«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сатириктің сан қыры

Сатириктің сан қыры
Автор
Қазақ әдебиетінің сатира жанрына сүбелі үлес қосқан қаламгердің шоқтығы биігі – Шона Смаханұлы. Сатираның саңлағы 1942 жылы байзақтық Тайғара Наржанов деген кісімен Жамбыл қаласында (қазіргі Тараз) мұғалімдік курста бірге оқыпты. Содан араларында достық болса керек. Кейіннен Шона Алматыға қоныс аударып, әйгілі ақынға айналып кеткен кезінде де елдегі досын бір сәт есінен шығармай, хабарласып тұрыпты.

Тіпті, беріректе 1984 жылы Қырықжылдық (қазіргі Мәдімар) ауылына Тайғара Наржановты арнайы іздеп барып, досының отбасында болған. Ол кезде Тайғара – ұжымшар бастығы екен. Сатирик Шона Смаханұлы досымен әзілдесіп, әртүрлі кейіпте суретке түсуді де ұмытпапты. Екі достың қуана кездескен шағы қандай әсерлі десеңізші! Қазіргі таңда жоғарыда аталған екі дос та бақилық. Олардың жүздескен сәттері – тарих. Бұл туралы Тайғараның баласы Төле Наржановта деректер мен суреттер сақталған екен.

– Әкем еңбек жолын қазіргі Темірбек ауылдық округі, Сарыбарақ ауылында мектеп меңгерушісі қызметінен бастаған. Сол уақытта ақын сатирик Шона Смаханұлымен хат жазу арқылы да байланысып отырған. Ол уақыттағы кісілердің бір-біріне ізеті мен құрметі, достыққа адалдығы ерекше болды емес пе? Әкем мұғалімдерге арналған курсты Шонамен бірге оқыған кездерін, сол кездің өзінде сатирик досының әзілге шебер, тапқыр азамат болғанын айтатын. Ол кейбір кісілердің алдында немесе көрген бір оқиғаны бір шумақпен дем арасында әзілге айналдыра қоятын. Ондай айтқыш, шебер болмысы кім-кімнің де назарын аударғандай еді. Әкеміздің досы, замандасы болған соң Шона атамыз бізге де ыстық болды. Ол кісінің шымшыма әзілге толы кітаптарын қызыға оқыдық. Оқыдық та ішегіміз бұралғанша күлдік. Бала едік. Әзілдің астарына терең мән бере бермеуші едік. Кейіннен есейгенде ол әзілдерді басқаша қабылдадық. Ақын жай ғана әзіл шумақ жаза салмаған екен. Сол әзіл шумағы арқылы қоғамның өзекті мәселесін астарлы қозғай біліпті. Сатира жанрының нағыз шебері болды Шона ақын. Ал оның достыққа адалдығы, қарапайым кісілерге жақын жүруі – екінші қыры. Біз 41 жыл бойы жеке архивімізде сақталған с арғайған суреттерге сағынышпен қараймыз, – дейді ол.

Сатира сардарына айналған Шона ақынның Байзақ ауданы, қазіргі Мәдімар ауылына келуі, суретке түсуі – бір құндылық. Оны ұзақ жыл сақтап келген Төле Наржановтың ұқыптылығын да оң бағалауға болады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар