«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тіл жанашырлары алғысқа бөленді

Тіл жанашырлары алғысқа бөленді
Автор
Тіл – қарым-қатынас құралы болғандықтан да қоғамда маңызы зор. Әр халық үшін ана тілінің қадірі бөлек. Елімізде тұрғындарға мемлекеттік тілге құрмет көрсетумен қатар, өз ана тілін дамытуға ешқандай шектеу жоқ. Оның айғағы – 5 қыркүйек Қазақстан халқының тілдері күні болып белгіленгені. Атаулы күнді жамбылдықтар лайықты түрде мерекеледі. Тіл саясатын насихаттау мақсатында облыс орталығында «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық форум ұйымдастырылды.

Форум «Ұлт ұстазы» театрландырылған көрінісімен басталды. Алқалы жиында алғашқы сөз сөйлеген облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай бұл күннің тілге арналуының маңызына тоқталды.

– Еліміз Тәуелсіздік алғалы ана тіліміздің қолданысы кеңейіп, тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Осы айрықша күннің ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келуі – тұлғаға деген құрметтің белгісі деп білемін. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің тағдыры үшін күрескен, қазақ әліппесі мен графикасын жазып, ұрпаққа мұра етіп қалдырған ұлы тұлға. Облыста тіл саясатын дамыту бағытындағы шара лардың барлығы тілдік кемсітушілікті болдырмауға, қолданыс аясын кеңейтуге бағытталуда. Нәтижесінде, өңірде мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 94,7 пайызды құрап отыр. Оның ішінде қазақ тілін меңгерген этнос өкілдерінің үлесі – 77,5 пайыз. Бұл қазақ тілінің қолдану аясы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Облыста мемлекеттік тілді оқытудың Жол картасы бекітілген. Мемлекеттік тілді үйрететін облыстық Тілдерді оқыту орталығы және оның 8 аудандық бөлімше сі жұмыс істейді. Бұдан бөлек, этнос өкілдері көп шоғырланған Қордай ауданында дербес Тілдерді оқыту орталығы 2020 жылдан өз жұмысын бастады. Өйткені мемлекеттік тілді оқытуда этностар тығыз шоғырланған елді мекендерге басымдық берілуде. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «Қазақ тілі – қазақтың жаны! Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз» деген болатын. Өңірде тіл саясатын дамыту бағытында бірлесе жұмыс жасауға барша отандастарымды шақырамын. Бүгінгі шара мемлекеттік тілді дамытуға өз септігін тигізеріне сенімім мол. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем, тіліміз мәртебелі болсын, – деді Ерлан Нұрманұлы.

Жұртшылықты мерекемен құттықтаған басқарма басшысы Мемлекеттік тілді дамытуға өзіндік құрметімен үлес қосып жүрген азаматтарды Ғылым және жоғары білім министрлігінің, облыс әкімінің, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапаттады. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруде шығармашылық белсенділік танытқаны, гуманитарлық салада ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін тіл жанашыры Москау Ноқрабековке «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісі берілді.

Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын қала әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова табыстады. Форумға қатысушылардың назарына «Тіл бірлігі» көрмесі қойылып, «Ұлттық құндылық – ұлт қазынасы», «Қазақша үйренейік!» бейнедәріс топтамасы, «Ғажайып киіз үй» жобасы және әдістемелік құралдар жинағы ұсынылды. Тіл мәртебесін арттыруға негізделген салтанатты жиын соңы Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілерінің концертімен жалғасты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар