«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Абылай ханның кінәсі не?

Абылай ханның кінәсі не?
Автор
Жақында бір туысым қонаққа шықырып, тараздықтар «За линией» атап кеткен теміржолдың арғы бетіндегі «Өнерпаз» аумағында Абылай хан көшесінде болғаным бар. Жаңа қоныс дастарқанына көршілер де шақырылған екен. Дастарқан басында әңгіме ауаны көше атауына ауысты. «Неге Абылай хан есімі осындай елеусіз көшеге берілген?

Үш жүздің басын қосып, қазақтың о сындай кең жерін күшімен, ақылымен сақтап қалған Абылайға облыс орталығында бір даңғыл берілсе артық болмас еді ғой» дегендей.

Қонақта отырған Абылай хан №40 үй тұрғыны Мейірбек Иманалиев:

«Осыдан төрт-бес жыл бұрын қалалық әкімдіктенбіз деген азаматтар көше атауына байланысты біраз қағаздарға қол қойдырып алған еді. Біздің көше бұрын Жамбыл көшесі болатын. Көпшілік Жамбыл даңғылымен шатастырып, таксистер мекенжай бойынша таппай жүретін еді. Сондықтан қол қойып бердік. Сонда Абылай хан көшесі болады деген-ді. Басында назар аудармағанымызбен, кейін ойланып қалдық...», – дейді.

Көшені араласаңыз мұнда жаңа атауымен қатар бұрынғы Жамбыл атауының да таблолары ілінгенін байқайсыз. Тіпті, Кеңес дәуірінен мұра болған «Джамбулский» атауын да кездестіресіз. Біз бұл мәселе бойынша жауапты мекемелерге хабарласқан едік. Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне хабарласқанымызда, «облыстық комиссияның төрағасы облыс әкімінің орынбасары» деп, облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына сілтеді. Ал мұндағы жауапты маман басқарманың ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы Медет Әтеннің айтуынша, соңғы жылдары кісі есімдері көше атауларына берілмейді екен.

«Тек дәстүрлі атаулар беріледі. Сіз көтеріп отырған мәселе бойынша айтарым, қала атаулары бойынша бізге ұсыныс қаладан түседі. Олардың құжаттық рәсімдеуін жүргіземіз», – деп қысқа қайырды.

Иә, қазір облыс орталығының ауқымы кеңейді. Қала іргесіндегі Жамбыл, Байзақ аудандарынан жер телімдері қосылып, біраз елді мекен қала аумағына толықтай өтті. Мәселе сол – қала аумағына өткен елді мекендердегі көше атаулары қайталанып кетпес үшін, жаңа атау алғандығы. Тіпті, мамандардың айтуынша қала аумағы кеңейгелі Абай атында 9, Жамбыл атында 14 көше пайда болған екен. Бүгінде Абай даңғылы мен Жамбыл даңғылының ескі атауы қалдырылып, басқа көшелерге жаңа атау берілген.

– Көшелерге жаңа атау беру және өзгерту бойынша сүйемелдеу жұм ы с ы төмендегіше жүргізіледі. Яғни, көше атауына байланысты ұсыныс түскен соң, ол көпшілік тыңдауына ұсынылады. Оған қаланың азаматтары қатысуға құқылы. Содан кейін барып, Тараз қалалық мәслихатының жанындағы комиссияда қаралады. Оған, міндетті түрде зиялы қауым қатысады. Талқыланған соң ғана барып, шешім шығады. Ол Әділет комитетінде тіркеледі. Сіз айтып отырған көшеге Абылай хан атауы 2021 жылы берілген. Көше қаланың шетінде емес қой. Қазір қала аумағында жаңа қосылған елді мекендерді қосқанда 175 көше атауын жаңарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл жұмыстың барлығы «Жол картасы» арқылы жүргізіледі, – дейді Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Бақыт Тоқсанбаева.

Құжаттарға сүйенсек, Тараз қаласының көшелеріне атау беру және қайта атау туралы Жамбыл облысы әкімдігінің 2021 жылғы 16 наурыздағы №61 бірлескен қаулысы және Жамбыл облыстық мәслихатының 2021 жылғы 16 наурыздағы №3-5 шешімі.

Бұл бірлескен қаулы Жамбыл облысының Әділет департаментінде 2021 жылғы 29 наурызда №4925 нөмірімен тіркелген. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы заңына, «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы заңына сәйке с, тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып және Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының 2020 жылғы 4 желтоқсандағы қорытындысы негізінде Жамбыл облысының әкімдігі қаулы етіп және Жамбыл облысының мәслихаты шешімімен «Арай», «Қайнар», «Шаңырақ» шағын аудандарындағы нөмірленген көшелерге жаңа атаулар беріліпті. Сондай-ақ №3-5 шешімінің 2-қосымшасына орай Тараз қаласында біраз көшелер қайта атау алыпты. Оның ішінде, №2 округ бойынша Қаратауская көшесі Ермек Серкебаев атауын иеленсе, «Бурыл» алқабы Қазиев көшесіне Қадыр Мырза Әлі, Қасымбеков көшесіне Тұманбай Молдағалиев есімі берілген.

Бұл азаматтар елге елеулі кісілер болғандықт ан қайталап отырмын. Ал №10 округтегі Жамбыл көшесі және Жамбыл көшесінің 1, 2, 3, 4, 5, 6-бұрылыстары – Абылай хан көшесі және Абылай хан көшесінің 1,2, 3, 4, 5, 6 – бұрылыстары атауын иеленген. Сала ардагері Үртай Сапақова да өз ойымен бөліскен еді.

«Расында келеңсіз көрініс екен. Заманында Бұхар жырау, Төле бимен замандас болған тұлғаның есімі елеусіз болғаны ма?! Уақытында, теңге алғаш шыққанда да Абылай ханның суретімен айшықталды ғой.Астана мен Алматыда Абылайхан даңғылы бар. Тараздықтардың Абылай хан есімін мұнда еске алып жатқандығы көңіл қынжылтады. Өзің айтқан комиссия құрамында кезінде мен де болғанмын. Бірақ қай кезде шығарып тастағанын білмедім, қазір жоқпын онда. Осындай атаулар төңірегінде ащы пікір білдірсең солай жасайды. Оған не дейсің?!», – деп қынжылыс танытты.

Жоғарыда айтып кеткендей, көше атауларын беру жөніндегі комиссия құрамындағы зиялы қауым Абылай есімін Тараздағы көрнекті бір көшеге беруге неге ұмтылыс жасамаған? Қазір жастар тарихты білмейді, кітап оқымайды деп жазғырамыз. Тарихты білу үшін де осындай қазақ тарихында орны бар тұлғалардың есімін елеусіз көшеге бермей, халық көп жүретін көшелерге берсек, тым болмаса жастарымыз «Абылай хан даңғылы» деген жазудан-ақ, тарихын тануға жақындай түсер еді деген ой. Иә, ой ойды қозғайды. Естуімше, облыс орталығында бой көтеріп келе жатқан жаңа бір шағынаудан «Шымкент» аталмақшы екен. Бұл да көпшілік тыңдауында шешілсе керек.

Дегенмен «Астана» деп 12-шағынауданды атадық. Ал тарихы тым тереңде жатқан Алматыға құрметіміздің болмағаны ма!? Жастардың жастық шағы Астанамен тағдырлас шығар, ал аға буынның жалынды жастығы Алматымен тағдырлас емес пе!? Тұлғалар мен аға буынға деген құрметіміз осыдан көрінсе керек.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Ұқсас жаңалықтар