«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Аймақтағы бес мектеп үздік жүздіктің қатарында»

«Аймақтағы бес мектеп үздік жүздіктің қатарында»
Ашық дереккөз
Қазіргі уақытта білім беру мекемелері мен педагогтер ұжымы жаңа оқу жылына қызу дайындық үстінде. Үш ай каникулдан соң жас ұрпаққа білім, тәрбие беру ісіне облыс мұғалімдері қалай кіріспек, ғимараттардың жаңартылуы қандай деңгейде, облыс оқушылары өткен оқу жылын қалай қорытындылады, ал балалардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілуде? Осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековпен сұхбаттасқан едік.

– Нұрбек Әбубекұлы, облыстың білім басқармасының басшылығына тағайындалғаныңызға 4 ай болды, осы аралықта қандай бастамаларды қолға алдыңыз? Бұған дейін түйіні тарқамаған қандай мәселелердің оң шешілуіне ұйытқы болдыңыз?

– Білім басқармасына басшылыққа келгеннен бастап өңірдің білім беру саласын жаңа деңгейге көтеруді басты мақсат етіп қойдым. Бұл кезеңде ең әуелі стратегиялық тұрғыдан маңызды бағыттарға атап айтқанда, мектепке дейінгі білім беру, орта білім сапасын арттыру, кәсіби-техникалық оқыту жүйесін жетілдіру және педагог мәртебесін көтеру мәселелеріне басымдық берілді.

Әуелі мектепке дейінгі білім саласына тоқталсам, шілде айынан бастап облыста дербестендірілген ваучерлік қаржыландыру жүйесінің пилоттық жобасын енгіздік. Бұл – балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамтуды қолжетімді етіп, атааналар үшін де ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етті. Соның арқасында кезекте тұрған балалардың саны екі есеге қысқарып, мектепке дейінгі білімге қолжетімділік айтарлықтай артты. Сонымен қатар жаңа жекеменшік балабақшалардың ашылуына жағдай жасалып, жыл соңына дейін тағы 1628 орындық 18 балабақша пайдалануға берілмек. Бұл бастама бұрынғы жылдары шешімін таппай келген өзекті мәселенің оң бағытқа бет алуына жол ашты.

Орта білім жүйесінде оқушыларды сапалы әрі қауіпсіз білім ортасымен қамтамасыз ету басты назарда тұр. 2025 жылға жоспарланған 26 білім нысанының құрылысына бақылау күшейтіліп, биылдың өзінде 15 мектеп пен мектепке жапсарлас ғимараттарды пайдалануға беру жұмыстары қарқын алды. Бұған қоса апатты және үш ауысымды мектептерді жою, жаңа үлгідегі кабинеттермен жабдықтау ісінде айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы үш жылда 66 мектеп жаңартылса, олардың 10-ы биыл жаңғыртылады. Бұрын жеткіліксіз болған бұл бағытқа жүйелі жоспар мен қарқынды жұмыс енгізілді.

Педагогтерді қолдау саласында да нақты қадамдар жасалды. Қысқа мерзім ішінде мұғалімдердің кәсіби дамуына арналған «Ұлағат» ассоциациясы, «Виртуалды әдістемелік мектеп», жас педагогтерге арналған «Болашақ» тәлімгерлік желісі секілді жобалар жүйелі жұмыс істей бастады. Бұл – ұстаздардың үздіксіз дамуына тың серпін беріп, білім сапасын арттыруға ықпал етуде.

Сонымен бірге қосымша білім беру мен тәрбие бағытында «Адал азамат – кәсіби маман» тұжырымдамасын жүзеге асыруға айрықша көңіл бөлінді. Антибуллингтік бағдарламалар енгізіліп, «Облыстық психологиялық қолдау орталығы» ашылды. Бұл – оқушылардың психологиялық жайкүйін нығайтуға, олардың құқықтарын қорғауға арналған маңызды жаңалық.

Жастарды еңбекке баулу, сұранысқа ие мамандықтарға бағыттау мақсатында «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында колледждерде жаңа жобалар іске асуда. Әсіресе халықаралық әріптестік бағытында алғаш рет Қытайдың XIAN LIXUN TECHNOLOGY колледжінің филиалын ашу жұмыстары басталып, өңірде кәсіби білімді интернационалдандыру жолға қойылды. Бұрын назардан тыс қалып келген бұл бағытқа тың серпін берілді.

Қысқа уақыт ішінде қолға алынған осы бастамалар өңірдегі білім беру жүйесіне жаңа дем берді. Бұрын жеткіліксіз болған мектепке дейінгі білімге қолжетімділік, апатты мектептерді жаңарту, педагогтерді қолдау, балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық ахуалын жақсарту, кәсібитехникалық білімді дамыту мәселелері жүйелі шешімін таба бастады. Басты мақсатымыз – білім беру сапасын арттырып қана қоймай, әрбір баланың әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін қолайлы жағдай жасау.

– Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Өткен оқу жылын облыс оқушылары қандай жетістікпен қорытындылады, ал жаңа оқу жылына дайындық қандай?

 – Өткен оқу жылы облысымыз үшін жемісті жыл болды. Оқушыларымыз бен педагогтеріміз білім мен ғылым саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Дарынды балаларымыз халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда бас-аяғы 464 медаль жеңіп алды, оның ішінде 77-сі халықаралық деңгейде иеленді.

Айрықша атап өтетін жайт, биыл облыс оқушылары ре спублика лық олимпиада қорытындысында қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша «Ең үздік олимпиадалық команда» атанды. Ал республикалық ғылыми жобалар жарысында Жамбыл жастары 16 жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын қорғап келеді.

Сонымен бірге олимпиада қорытындысы бойынша өңіріміздің 5 мектебі республикадағы «100 үздік мектептің» қатарына енді. Олар – дарынды ер балаларға арналған және Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаттары, Тараз қаласындағы №41 мектеп, Баймырза Бесбаев атындағы және Жамбыл атындағы №5 мектепгимназиялары. Ал Қордай ауданының №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейі «Ең үздік ауыл мектебі – 2025» номинациясын иеленді.

Бұдан бөлек Оқу-ағарту министрлігінің арнайы рейтингінде өңірдің тағы 5 мектебі «Үздік 100 мектептің» қатарына енді. Олар – Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы мектепгимназиясы, И.Панфилов атындағы №39 мектепгимназиясы, Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия, №24 гимназия және Қордай ауданы №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы. Осының бәрі – ұстаздар мен оқушылардың табандылығы мен еңбегінің, ата-аналардың қолдауы мен қоғамның ортақ күш-жігерінің жемісі. Ал жаңа оқу жылына келсек, бүгінде өңірде барлық дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде, мектептердің материалдықтехникалық базасы нығайтылып, жаңа оқу ғимараттары ашылуда, мұғалімдер мен оқушылар толық дайын. Жалпы, біз өткен жылдың жетістіктерін жаңа оқу жылында да еселей түсіп, балаларымыздың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық жағдай жасаймыз деп сеніммен айта аламыз.

– Биыл облыста қанша білім беру мекемелерінің жаңа ғимараттары пайдалануға беріледі және қанша құрылыс нысаны келесі жылға қалып отыр?

– Білім алушыларға қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Жаңа білім беру ұйымдары салынып, үш ауысымды, апатты және оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде, білім беру ұйымдарының материалдықтехникалық базалары нығайтылуда. 2

025 жылға 26 білім нысанының құрылысы жоспарланған. Оның 14-і мектеп, 12-сі мектепке жапсарлас құрылыс. Биыл 15 білім нысаны пайдалануға берілмек, оның ішінде 10-ы мектеп, 5-уі мектепке жапсарлас құрылыс, оның төртеуінде құрылыс жұмыстары аяқталды.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа оқу жылында 3 мектеп оқушылар игілігіне беріледі деп жоспарлануда.

Мемлекет басшысының Үкіметке әкімдермен бірлесіп демеушілік қаражатты қоса алғанда, қаржыландыру көздерін айқындап, үш жыл ішінде 1300 мектептерді қайта жаңартуды жүргізу тапсырмасы бойынша облыста 2025-2027 жылдарға 66 мектепті жаңарту жоспары бекітілген. 2025 жылға 10 мектеп, 2026 жылға 26 мектеп, 2027 жылға 30 мектеп жаңартылады деп жоспарлануда.

Жоспарға сәйкес, биыл 10 мектепті жаңарту жүргізілуде. Ол мектептердің біреуі Байзақ ауданында болса, Қордайда – 1, Сарысуда – 2, Т.Рысқұлов ауданында – 1, Тараз қаласында – 4, басқармаға қарасты бір мектеп. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 7 мектеп заманауи үлгіде жабдықталса, биыл 3 мектеп жабдықталады. Олар – Қордай, Талас, Шу аудандарында. Бүгінгі таңда жасанды интеллект дәуірі басталды. Бұл – оқушыларға тек бір мамандықты емес, үлгерімді түрде бейімделетін, икемді кәсіби дағдыларды қалыптастыру қажеттігін көрсетіп отыр. Облысымыздағы бірқатар колледждер мен мектептерде STEM зертханалар, 3D-принтинг, робототехника, жасанды интеллект негіздері енгізіліп, жастарды болашаққа дайындау процесі жүріп жатыр.

 – Үкімет отырысында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов облысымыздағы бірде-бір мемлекеттік білім беру ұйымы терроризмге қарсы қорғаныс талаптарын сақтау бойынша арнайы жүйеге қосылмағанын айтты. Облыстың қанша білім беру мекемелері бүгінгі таңда қауіпсіздік бейнебақылаумен қамтылған, қай уақытқа дейін толық қамтамасыз етіледі?

– Жамбыл облысында терроризмге осал нысандар санатына жатқызылған 770 нысан бар. Оның ішінде 541-і мемлекеттік, 229-ы жекеменшік білім беру ұйымдары. Бұл – өңірдегі білім беру мекемелерінің басым бөлігі оқушылардың және қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ерекше бақылауды қажет ететінін көрсетеді.

Қазіргі таңда осы нысандардың 501-інде бейнебақылау жүйелері орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығы мен аудандық полиция бөлімдеріне интеграцияланды. Бұл көрсеткіш мемлекеттік ұйымдар бойынша 64,7, ал жекеменшік ұйымдар бойынша 66 пайыз деңгейінде. Яғни, облыстың білім беру ұйымдарының жартысынан астамы бүгінде орталықтандырылған қауіпсіздік жүйесіне қосылған.

Дегенмен, әлі де 191 мемлекеттік және 78 жекеменшік білім беру ұйымының бейнебақылау жүйесін толыққанды интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін толық аяқталады. Нәтижесінде, жаңа оқу жылы басталғанға дейін өңірдегі барлық білім беру мекемелері бейнебақылау камераларымен қамтылып, терроризмге қарсы қорғаныс талаптарына сай қауіпсіздік деңгейі қамтамасыз етілетін болады. Бұл бағыттағы жұмыстардың басты мақсаты – әрбір білім алушы мен педагогтің қауіпсіздігін қорғау, мектептерде төтенше жағдайлардың алдын алу, құқық қорғау органдарының жедел әрекет ету мүмкіндіктерін арттыру. Яғни, бейнебақылау жүйелерінің толық интеграциялануы білім беру мекемелерінде қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға елеулі үлес қоспақ.

– Өкінішке қарай, білім беру мекемелерінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағандар да кездесіп жатыр. Мәселен Шу ауданында 8 мектепке қатысты әкімшілік құқықбұзушылық іс қаралыпты. Осы мәселе бойынша не айтасыз? Басқарма тарапынан білім беру мекемелерінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қаншалықты қадағалап отырасыздар және олардың қажетті құрылғылармен қамтамасыз етілуі қалай жүзеге асырылуда?

– Өрт қауіпсіздігі – білім беру мекемелеріндегі ең басты талаптардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде бақылауда ұсталады. Шу ауданындағы 8 мектепке қатысты әкімшілік құқықбұзушылық ісінің қаралуы – осындай тексерістер барысында анықталған заңбұзушылықтардың нәтижесі. Мұндай жағдайлар білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыруға, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға ықпал етеді деп есептейміз. Тиісті құзырлы органдар тарапынан білім беру мекемелерінде өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуын қадағалау мақсатында тұрақты түрде тексерістер жүргізіледі. Әрбір тексеріс барысында анықталған кемшіліктер бойынша нақты шаралар қабылданып, оларды жою мерзімдері белгіленеді. Сонымен қатар мектептерді қажетті өрт қауіпсіздігі құралдарымен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Басты мақсатымыз – білім алушылар мен педагогтердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын таба береді.

– Тараз қаласында 4 мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді. Алайда оларда барлық қажетті жағдайлар қамтылмағанын Amanat партиясының бақылауларында байқап жүрміз. Жалпы, облыста қанша инклюзивті білім беру кабинеттері бар, оларда пандустар, талапқа сай келетін әжетханалар жасалған ба және басқа да мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы жағдай қарастырылған ба?

– Облыста инклюзивті білім беруге ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгінгі таңда жалпы 1571 бала инклюзия бағытында 281 мектепте білім алуда. Осы мақсатта арнайы 10 инклюзияны қолдау кабинеті ашылып, жұмыс істеуде.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті инфрақұрылымды жетілдіру, яғни пандустар орнату, мүмкіндігі шектеулі балаларға ыңғайлы санитарлық тораптар жасау, оқу процесін бейімделген құралдармен жабдықтау мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Қазіргі таңда бірқатар мектептерде талапқа сай пандустар мен арнайы әжетханалар жасалған. Ал жетіспейтін жабдықтарды толықтыру бойынша жұмыс жоспарға енгізілді. Бұл бағыттағы шаралардың түпкі мақсаты – ерекше білімді қажет ететін балалардың сапалы білім алуына, оқу ордаларына кедергісіз кіріп-шығуына, өзін еркін сезінуіне толық мүмкіндік беру. Жалпы, инклюзивті білім беру саласы алдағы уақытта да облыста басты назарға алынып, арнайы кабинеттердің санын арттырумен қатар, олардың толықтай талапқа сай жабдықталуы қамтамасыз етіледі.

– Балабақшаларға енгізілген ваучерлік механизм қаншалықты тиімділігін көрсетті? Алайда бұл механизмнің тиімсіздігін атааналар тарапынан естіп жүрміз, оның оңтайлы шешімін табуға нендей іс-шаралар қолданылып жатыр? Бүгінгі таңда облыста балабақшадағы кезегін күткен қанша бала бар? Барлық баланы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар қолға алынып жатыр?

– Өңірде бүгінде 621 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп, 63 мыңнан аса бала тәрбиеленуде. 2024 жылдың шілде айынан бастап облыста мектепке дейінгі ұйымдарға дербестендірілген, яғни ваучерлік қаржыландыру жүйесінің пилоттық жобасы енгізілді. Жаңа жүйе өз тиімділігін көрсетті. Ең алдымен балабақшаға кезекте тұрған балалар саны 2 есеге азайды. Сондай-ақ әрбір балаға бөлінетін қаржы нақты есептеліп, жан басына шаққандағы қаржыландырудың ашықтығы қамтамасыз етілді. Сонымен бірге бұл жүйе нақты бала санын бақылауда ұстауға мүмкіндік беріп отыр.

Әрине, кез келген жаңа бастаманың алғашқы кезеңінде белгілі бір қиындықтар туындайды. Ата-аналар тарапынан айтылған ескертулер мен ұсыныстар да жоқ емес. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар ата-аналармен ашық диалог орнатып, олардың пікірін қоғамдық кеңестерде талқылауда. Сонымен қатар ваучерді рәсімдеу мен пайдаланудың ыңғайлы электронды сервисін жетілдіру, техникалық ақауларды жою бағытында нақты шаралар қабылдануда. Атааналарға түсіндіру жұмыстары да күшейтіліп отыр.

Қазіргі таңда облыста мектепке дейінгі біліммен 2-6 жас аралығындағы балалардың 96,1 пайызы, ал 3-6 жас аралығындағы балалардың 100 пайызы қамтылған. Дегенмен, демографиялық өсім мен көші-қонға байланысты кейбір аудандарда әлі де кезек сақталуда. Бұл мәселені шешу үшін жаңа орындар ашу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Өткен жылы 3459 орындық 33 жекеменшік балабақша пайдалануға берілсе, биыл жыл соңына дейін қосымша 1628 орындық 18 жекеменшік ұйым ашу жоспарланған.

Мектеп жасына дейінгі тәрбиенің қолжетімділігін қамтамасыз етумен қатар, оның сапасын арттыруға да ерекше мән берілуде. Балабақшаларда экологиялық тәрбие беру мен ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған жобалар іске асырылып, оң нәтижесін көрсетуде. Жалпы, қолға алынған шаралардың барлығының түпкі мақсаты – өңірдегі барлық баланың мектеп жасына дейінгі тәрбиемен толық қамтылуы, олардың сапалы білім мен тәрбие алуына жағдай жасау.

– Талас ауданында өгей әкеден қорлық көрген 3 баланың жағдайы қазір тұтас халықты алаңдатып отыр, балалардың құқықтары қалай қорғалуда?

– Көтерілген мәселе бойынша облыс әкімдігінің білім басқармасы тарапынан 2025 жылдың 11 тамызында зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде кәмелетке толмаған балалар әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеліп соққан қатыгездік белгілеріне байланысты арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Қазіргі таңда жасөспірімдердің қауіпсіздігі қатаң бақылауда. Көтерілген мәселеге сәйкес келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында алдағы уақытта өзге білім мекемелеріне де зерделеу жұмыстары жүргізіледі.

 – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар