«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тараз автопаркі 12 жаңа автобуспен толықты

Тараз автопаркі 12 жаңа автобуспен толықты
Автор
Облыс орталығындағы орталық алаңда жергілікті автотасымалдаушыларға 12 жаңа автобус табыс етілді. Соңғы бір жылдан астам уақыт аралығында осы маркалы көлікті пайдаланып келген қала халқы оның ыңғайлылығын бағалап үлгерді десек, жансақ сөйлемейміз. Елге жаңа көліктегі мініп-түсуге ыңғайлы етіп жасалған кіру табалдырығының төмен орнатылғандығы, орындықтардың жайлылығы, жолда ырғақты жүруі және ішінде жолаушылардың өздері реттей алатын кондиционер мен желдеткіштердің болуы ұнады.

Жүргізушілерге көлік кілттерін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков тапсырды.

– 2023 жылы қаладағы жалпы көлік құрылымын жаңарту бойынша үлкен бағдарлама қабылданды. Үш жылдың ішінде, яғни, 2023 жылдан бастап 2025 жылға дейін 210 тавтобус сатып алу жоспарланған болатын. Сәйкесінше автопарктерді шамамен 70 пайызға жаңарту көзделді. Біз бұл жоспарды өткен жылы орындап қойдық, – деді қала әкімі.

Шаһар басшысының сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасуда. Биылғы жылы осы мақсатта 47 автобус сатып алынған. Ал жаңа автобустар №27 және №32 бағыттарды жаңартуға бағытталатын болады.

– №27 және №32 бағыттағы көліктерді ауыстыру қажеттілігі бұған дейін де мәселе етіп көтерілгентін, биыл жыл басында тағы да сөз болды. Біз тұрғындардың өтініштеріне үнемі талдау жүргізіп барып, сосын шешімдер қабылдаймыз. №27 бағытта бүгінде ПАЗ маркалы автобустар қызмет көрсетеді. Олар іс жүзінде тасымалдау сапасына қойылатын талаптарға сәйкес келмейді – үйлесімділігі төмен, мініп-түсуге қолайсыз, ыңғайсыз. Сондықтан бүгін жаңа автобустарды аталған бағыттарды жаңартуға бағыттау туралы шешім қабылданды. Ал №32 бағыттағы жағдайдың тіптен нашар екендігі бұған дейін де сан мәрте айтылған-тын. Атаулы бағытта тұрғындарды тар автобустар тасымалдап келді. Сондықтан адамдардың қазіргідей еркін отырыптұруға ыңғайластырылып жасалған жаңа көлікке мінуі, қуанышты жәйт. Біздің басты міндетіміз – қала тұрғындарына с апа лы қызмет көрсету. Сол себепті ең алдымен жүргізушілеріміздің жол қозғалыс ережелерін, жылдамдық режимін, бекітілген кестені сақтаулары аса маңызды дер едім. Мысалы, №27 бағыты алып қарайықшы. Бүгінде осы бағытта халыққа 13 автобус қызмет көрсетеді. Жаңартудан кейін олардың саны 16-ға дейін өседі. Тиісінше, автобус арасындағы қозғалыс аралығы 15 минуттан 12 минутқа дейін қысқарады. Айта кетерлігі, автобустар арнайы несие желілері бойынша тасымалдаушылардың өз қаражаттарына лизингке алынды, бұл оларға мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау. Әрине, біздің де өз қолдауымыз бар. Өткен жылы қалалық жолаушылар тасымалының құнын субсидиялауға 5,3 миллиард теңге бөлінді. Биылғы сома 7,1 миллиардқа дейін өсті. Тұрғындарға түсінікті болуы үшін айта кетейік, бір жолаушының тасымалдау құны бүгінде 200 теңге тұрады. Бекітілген тариф 100 теңгені құрайды. Арадағы айырмашылық жергілікті бюджет есебінен толтырылады. Бөлінген қаржы шығындарды жабады және біздің тасымалдаушыларға тиімді жұмыс істеуімізге, автопаркті жаңартуымызға мүмкіндік береді. Ал қаламызда осының есебінен жаңа бағыттар ашылады, ел сапалы қызмет тұтынады, – деді Бақытжан Орынбеков.

Тараз қаласы әкімінің айтуынша, жыл соңына дейін тағы 80 автобус сатып алу жоспарлануда. Облыс орталығын дамытудың бас жоспарына сәйкес қалаға 14 елді мекен қосылғандығы белгілі. Жоспарланған 80 автобус жаңа елді мекендердің аумағында жаңа бес бағыт ашуға бағытталады.

 

Aq jol-Aqparat.

Ұқсас жаңалықтар