Кешті аудан әкімі Жалғас Мұртаза ашып, аудан көлемінде жыл сайын Бауыржан Мұқанұлын еске алу шаралары өтіп, өскелең ұрпаққа ақынның өнегелі өмірі, шығармашылығы кеңінен насихатталып, ақынның жарқын бейнесі мен есімі кейінгі ұрпағына қалдырған әдеби мұрасы арқылы халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталатындығын жеткізді.
– Бауыржан Мұқанұлы санаулы ғұмырын жастарды тәрбиелеуге, қазақ әдебиетін дамытуға арнаған дара талант иесі еді. Ақын 180-нен аса өлең және прозалық шығарма, естеліктер, арнау өлеңдер жазған, онымен қоса, бірнеше жыр кітабы жарық көрген. Оның өлеңдерін жастар да жатқа оқиды. Қазақ әдебиетіне қомақты олжа салған арда ақын Бауыржан Үсеновтың жарқын бейнесі мен ұлағатты есімі кейінгі ұрпаққа қалдырған әдеби мұрасы арқылы халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады, – деді Жалғас Әлижанұлы.
Осыдан кейін аудан басшысы ақынның жары, ардагер ұстаз Гауһар Тәжікеноваға Құттықтау хатпен бірге, қазақы салтпен камзол кигізіп, басына орамал жауып, гүлдестесін сыйға тартты. Азаттықты аңсаған ақын «Қара машина» өлеңі үшін талай қудалауға ұшыраса, Желтоқсанға қатысып оқудан қуылды. Қылышынан қан тамып тұрған тұста Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арнап «Желтоқсан» поэмасын жазды. Бірақ ақын еліміздің Тәуелсіздік алған қуанышты күнін көре алмай 1991 жылдың 29 шілдесінде дүниеден өтіп кеткен еді.
Ақынның артында «Табиғат терезесі», «Маңдайыма жазылған мәңгілігім», «Менің бұлтым» атты сыр мен жырға толы тамаша кітаптары, «Ақ шағала», «Қарлығаш», «Тымырсық» деп аталатын сазды әндері қалды. Өзі туып-өскен Қошқарата ауылындағы үлкен көшеге, аудан орталығындағы бір көшеге Бауыржан Үсеновтың есімі берілді.
Ал кеш барысыда аудан өнерпаздары кеш қонақтарына ақынның сырлы әлемінен сыр шертіп, оның өмірбаяны мен шығармашылық жолымен тереңірек танысуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ жалындаған жастық шағы мен естен кетпес студенттік күндерін бірге өткізген достары, яғни Бауыржанмен бірге өткен сол жылдарды сағынышпен еске алып, есті естеліктерімен, игі лебіздерімен бөлісті. Олардың қатарында ақын, баспагер, журналист Темірғали Көпбаев, Шоқан Шөже, Қуаныш Иембердиев, Ғалым Қасабай, облыстық «Aq jol» газетінің Бас редакторы Оралхан Дәуіт бар. Сонымен қатар, ақынның туған бауырлары Ботакөз, Күнсұлу, Біржан, Әлия, Ақкенже, ақынның аяулы жары Гауһар Тәжікенова, ұлы Мұхамедсалық өз естеліктерімен бөлісті.
Сонымен қатар кеш барысында ақиық ақын туралы көпшілік оқырманға арналған «Жарқырап өткен жыр ғұмыр» атты кітаптың тұсауы кесілді. Ел-жұртының аялауына тұрарлық жырлар жазып, әсем әндер қалдырған ақынның есімін ардақтау, шығармаларын насихаттау мақсатындағы көрерменін көркем ойдың көкжиегіне бойлататын рухани кеш өз деңгейінде жоғары өтті.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Қазіргі қазақ прозасы не айтқысы келеді?
- 4 желтоқсан, 2025
Қазақ өлеңіне қолдау мен құрмет
- 1 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




