Мамандықтары медицина с а ласы болғанымен, әзілге шебер қыздар өнерден де бақтарын сынап көрмекші болды. Үшеуі команда құрғанымен, әуелі өздерін дәлелдеу керек еді. Олар бір жылдай колледждің ішіндегі байқауларда өнерлерін шыңдап жүрді. Осы кезде жас айтыскер, шебер жайдарманшы Дидар Апбасов командаға жетекші болып, талантты қыздарды қолдауға ниет танытты. Осылайша 2024 жылдың жазында өткен Жамбыл ауданы әкімінің кубогында көзге түсті. Он бес команданың арасынан «Емдеп аламыз» командасы жүлделі үшінші орынды иеленді. Міне, осы жеңісінен кейін үш қыздың ынтымағымен құрылған «Емдеп аламыз» командасына аталған колледждің директоры Жамила Сарыбекова назар аудара бастады. Осылай өздерін дәлелдей түскен команда өзге облыстарға шыға бастайды. Атап айтқанда, 2024 жылдың тамыз айында Түркістан қаласында өткен Оңтүстік NOMAD лигасында жақсы өнер көрсетіп, ынталандыру жүлдесіне ие болды. Бұл байқау аталған командаға үміт сыйлады. Елімізге танымал өнер шеберлерінен құралған қазылар құрамының алдында сәтті өнер көрсеткендеріне қуанды.
2024 жылдың қазан айында Жамбыл жоғары медициналық колледжінің «Емдеп аламыз» жайдарман командасы Тараз қаласында өткен турдың 1/8 ойынында жақсы өнер көрсетіп, финалдық кезеңге жолдама алды.
Ал Тараз қалалық мәдениет үйінде өткен облыстық жайдарман ойындарына «Емдеп аламыз» жайдарман командасы жартылай жолдама алды. Бұл әзілге шебер қыздардың алғашқы жетістігі болатын. Мұнан соң, аталған команда республикалық кезеңге қызу дайындыққа кірісті.
«Емдеп аламыз» жайдарман командасы Астана қаласында өткен «Маусымашар – 2025» креатив маусымында жақсы өнер көрсетіп, ULTTYQ LIGA-ға жолдама алды. Жамбыл медициналық колледжінің үш қызы мұнымен шектелген жоқ. Әрі қарай ULTTYQ LIGA ойынында да жақсы өнер көрсетіп, QAZAQSTAN CUP лигасына жолдама алды. «Бірнеше жылдан бері жайдарманның төңірегінде жүрміз. Талай команданы көрдік.
«Емдеп аламыз» командасының қыздары шын мәнінде жаңашыл әрі үнемі ізденісте жүреді. Бұйырса, болашақтары мұнан да жарқын болады деп ойлаймын. Бұлақтың көзін ашқаныма қуаныштымын», – дейді команда жетекшісі Дидар Оңғарбекұлы. «Емдеп аламыз» жайдарман командасы QAZAQSTAN CUP лигасында жақсы өнер көрсетті. Тараз қаласында өткен «Аулие-Ата – 2025» маусымашарында да бақтары жанып, жоғары лигаға жолдама алды.
Сонымен қатар қыздардан құралған аталмыш команда Сарысу әкімінің кубогында жақсы өнер көрсетіп, жүлделі екінші орынды иеленді. «Бізге танымал айтыскер Дидар Апбасов жетекші болғаны үлкен сенім сыйлады. Қазіргі таңда жетекшімізбен бірге ақылдасып, шыңдалып, жақсы жүлделерге қол жеткізіп жүрміз. Колледж директоры Жамила Сарыбекованың да қолдауына ие болдық. Шәкірт жанын түсінген колледж басшысына рақмет. Қазір жастардың көпшілігі жайдарманды көреді. Жайдарман өтетін күн – жастар үшін мереке. Алдағы уақытта облыс намысын абыройлы қорғайтын еліміздің ең үздік командасына айналғымыз келеді», – дейді «Емдеп аламыз»-дың белсенді мүшесі Шынар Тоқтамыс.
Рас, олар көпшіліктің жүрегін әзілмен емдеп алады. Алда да жолдары бола берсін!
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Әжелер ансамблі шын таланттың жарыққа шығатынына көз жеткізді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




