«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Облыс бойынша әлі де 109 дәрігер жетіспейді

Облыс бойынша әлі де 109 дәрігер жетіспейді
Автор
Елімізде соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына басымдық беріліп, салада айтарлықтай өзгерістер орын алуда. Бұл тұрғыда ел Президенті де өз Жолдауларында білікті медицина мамандарының тапшылығын шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырып, грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп, тиімді тарату қажеттігін ұдайы айтып келеді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек саладағы атқарылған жұмыстарды хабарлады.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде облыс тұрғындарына түрлі ауруларды ерте анықтау үшін скринингтік тексерулер жүргізілуде. Атап айтқанда, жүрек-қан тамыр аурулары, қант диабеті және көздің глаукомасына халықтың шамамен 70 пайызы тексеруден өткен. Әйелдердің сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау көрсеткіші – 67 пайыз, жатыр мойны обыры бойынша – 72 пайыз, ал ішек қатерлі ісігін анықтауға бағытталған скринингпен тұрғындардың шамамен 69 пайызы қамтылған. Сондай-ақ бүгінде облыста 109 дәрігер жетіспеушілігі анықталған. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға гранттар бөлінуде.

– 2019-2024 жылдары резидентураға 157 грант қарастырылды. Ал 2025- 2026 оқу жылына еңбек нарығының сұранысына сай тағы 31 грант бөлінді. Бүгінгі күні 42 дәрігер резидентураны тәмамдап, өңірлік медициналық мекемелерге кемінде 5 жыл еңбек ету шартымен жұмысқа орналасты. Қазір тағы 84 жас маман резидентурада білім алуда. Медицина қызметкерлерін тұрақты жұмыс істеуге ынталандыру мақсатында әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асуда. Бүгінге дейін 1891 маман біліктілігін арттырды, жыл соңына дейін тағы 577 медицина қызметкері білімін жетілдіреді деп жоспарланған. Инфрақұрылымды жаңғыртуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 173 бірлік медициналық құралжабдық сатып алуға 6 миллиард теңге қарастырылды. Сонымен бірге ауылдық елді мекендерді жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз ету үшін 60 санитарлық автокөлік алу көзделген, – дейді Сержан Назарбек.

Басқарма басшысы өз баяндамасында Тараз қаласында халық санының өсуіне байланысты №10 емхананы ашу бастамасын көтерді. Жаңа емхана А.Асқаров көшесінің соңындағы облыстық фтизиопульмонология орталығы ғимаратында орналасады деп жоспарланып отыр. Алдымен нысан дезинфекцияланып, кейін күрделі жөндеуден өтпек. Облыс әкімі бұл жоспарды мұқият пысықтап, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ескертті.

– Қандай ғимарат пайдалануға берілсе де, қандай құрал-жабдық алынса да, ең бастысы – сапа керек. Медициналық қызметтің сапасын арттырмай, көздеген нәтижеге жете алмаймыз. Әр уәкілетті мекеме бұл түйткілдерді жіті талдап, жүйелі шешімдер қабылдауы қажет. Сонымен бірге, вакцинация ісі де баяу жүруде. Бұл жағдай қоғамды алаңдататыны анық. Сондықтан профилактикалық шаралар күшейтілуі қажет. Фармацевтика с а ласында заңсыздыққа жол берілмеуі тиіс. Сонымен бірге халық денсаулығы мен елдің болашағы үшін демографиялық ахуалға да айрықша көңіл бөлінгені жөн, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Сонымен қатар өңір басшысы емханаларды жоспардан тыс тексеруді жалғастыруды, медициналық қызмет сапасын қадағалау үшін басқармада арнайы мониторинг бөлімін құруды тапсырды. Бұдан бөлек, аппараттық жиында өңірдің туризм саласына қатысты мәселелер қаралды. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың сөзінше, қазіргі таңда өңірде 45 туристік нысан, 576 тамақтану орны, 90 демалыс аймағы және 224 қонақ үй жұмыс істейді.

Жыл басынан бері туризм саласына 12,5 миллиард теңге инвестиция тартылған. 2025-2028 жылдары өңірде 26 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 350 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Осыған сәйкес жыл сайын тартылатын туристер санын 410 мыңнан асыру көзделген. Биылдың өзінде заман талабына сай 9 туристік нысан ашылады. Оның алтауы іске қосылды, қалған үшеуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Жиында Ербол Қарашөкеев туристер тарапынан сұранысқа ие нысандарды барынша инфрақұрылыммен қамту керектігін атап өтті.

– Жамбыл облысы – тарихы терең, табиғаты әсем өңір. Бірақ қолда бар мүмкіндіктерімізді толық пайдалана алмай отырмыз. Туризмді дамыту арқылы өңірдің экономикасын да, халықаралық беделін де көтеретініміз сөзсіз. Аймақтың барлық ерекшеліктерін ескере отырып, бірегей бренд жасау қажет. Облыс тұрғындары мен қонақтарының жайлылығы үшін 3 демалыс орнына жол салынды. Ендігі кезекте туристердің сұранысына ие, бірақ инфрақұрылыммен қамтылмаған нысандарды айқындап, бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, бұл мәселелерді шешуіміз қажет, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ облыс әкімі басқа өңірлердің тәжірибесін зерделеуді, әлеуметтік желілердің тетіктерін тиімді пайдалануды және түрлі деңгейдегі туризм іс-шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыруды жауаптыларға жүктеді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар