара» құрылыс материалдары базары. Бұлардың батыс беткейінде «Меркі қалашығы» атты археологиялық ескерткішке жататын мемлекет қарауындағы жер қараусыз, тікен басып, сары тап болып сарғайып жатыр.

Былайша айтқанда, әрбір тасы тарихтан сыр шертетін қасиетті орын ешкімге керек емес сияқты кепті киген. Барды ұқсата алмай жүргеніміз қандай өкінішті. Базардың ауласы мен тарихи жердің төбесін көріп қайтқан соң орталық базардың әкімшілігіне кіріп, басшысына жолығудың сәті түсті.

Алдымнан базаркомның көмекшісі Мұқан Құнанбаев деген азамат қарсы шықты. Одан сырттағы жайма базардың неге жайылып бара жатқандығын сұрадық. Ол маған: «Жайма базарға біз жауапты емеспіз. Оның себебін жергілікті биліктен сұрағаныңыз жөн. Ал базар мәселесіне келсек, бұл жерді басқа жаққа көшіру қарастырылып жатыр», – деп қысқа жауап қайырды.

«Жайма базардың жайын жергілікті биліктен сұраңыз» дегенді естіген соң тікесінен аудан әкімдігіне тарттық. Мұнда осы салаға жауапты маман, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев кезексіз қабылдады. Бұйымтайымды білгесін алдымда ағынан жарылды.

– Жоғарыда сіз сөз еткен үш базарға сол жердің төменгі жағынан (1,3 шақырым қашықтықта) жер қарастырылып қойған. Орталық базарға тиесілі 5-6 гектар, «Хан» базарына тиесілі 2 гектар және «Аспара» құрылыс материалдары базарына тиесілі 45 сотық жер дайын тұр. Бұл шешіммен базар басшыларының бәрі де таныс. Бірақ неге екені белгісіз, көшуге ешқайсысы да асығар емес. Бірбіріне қарап отыр. Бір жылдан кейін жалға алу мерзімі аяқталады. Олар мерзімді кезеңге дейін іске кіріспесе, арғы жағында не болатынын айта алмаймын. Жайма базарға келсек, бұл мәселе алдыңғы мәселе шешілген кезде өздігінен оп-оңай шешіледі, – деді.

Біз осы жерде нені аңғарамыз?

Біз бұдан аудан орталығында орын тепкен үш базардың тізгінін қолдарына ұстаған басшылардың басқа жаққа көшуге әзірге құлықсыз екендіктерін, ал жергілікті биліктің жайма базарды жабуға саналы түрде бармай отырғандықтарын аңғарамыз. Өйткені атқамінерлер жайма базарды күштеп жабар болса, бұдан төрт жыл бұрын осында орын алған «көшені жауып алу» секілді жұрттың қарсылығы тағы да төбе көрсете ме деп қорқады.

Көз тимейтін ескерткіш

Көз тимейтін ескерткішті көріп пе едіңіз? Көрмесеңіз, оны көру үшін де Меркі ауданының орталығына барыңыз деп кеңес береміз. Орталық базардың кіреберісіне жеткенде сәл аялдап, жанжағыңызға қараңыз. Сонда үсті-басы көк жабындымен тұмшаланып тұрған «біртүрлі» ескерткішті анық көресіз.

Ел көзіне қораш көрінетін бұл ескерткіштің осылай тұрғанына көп болыпты. Меркіліктер мұның себебіне жете алмай аң-таң. Ал Меркі ауылдық округінің әкімі Ғазиз Байарыстан мырзаны бұл жағдай аса мазаламайтын сияқты ма, қалай өзі... Әлде, шенеуніктің қарбаласқа толы күйкі тірліктен қолы тимей жүр ме екен? Меркілік белсенді Қайрат Илиповті аудан тұрғындары жақсы біледі.

– Бұл ескерткіш биылғы жылдың наурызынан бері осылайша жабулы күйінде тұр. Күнде көруден біз де жалықпаймыз, биліктегілерде жалықпайды. Қашан жөнделетіндігін дөп басып ешкім айта алмайды. Бәлкім осыдан кейін қолға алынатын шығар, – дейді меркілік қоғам белсендісі Қайрат Илипов.

Көргеннен көңілім құлазыды

Қоқыс қалдықтары тасталатын жерді жайшылықта көруге кім құмарт а қойсын, жұмыс бабымен баруға тура келмесе. Мені де Меркі ауылының тұрмыс қалдықтары тасталатын қоқыс қоймасына Қайрат Илипов ертіп келді. Көргеннен көңілім құлазыды. Қоқыс қоймасының маңы шашылған қалдықтар. Айналасы өртелген жер.

«Мен сізді мұнда әдейі алып келдім. Жағдайды көзімен көрсін дедім. Мына қоқыс қоймасы жыл сайын бір рет өртеледі. Оның қолдан жасалатындығына күмәндану орынсыз деп санаймын. Айналасының қандай екендігін айтып жатудың өзі артық. Мал жайылатын жердің бәрін қоқыс қалдықтары басқан. Кіріп жатқан көліктердің салмағын өлшейтін қарапайым таразының өзі жоқ. Ал су жүйесінің жүргізілмегендігін айтпасақта болады. Сенімгерлік басқаруға берілген аймақтың сиқы осындай. Мұны да басқа жаққа көшірсе жақсы болушы еді. Көпшіліктің атынан о сыны аудан әкіміне құлаққағыс еткім келеді», – дейді ол.

Бұдан нені аңғаруға болады? Біз бұдан қоқыстар мәселесінде аудан басшыларының арқаны кеңге салып отырғанын байқадық. Бірақ бұл қашанға дейін созылады?

 

Талғат ТАЛАПҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар