Тарихи Тяньцзиньдегі келелі келіссөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тяньцзинь қаласында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Қазақстан Президенті ҚХР Төрағасының тікелей қолдауымен қазақ-қытай қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатқанын зор ризашылықпен атап өтті. Бұл байланыс мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында нығаюда. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 44 миллиард долларға жеткен. Бұл – ең жоғары көрсеткіш.
«Осы оң үрдіс биыл да сақталып отыр. Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Ортақ ірі жобаларымыз жүзеге асырылып жатыр. Мен осы сапарымның аясында Қазақ – Қытай іскерлік кеңесінің отырысына қатысамын. Қытайдың бірқатар ірі компаниясының басшыларымен кездесемін. Биыл Қазақстанда Қытай туризмі жылы екенін ерекше көңілмен атап өткім келеді. Екі елдің мәдени-гуманитарлық ықпалдастығын нығайтуға қолайлы жағдай жасалған. Соның жарқын мысалы – Қазақстанда «Лу Бань зертханасының» екінші және үшінші филиалдары ашылатын болды. Бейжің қаласында Қазақстанның мәдениет орталығын ашу туралы шешіміңіз үшін сізге зор алғыс айтамын», – деді Президент.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің айтуынша, Бейжің қазақ-қытай мәңгі әрі жан-жақты серіктестігін тереңдетуге айрықша мән береді.
«Араға екі ай салып қайта жүздесіп отырмыз. Бұл қытайқазақ қатынастарының деңгейі жоғары әрі ерекше сипатта екенін көрсетеді. Сіздің төрағалығыңызбен екінші «Қытай – Орталық Азия» саммиті табысты өтті. Біз Қытай мен аймақ елдерінің ынтымақтастық рухына сай келетін және Қытай – Орталық Азия диалогының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды құжаттар қабылдадық. Сондай-ақ қытай-қазақ қатынастарына тың серпін беретін жаңа стратегиялық уағдаластықтарға қол жеткіздік. Халықаралық ахуал қалай құбылатынына қарамастан, Қытай мен Қазақстан бір-біріне әрдайым сенім артып, арқа сүйей алатын стратегиялық серіктестер. Екі ел тату көршілік және достық байланыстарға әрқашан бейіл. Біз ашықтық пен өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттарынан айнымай, тағдыры ортақ көршілес елдер қоғамдастығын құру бағытын ұстанамыз. Түпкі мүддеміз бен басты түйткілдерге қатысты мәселелерде бір-бірімізге жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз. Сонымен қатар қытай-қазақ қатынастарын мүлдем жаңа деңгейге көтеру үшін сан қырлы ынтымақтастығымызды кеңейтуге ниеттіміз, – деді Си Цзиньпин.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жолдары қарастырылды. Тауар айналымын ұлғайтудың және көлік-логистика, энергетика, цифрландыру, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы салаларында ірі инвестициялық жобаларды іске асырудың маңызына назар аударылды. Мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Айта кетсек, 16 маусымда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Астанаға келген болатын. Одан кейін екі ел басшылары келіссөздер жүргізіп, оның қорытындысы бойынша 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев, Си Цзиньпин мен Орталық Азия елдерінің президенттері Астана декларациясына қол қойғаны белгілі.
Лу Бань зертханалары ашылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің келіссөзінен кейін Қазақстанда екінші және үшінші Лу Бань зертханаларының ашылу рәсімі өтті. Ақорданың ақпаратынша, бұл жоба Лу Бань зертханасының тәжірибесін тарату жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асырылды. Ол экономиканың түрлі секторы бойынша тәжірибеге бағдарланған оқыту мен маман даярлауды көздейді.
Екінші зертхана Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, ал үшіншісі Алматы қаласындағы Логистика және көлік академиясында ашылды.
Лу Бань зертханасы елімізде алғаш рет инженерлік-техникалық білім беруді дамытуға арналған алаң ретінде 2023 жылы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде құрылған болатын.
«Қазақстан «үш зұлымдыққа» қарсы күш біріктіруді өзекті санайды»
1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақт астық ұйымын әлемдік қауымдастық тиімді, ықпалды әрі қажетті халықаралық құрылым ретінде танитынын атап өтті.
«Қазақстан ШЫҰның теңгерімді көпполярлі әлемдік тәртіп орнату, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау және егеменді даму құқығын мойындау, сондай-ақ әділ халықаралық сауда мен өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастық секілді басты мақсаттарын толық қолдайды. Ұйымның басым міндеттері жаңа технологиялық дәуірде халықтарымыздың әл-ауқатын, қауіпсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз етуді көздейді.
ШЫҰ жарғылық құжаттарының негізгі қағидаттарын берік ұстана отырып, Қазақстан «үш зұлымдыққа», яғни, терроризмге, сепаратизмге және діни экстремизмге қарсы күресте күш-жігер біріктіруді өте өзекті санайды. Біз жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік мүддесі үшін халықаралық ынтымақтастық нышанына айналған «Шанхай рухын» одан әрі ілгерілетуді қуаттаймыз», – деді Қазақстан басшысы. Президент ШЫҰ-ны дамытудың басым бағыттары жөніндегі көзқарасын жеткізді.
Ең бірінші басымдық – ұйым аясындағы стратегиялық серіктестік пен өзара қолдауды нығайту.
«Геосаяси қақтығыстардың ушығуы, технологиялық бәсеке, қаржы-экономикалық санкция, экологиялық және техногенді апаттар белең алған кезеңде ШЫҰ саяси ықпалдастықты кең ауқымда үйлестіруге, халықаралық қоғамдастықтың өзара сенімін нығайтуға, гуманитарлық ынтымақтастық пен өркениетаралық диалогты дамытуға арналған тұрақты алаңға айналуға тиіс. Осы орайда Қытай төрағасының жаһандық даму, жаһандық қауіпсіздік, жаһандық өркениет және жаһандық басқару жөніндегі бастамаларын оң бағалаймыз. Біз бүгін қабылдайтын ШЫҰ-ның онжылдыққа арналған даму стратегиясын толық жүзеге асыру аса маңызды», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың мәнін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон, киберқылмыс және басқа да деструктивті үрдістер дендеп тұрған уақытта бұл бағыттың мәні арта түседі. Бұл ШЫҰ мемлекеттері арасындағы өзара байланысты күшейтуге Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру өте өзекті деп санайды. Бұл ретте Қазақстан ШЫҰ-ның санкциялық қысымға қарсы еркін әрі әділ әлемдік сауданы дамыту бағытындағы нақты ісқимылын қолдайды.
Президент көлік-транзит саласындағы серіктестікті нығайтуды тағы бір басымдық ретінде атады. Мемлекет басшысы 150-ден астам елдің қолдауына ие болған «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының зор әлеуетін атап өтті.
Бұл жаһандық бастама «Бір белдеу, бір жол» бағыты бойынша сауда-логистикалық операциялардың барлық қатысушысына жыл сайын 1,5 триллион долларға дейін пайда әкеле алады. Солтүстік – Оңтүстік және Шығыс – Батыс, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәліздерінің мүмкіндігі мол. «ТрансАлтай диалогы» бастамасының жүзеге асырылуына үлкен үміт артылып отыр. Аталған жобаға Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия елдері қосылып, Еуразиядағы «Алтай» аймағының жер көлемі, халық саны, экономикалық қуаты секілді бірегей әлеуетін тиімді пайдалана алады. Ірі жобалар мен жоспарларды іске асыру үшін мемлекеттер арасындағы көлік байланысын нығайтып, транзиттіктарифтік стратегияға сай келетін тәсілдерді ойластыру керек.
«Бұл мәселе Ақтау қаласында қараша айында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының порттары мен логистикалық орталықтары басшыларының алғашқы форумындағы келіссөздер мен пікірталастарға арқау болуы мүмкін», – деді Президент.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары технологиялар және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттігіне назар аударып, ШЫҰ-ның жасанды интеллект бойынша тұрақты сарапшылар форумын өткізуді ұсынды.
Мемлекет басшысы экология саласындағы ықпалдастықты маңызды міндет деп атады. Сонымен бірге Президент келесі жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толатынын еске салды.
Астанада ШЫҰ-ның жаңа орталығы ашылуы мүмкін
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды ұсынды. ШЫҰ саммитінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы экология саласындағы ықпалдастықты маңызды міндет деп атады. «Климат өзгерісі шекара таңдамай, әлемнің көптеген елі мен өңіріне қауіп төндіріп отыр. Нақты қатерлерге, мәселен, шөлейттенуге, құрғақшылыққа, су қоймаларының тартылуына, мұздықтардың еруіне және басқа да экологиялық мәселелерге қарсы күрес стратегиясын бірлесе әзірлеу өзекті. Сондықтан Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды қолдаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ШЫҰ саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдейтін ШЫҰ кеңсесін құруды ұсынды. Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру өте өзекті деп санайды. Бұл ретте Қазақстан ШЫҰ-ның санкциялық қысымға қарсы еркін әрі әділ әлемдік сауданы дамыту бағытындағы нақты іс-қимылын қолдайды.
«ШЫҰ құрылған сәттен бері елдеріміздің әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлесі екі есе ұлғайып, 30 пайызға жетті. Ішкі өңірлік сауда сенімді түрде өсіп келеді. Былтырғы қорытынды бойынша оның көлемі 650 миллиард доллардан асты. Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы да тұрақты түрде өсіп, өткен жылы 70 миллиард долларға жуықтады. Қазақстан ШЫҰ даму банкін құру жөніндегі Қытайдың бастамасына қолдау білдіріп, аталған перспективті жобаға атсалысуға әзір. Бұдан бөлек, Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, заңгерлік, консалтингтік және қаржылық компанияларды шоғырландыратын ШЫҰ кеңсесін құруды ұсынамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«ШЫҰ плюс» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев климат мәселесіне де айрықша назар аударып, Каспий теңізі мәселесін көтерді. Мемлекет басшысының айтуынша, Каспий теңізінің жағдайы мүшкіл.
«Бүгінгідей беделді форум аясында өте шетін, дегенмен күрделі мәселеге тоқталғым келеді. Бұл Каспий теңізінің мүшкіл хәлі. Жағдай экологиялық апатқа ұласуы мүмкін. Аталған проблема ШЫҰ аясындағы ұзақмерзімді консультацияның басым бағытына айналғаны жөн. Осы себепті бүгін Астанада ШЫҰ жанынан Су проблемасын талдау орталығын құру туралы ұсыныс айттым. Таяуда Алматыда БҰҰ Бас хатшысының қатысуымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған өңірлік орнықты даму орталығы ашылды. Бұл біздің көпжақты дипломатияға бейіл екенімізді көрсетеді. Орайлы сәтті пайдаланып, барлық серіктеске Өңірлік экологиялық саммитті келесі жылы сәуір айында Астанада өткізу туралы шешім қабылданғанын хабарлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалаудың қажет екенін айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргідей өте күрделі геосаяси жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымын әмбебап әрі тәуелсіз құрылым ретінде қолдау керек.
«Осы орайда БҰҰ-ны, ең алдымен, оның басты органы – Қауіпсіздік кеңесін реформалайтын уақыт келді. Бұл міндетті орындаудың қиын екенін жақсы түсінеміз. Алайда басқа жол жоқ. Егер бүгінгі басшылар бұл істі атқарудан бас тартса, мемлекеттер БҰҰ-ға сенімін біржолата жоғалтуы мүмкін», – деді Президент.
Айта кетейік, «ШЫҰ плюс» саммиті «Көпжақты ынтымақтастықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету» тақырыбына арналды.
Инвестициялық ықпалдастық кеңейіп келеді
Мемлекет басшысының сапары 2 қыркүйекте Бейжіңде жалғасып, ҚасымЖомарт Тоқаевтың және ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері, ҚКП ОК Саяси бюросы Тұрақты комитетінің мүшесі Дин Сюэсяннің қатысуымен Қазақ – Қытай іскерлік кеңесінің 8-ші отырысы басталды. Іс-шараға Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары мен бизнес құрылымдарының 500-ден аса өкілі, соның ішінде 70-тен аса Қытайдың ірі корпорацияларының жетекшілері қатысты.
Президент іскерлік кеңес отырысында сөз сөйлеп, еліміздің инвестициялық әлеуетін таныстырды. Мемлекет басшысы Қытай Қазақстанның тағдыр қосқан тату көршісі, жақын досы және мәңгілік стратегиялық серіктесі екенін айтты. Президенттің айтуынша, ортақ тарих, терең байланыс пен өзара түсіністік – халықтарымызды біріктіретін мызғымас құндылықтар.
«Біздің елдеріміздің арасында әрдайым терең сенім бар, қарым-қатынасымыз қарқынды және тиімді түрде дамуда. Байланыстарымыз жылдан жылға нығайып келеді. Соның арқасында елдеріміз берік әрі серпінді іскерлік қатынастардың іргетасын қалады. Қытай – жаһандық көшбасшы мемлекет, Қазақстанның түрлі бағыттағы, соның ішінде сауда саласындағы басты серіктесі. Бұл – Төраға Си Цзиньпиннің арқасы. Былтыр біздің елдеріміз арасындағы сауда айналымы 44 миллиард долларға жетті. Бұл – екі ел тарихында бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Сондықтан қытайлық достарымызбен осы қарқынды одан әрі арттырып, алдағы бес жылда өзара сауда көлемін едәуір ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұған әлеуетіміз жетеді. Мемлекет басшылары деңгейінде өзара саяси ерік-жігер мен ортақ ұмтылыс бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің инвестициялық ықпалдастығы ұдайы кеңейіп келе жатқанына назар аударды.
«Қытай Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл, шын мәнінде, өте жақсы үдеріс. Сондықтан осы жұмыс табысты түрде жалғасады деп толық сеніммен айтуға болады. Біздің елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында CNPC, CITIC, SINOPEC, HUAWEI сияқты әлемдік деңгейдегі мықты корпорациялар бар. Бұдан бөлек, ірі және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді. Біз барлығына ерекше көңіл аударып жатырмыз. Ресми сапарым тиімді, ойдағыдай өтті деп санаймын. Төраға Си Цзиньпин мырзамен өткен келіссөздер нәтижесін өте жоғары бағалаймын. Елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастың болашағы жарқын боларына сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының бұл басқосу бизнес өкілдері арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға зор септігін тигізері анық.
«Қазіргі таңда Қазақстан тұрақты түрде дамып келеді. Біздің экономикамыз – Орталық Азиядағы ең ірі экономика. Жалпы, жыл сайынғы өсім қарқынды деп айтуға болады. Осы жылдың соңына қарай жалпы ішкі өнім 300 миллиард доллардан асады деген болжам бар. Бұл – экономиканы әртараптандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және тағы басқалар үшін қабылданған кешенді шаралардың нәтижесі. Сондайақ бұл – Қытаймен табысты қарымқатынастың айқын көрінісі. Қазақстанда инвесторлардың құқықтары мен мүддесін қорғау үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Шын мәнінде, біздің стратегиялық серіктестігіміздің әлеуеті зор. Қолда бар мүмкіндіктерді толыққанды пайдалану қажет», – деді Президент.
Атом энергетикасын дамыту мәселесі бойынша қандай келісімге қол жетті?
Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасын дамыту мәселесі ҚХР Төрағасымен егжей-тегжейлі талқыланғанын айтты. Президент энергетика саласындағы ықпалдастықты келесі басымдық ретінде атады.
«Атырау облысында Sinopec компаниясымен бірлесіп, полиэтилен шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Ауқымды жобаның өндірістік қуаты – жылына 1 миллион 250 мың тонна өнім. Зауыттың құрылысына 7,4 миллиард доллар қаражат салынбақ. Алдағы уақытта CNPC компаниясының қатысуымен Шымкент мұнай өңдеу зауытын жедел жаңғыртудан өткізу жо спарда бар. Біз жаңартылатын энергетикамен де айналысамыз. Бұл ретте, China Power International Holding және China Energy сияқты жетекші қытай компанияларының қатысуымен бірқатар жобаны қолға алмақпыз. Энергетика саласындағы тағы бір маңызды жоба – Маңғыстау облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысы. Қуаты 160 мегаватт болатын жоба China Huadian Corporation компаниясымен бірге жүзеге асырылады», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасы саласына қытай технологиясын тартуға және осы бағытта білікті мамандар даярлауға мүдделі екенімізді жеткізіп, аталған саладағы ынтымақтастық мәселесі Төраға Си Цзиньпинмен кездесу кезінде егжейтегжейлі талқыланғанын айтты.
«Бұл бағыт бойынша өзара ықпалдастығымыздың келешегі зор екенін атап өттік. Екі ел осы салада стратегиялық серіктестер болуы керек деп уағдаластық. Біз бұл жұмысқа CNNC компаниясын тартуды көздеп отырмыз. Бүгін осы компанияның басшылығымен кездесу болады. SANY компаниясы да біздің нарығымызда белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Бұл компанияларға ризашылығымды білдіремін. Дәстүрлі қуат көздерін дамыту – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі жолы. Энергетика саласындағы бірлескен жобалардың барлығы біздің өзара тиімді ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түседі деп санаймын», – деді Президент.
Ірі қытайлық корпорациялар жетекшілерімен кездесудің берері көп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қыт айға с апары аясында ірі қыт айлық корпорациялардың жетекшілерімен кездесті. China National Petroleum Coprporation (СNPC) директорлар кеңесінің төрағасы Дай Хоулянды қабылдаған Президент CNPC компаниясы Қазақстанның мұнай-газ саласындағы бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Әңгімелесу кезінде көмірсутегін өндіру және өңдеу бағытындағы стратегиялық бастамаларды жүзеге асыру мәселесіне ден қойылды. Президент жылдық қуаты 12 миллион тоннаға дейін жететін Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту өзекті екенін айтты. Сондай-ақ газ химиясы өндірісін дамыту перспективасына тоқталды. Бұдан бөлек, Ақтөбе облысындағы карбамид зауытының құрылысы жөнінде пікір алмасты. Аталған кәсіпорын еліміздегі агроөнеркәсіп кешенінің өркендеуіне тың серпін береді.
Мемлекет басшысы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзинь Лицюнмен кездесуде Қазақстан мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективасы жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан банк қызметін кеңейтуге, атап айтқанда, «жасыл» және зияткерлік технологияларды дамыту жобаларын ілгерілетуге арналған аймақтық алаңға айналуға дайын. Бүгінде Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі еліміздегі стратегиялық мәнге ие жобалардың бірқатарына 2 миллиард доллардан астам көлемде қаржы құйды. Соның ішінде Жамбыл облысындағы ірі жел электр стансасы, Жезқазған – Қарағанды автокөлік жолы, Көкшетау қаласындағы көпсалалы аурухана құрылысы бар.
Huawei Technologies Co. LT D директорлар кеңесінің төрағасы Хуа Лянді қабылдаған Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу барысында озық технологиялар мен цифрлық шешімдер саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективасы қарастырылды. Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Huawei компаниясы арасында Инновациялық телекоммуникация технологияларын енгізу және сервер инфрақұрылымын жаңғырту туралы стратегиялық келісімге қол қойылуын құптады. Аталған уағдаластық аясында цифрлық трансформация мен орнықты дамуға қатысты бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, компанияның еліміздегі білім беру бастамаларына айрықша назар аударылды. Huawei ақпараттық технология, жасанды интеллект және үлкен дерекқорды талдау салаларында отандық білікті кадрлар даярлау ісіне үлес қосуға ниетті.
Мемлекет басшысы Sany Group Co. Ltd. корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Сян Вэньбомен де кездесіп, Sany Group корпорациясының Қазақстан нарығындағы қызметін жандандыруға ұмтылысын жоғары бағалады. Корпорация елімізде арнайы техникалардың озық өндірісін жолға қоюға ниетті. Президент Жамбыл облысында жел генераторларына арналған қосалқы бөлшектер шығаратын зауыттың іске қосылуын ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жолындағы маңызды қадам деп атады. Сян Вэньбо қытайлық корпорацияның Қазақст андағы жұмыс жо спарын таныстырды. Атап айтқанда, Sany Group компаниясы қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр стансасын салып жатыр.
Қазақстанда BYD электробустары шығарылады
2025 жылдың аяғына дейін Қазақстанда BYD электрбустары шығарыла бастайды. 2 қыркүйек күні Бейжіңде Қазақстан – Қытай іскерлік кеңесінің 8-ші отырысы аясында Astana Motors және BYD Auto Industry Co.Ltd арасындағы өндірістік ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті. Құжатқа Astana Motors компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов пен BYD коммерциялық көліктер бөлімінің басқарушы директоры Тянь Чунлун қол қойды.
Бұған дейін Astana Motors коммерциялық техника зауыты базасында BYD B12 моделінің өндірісін локализациялау жоспары туралы хабарланған болатын.
«Бүгін біз отандық автокөлік өнеркәсібі үшін жаңа перспективаларға жол ашатын келісімге қол қойдық. Қазақстанда электробустар өндірісін іске қосу еліміздің тұрақты дамуы мен экологиялық болашағы жолындағы маңызды қадам болмақ», – деді Нұрлан Смағұлов. Келісім өндірісті екі кезеңде іске қосуды көздейді.
2025 жылдың желтоқсанында BYD электробустарының B12 моделінің өндірісін бастау жоспарланған. Astana Motors өндірісті ұйымдастыру, сертификаттау, сату және сервисті дамыту бағыттарын өз мойнына алса, BYD технологиялық қолдау және өзге де құзыретімен бөліседі.
Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Енді шақыртуға барған әр дәрігерде видео, аудио тіркегіш болады
- 2 желтоқсан, 2025
«Ауыл аманаты» жобасының арқасында мал басы көбейді
- 2 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




