Отағасы Қырықбай Абдуалиев ұзақ жылдар бойы көлік жүргізушісі болып еңбек еткен. Ол көлікті ғана емес, өз отбасының тәрбиесін де жақсы жүргізе білді. Ауылға адал ісімен, көркем мінезімен танылды. Ішімдіктен аулақ жүріп, Жаратушы алдындағы парыздарын түгендеуден жалыққан жоқ. Яғни, оразасын үзбей, тәулігіне 5 рет сәждеге бас қойды. Әкелерінің мұндай имандылығы отбасының тәрбиесіне оң әсер еткені анық. 2011 жылы Тараз қаласындағы «Хибатулла Тарази» облыстық мешіт-медресесінде 6 айлық курстан жоғары үлгеріммен өтіп, 2012 жылы 54 жасында өзі туып-өскен Жуалы ауданы, Шыңбұлақ ауылдық мешітіне имам болып бекітілді. Содан бері де жылжып жылдар өтті.
Қырықбай Байсымақұлы ауылдың имандылығы, берекесі мен ынтымағы жолында аянбай тер төгіп келеді. Асыл жары Несіпкүл екеуі 4 ұл өсіріп, олардан 12 немере сүйіп отыр. Отбасы құрғандарына 47 жыл. Отанасы Несіпкүл Абдуалиева жоғары білімді. Шақпақ станциясында дүниеге келіп, Шыңбұлаққа 19 жасында келін болды. Тараз мемлекеттік институтын сәтті аяқтап, 1981 жылдан бастап №24 Т.Рысқұлов орта мектебіне орыс тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады.
Аталған мектепте 39 жыл үздіксіз еңбек еткен ұстаз қазіргі таңда құрметті демалыста. Үлкен ұлдары Бекбосын жоғары білімді есепші ретінде де 20 жыл жемісті қызмет атқарса, қазір өзінің жеке шаруашылығын дамытуда. Бекбосынның жұбайы Назгүл жоғары білімді биолог маман. Ол балабақшада 10 жылдан астам абыройлы еңбек етті. Бұл отбасында 2 ұл, 2 қыз тәрбиеленуде. Үлкен ұлға атаанасы да риза. Бекбосыннан кейінгі Ербосын машина жөндеу ісімен айналысса, Бақтияр – құрылысшы.
Кенжелері Медет аталған ауылдағы №24 Т.Рысқұлов орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Бұл перзенттердің де отбасылары және кішкентай қара домалақтары бар.
«Осы ауылда туып-өстім. Еңбек еттім. Шаңырақ көтеріп қанат жайдым. Қатардағы көлік жүргізушісі болдым. Адал жүріп, адал тұрдым. Қазір ауыл имамы ретінде тәрбие ісіне атсалысып жүрмін. Өз отбасымның татулығын үнемі ойлап, перзенттерімді адалдыққа тәрбиеледім. Ол үшін тек ғана қуанамын. Қай жұмыста жүрсе да балаларым ең алдымен адал табыс табуға мән береді. Мен оған сенемін. Алла бұйыртса үш жылдан кейін жұбайым екеуміздің отбасы құрғанымызға 50 жыл толады. Сол жарты ғасырға жуық уақытты тату-тәтті өткізіп келеміз. Ауыл аймақ сыйлайды. Осы қарапайым және берекеге толы өмірімізге шүкірлік етемін. Елімізде тыныштық, жастардың жолдары жарқын болсын», – дейді отағасы Қырықбай Абдуалиев.
Есет ДОСАЛЫ
Жуалы аудан
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




