Отағасы Орынбасар Әлімбетов нағыз еңбек адамы екен. Өмірлік серігі Жұмакүл екеуі ұзақ жыл «Кеңес» ұжымшарында мал бағып, шопан болып еңбек еткен. Мал шаруашылығын дамытуға еңбектерін арнай жүріп, 1 қыз, 3 ұлды өмірге әкеліп, тәрбиеледі. Еңбектің көзін тапқандары өз алдына, перзенттеріне өнеге беруді де ешқашан естерінен шығарған емес . Орынбасар отағасы перзенттерін ай мен күнге балап, еркелете де білді. «Осы перзенттеріммен бақытқа жетемін» деп нық сеніммен айтып отыратын. Әулеттің отағасы ондай шуақты күндерге жете алмады. 2003 жылы Орынбасар 49 жасында бақиға озғанда отбасының көптеген міндеттері Жұмакүл Әлімбетоваға аманат болып қалған болатын.
Жұмакүл Әлімбетова еті тірі, іскерлік қасиеті жоғары кісі болатын. Еліміз тәуелсіздік алған жылдарда да өзгерген қоғамның талабына бейімделе білді. Әуелі он жыл бойы «Бірлік», «Қарақұм» шаруа қожалықтарында жұмыс істеп, тәжірибе жинады. Ал 2004 жылы ба ла ларымен ақылдаса отырып, «Тати» шаруа қожалығын ашты. Бір отбасының бүкіл ауқымды міндетін өз қолына алып, белін бекем буып, іске кірісті. Өзін шаруашылықты ұйымдастыру ісіне шыңдаумен қатар, ұл-қызын да жаңашылдыққа, кәсіпкерлікке баулыды. Бұл ретте қызы Раушанның жеке кәсіпкер ретінде жолы жарқын болды. Қазіргі таңда жұрт оны Тараз қаласындағы «Нұрсана», «Арайлы бақ» балабақшалары, сондай-ақ «Білім бағы» мектеп-гимназиясы сияқты білім беру ұйымдарының негізін қалаушы ретінде таниды.
Ал Жұмакүл Әлімбетованың істің көзін тапқаны өз алдына бөлек тақырып . Жұмакүлдің жұмылдыруымен 21 жылдан бері «Тати» шаруа қожалығы тұрақты жұмыс істеп, дами түсті. Ол қазіргі таңда техникасы мен техникалық базасы сай, 6 кісіні тұрақты жұмыспен, 22 кісіні маусымдық жұмыстармен қамтып отыр. Ынтымағы жарасқан отбасының табысқа жететініне міне осы шаңырақ дәлел бола алады.
Әлімбетовтер отбасы тек шаруашылықпен ғана шектеліп қалмай , адамгершілікпен қамқорлықтың да жарқын үлгісін көрс етіп келеді. Жанұя 2024 жылы Кеңес ауылына «Орынбасар Тати» спорт кешенін соғып, қолданысқа берген. Шаруашылық жұмысшыларының үйіне көгілдір отын тартуға атсалысып, «Мектепке жол» акциясына тұрақты демеушілік көмектер көрсетеді.
Раушаннан кейінгі ұлы Нұржан 1980 білім саласын таңдапты. Қазіргі таңда Кеңес ауылы №3 орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. Сонымен қатар «Тати» шаруа қожалығының негізгі жұмысын атқарып жүр.
Нұржанның інілері Рахымжан мен Бауыржан да – жеке кәсіпкер. Бұл отбасындағы төрт ұл-қыздан 14 немере тарап, өсіп-өніп келеді. Бұл әулет биыл Байзақ аудандық «Мерейлі отбасы» байқауында бас жүлдені алып, облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында жүлделі екінші орынды иеленді.
– Өзім Талас ауданының Майтөбе ауылында өмірге келдім. Ол уақытта аса дарынды болмаса қыз баланың оқуын ата-ана онша құптай бермейтін. Әжелер мен аналар қыз баланың болашақ жақсы ана болуына ерекше мән беретін. Сол ұлағатты кісілер болашақ бір шаңырақтың келіні екенімізді құлағымызға құя берген соң болар, қыз жат жұрттық екенін сезініп өстік. 19 жасымда тұрмысқа шықтым. 26 жыл тату-тәтті отбасы болдық. Отағасы жұмысына өте жауапты, балалардың тәрбиесіне мән беретін, ауылға құрметті кісі еді. Екеуміз шаңырақ көтерген ширек ғасырдан астам уақыт жақсы өткен жылдар деп есептеймін. Отағасы берген тағылым перзенттерімнің тәртібіне оң әсер етті деп ойлаймын. Шүкір, қызым да, ұлдарым да еңбекқор болып өсті. Айтқанымды екі етпейді. Жолдасымнан ертелеу қалған соң, Құдайдың берген осы төрт перзентін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіруге тырысып, барымды салдым. Күндіз тізе бүкпей еңбек етіп, түн баласы осылардың амандығын ойладым. Қазір жасым 68- ге қарады. Тәубе деймін, ұлым ұяға, қызым қияға қонды. Ауыл-аймақ перзенттерім жайлы, тек жақсы сөз айтады. «Орынбасардың балалары бар болсын. Шетінен бұзық, жалқау, тәрбиесіз екен» деген сөзді естіген жоқпын. Соған қуанамын. Өзімнің әкем мен шешем, атам мен енем де отбасы құндылығын жоғары қойып өмір сүрген үлгілі кісілер ғой. Ол уақытта үлкенге қарсы сөз айту деген жоқ. Үлкеннің айтқан сөзі – заң. Қазақтың сол жазылмаған заңдылығымен өмір сүрдік. Одан жаман болған жоқпыз. Кеше ғана 19 жасымда имене келін болып аттаған шаңырағымды құтқа балап, қазір бір ауылдың ұлағатты әжесі болып отырмын. Ауылда менен де үлкен әжелер бар, әрине. Дегенмен мен де сол кісілердің артынан келе жатырмыз. Бұйырса, шөбере-шөпшек сүйсек деген тілегіміз бар. Халқымыз өсіпөнгенді ұлы мұрат санаған ғой. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген мақалдың айтылуы да бекер емес. Әр ауылда шаруа қожалығын ашқандар аз емес болар. Бірақ әкесінен қалған үлгімен шаруа қожалықты табысты жүргізіп кеткен балаларыма ризамын. Бірқатар кәсіп көздерін басқарып отырған қызыма да көңілім толады. Жаратушы ұрпақтарымызға жайлы өмір, тыныш заманды нәсіп етсін. Еліміздің мәртебесі жоғары, тұғыры биік болсын, дейді Әлімбетовтер отбасының тірегі, әулеттің анасы Жұмакүл Әлімбетова. «Бақ қайда барасың десе, ынтымаққа барамын», – депті. Сол ынтамақ Әлімбетовтер әулетінің берекесін арттырып тұрғандай.
Есет ДОСАЛЫ,
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




