«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тараздық 350 жігіт әскерге барады

Тараздық 350 жігіт әскерге барады
Автор
Биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап елімізде 18 жасқа толған жастарды әскер қатарына шақырудың күзгі науқаны басталды. Бұл науқанның алдыңғы науқандардан басты ерекшелігі – шақырту енді SMS-хабарлама арқылы немесе eGov электрондық үкімет порталындағы азаматтың жеке кабинетіне хабарландыру жіберу арқылы жүзеге асырылады.

Дәлірек айтқанда, мерзімді әскери қызметке шақыру ісі цифрлық форматта жүзеге асатын болады. Өйткені шақыруға жататын азаматтарға күнтізбе бойынша SMS-хабарлама немесе eGov порталы арқылы жеке кабинетке жіберу – заңнамалық негізде бекітілді. Сәйкесінше осындай қадам шақыру туралы ақпаратты уақытылы алуды қамтамасыз етеді және қағаз құжаттардың жоғалу қаупін болдырмайды. Тек әскери қызметке жарамды және шақыруға объективті кедергісі жоқ жастар ғана шақыртылады.

Бұл негізсіз шақыруларды азайтады, шақырылушылар мен жергілікті әскери басқару органдарының уақытын үнемдейді және бүкіл процесті анағұрлым ашық етеді. Медициналық тексеруден өту процесі де цифрлануда. Шақырылушының тіркелген емханаларға жүгіну тарихы, диагноздары мен диспансерлік есебі – барлығы цифрлық түрде әскери-дәрігерлік комиссия (ӘДК) дәрігерлеріне қолжетімді болады. Мұның алдында жариялағанымыздай, атаулы науқанға облысымыздан барлығы 1500 адам тартылады деп көзделген, соның 350-і Тараз қаласының еншісіне тиесілі.

Науқанның төртінші күні Тараз қаласының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасына (қалалық әскери комиссариатқа) қала бойынша күзгі шақырылымға іліккендердің алғашқы легі келіп, медициналық комиссиядан өте бастады. Оларға комиссия төрағасы, «Арай» медициналық орталығы» мекемесі бас дәрігерінің емдеу-профилактикалық жұмысы жөніндегі орынбасары Талант Шалқарбай бастаған «Жамбыл облысы Тараз қаласының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің бастығы, подполковник Ербол Өтебаев, Тараз қаласының полиция басқармасы бастығының бірінші орынбас ары, полиция полковнигі Нұржан Керебаев және «Арай» медициналық орталығының мейірбикесі Рабиға Нұрқадырова секілді білікті мамандары бар комиссия мүшелері медициналық тексеріс жүргізді.

Мамандар шақырылғандардың тек денсаулықтарына ғана назар аударып қоймай, олардың әрбіріне әскери қызметті жақсы аяқтаған жағдайда еліміздегі жоғары оқу орындарына тегін қабылдануға мүмкіндік берілетіндігін де жеткізді.

– Қазіргі таңда Президент Жарлығына сәйкес күзгі әскерге шақыру науқаны жүргізіліп жатыр. Тараз қаласына берілген жоспар бойынша біз науқанда 350 адамды қамтуға тиіспіз. Нақты уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Мемлекеттік күзет қызметінің Шекара қызметі бөлімшелеріне кандидаттар іріктеп жатырмыз. Қазан айында эст афет аны Қарулы Күштерді жасақтау үшін Қорғаныс министрлігі қабылдайды. Шақыру науқаны желтоқсан айында Ұлттық ұланға іріктеумен аяқталады. Мерзімді әскери қызметке шақыру ісі цифрлық форматта жүзеге асырылуда. Шақыру бойынша бізге келгендерге Қорғаныс министрлігі тарапынан берілетін жеңілдіктерді жан-жақты, егжей-тегжейлі түсіндірудеміз, – дейді подполковник Ербол Мұратұлы.

Біз науқан күні медициналық тексеруден өтіп жатқан Абдулазиз Дайрабаев есімді азаматты кезіктіріп, сөзге тарттық.

Ол біздің алдымызда:

«Менің жасым 19-да. Тараз қаласының тұрғынымын. Міне, оқуымды бітіргесін әскерге бару үшін мұнда өз еркіммен келіп тұрмын. Алдында «SMS» арқылы хабарландыру алған болатынмын. Барлық жастарды Отан алдындағы борыштарын өтеуге шақырамын. Әскерге бару әрбір азаматтың міндеті деп есептеймін», – деп ағынан жарылды.

 

Талғат ТАЛАПҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар