Мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығына негіз болған Ата Заңымыз 30 жыл ішінде бірнеше мәрте өзгертіліп, қоғамдағы сұраныс пен заманауи талаптарға сай жаңартылды. Ел өмірінің барлық саласына елеулі өзгерістер әкелген негізгі заңға 6 рет түзету енгізілді. 1998 жылы Парламент пен Президенттің өкілеттік мерзімі ұзартылып, депутаттардың саны көбейді. Сонымен қатар президенттікке үміткердің жас шектеуі өзгертілді. Ал 2007 жылы саяси реформалар кезеңі басталып, партиялық тізіммен сайлау жүйесі енгізілді. Президенттің кейбір өкілеттігі Парламентке беріліп, билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнады.
Дегенмен ең ауқымды өзгерістер 2022 жылы енгізілді. Жаңа Қазақстан идеясына сай суперпрезиденттік модельден парламенттік республикаға бет бұрылды. Конституцияның 30-дан аса бабына түзету енгізілді. Өлім жазасы біржола жойылды, Конституциялық сот қайта құрылды, президенттің туыстарына лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды. Конституция барлық азаматқа тең мүмкіндік беріп, әділетті қоғамның негізін қалады. Бұл тұрақтылық пен бірліктің, даму мен өркендеудің басты тірегі саналады.
Ел Конституциясына өзгерістер енгізу, бұл заман талабы болды. Әрбір белгілі бір заңдарды қабылдаған уақытта оның негізі осы конституциялық нормадан алынады. Сондықтан біз кез келген заңды іске асыру үшін ең бірінші ол Конституцияда қаралып отыр ма, Конституцияның бастауы қандай болып отыр, міне осыған сүйенуіміз керек.
Ең бастысы, мемлекеттің тірегі – халық, ал бүкіл байлық та халықтың еншісінде. Сондай-ақ еліміздегі әлеуметтік, саяси және экономикалық дамудың негізі болып саналатын баптардың барлығы өзгертілді. Осылайша 30 жыл ішінде Конституция Қазақстан халқының бірлігін, құқықтарының қорғалуын және болашаққа деген сенімін қалыптастырды. Бұл – әр азаматтың еркін өмір сүруіне берілген кепіл. Негізгі заң – елдің жүрегі, оны құрметтеу – бәріміздің ортақ міндетіміз.
Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
Талас, Жуалы және Байзақ аудандарының Құрметті азаматы,
облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




