Қазіргі таңда кейбір алыс елді мекендерге дейін газдың көгілдір алауы жетті. Кеше ғана күл шығарып, көмір жаққандар қазір көгілдір отынның қызығын көруде. Алайда ауылға газ келсе де, соны жалғап ала алмай отырған үлкен мекемелер бар. Солардың бірі – Меркі аудандық тарихи өлкетану музейі орналасқан ғимарат.
Біз осы мәселеге қатысты Меркі ауылына арнайы атбасын бұрдық. Расын айту қажет, аталған музей мекеме ретінде өздерінің міндеттерін өте сапалы атқарып отыр. Аудан көлеміндегі қоғамдық іс-шаралардан қалыс қалмайды. Жақында белгілі ақын Шырын Мамасерікованың 80 жылдығына орай жасаған көрмелері көпшілік көңілінен шыққан. Біздің газет те бұл музейдің маңызды жәдігерлерін талай рет оқырман назарына ұсынған.
Біз бұл жерде біреуді жазғырып, мінін тауып, тырнақ астынан кір іздеуден аулақпыз. Музей деген – ауданның шежіресі. Сондықтан бұл жағдайға жанымыздың ауырғаны рас. Осы мәселе бойынша музейдің директоры Айдын Базыловты да сөзге тарттық. «Бұл мекеменің 41 жыл тарихы бар. 1984 жылы музей статусы берілген. Содан бері біздің мекеме газдың алауын тұтынып көрген емес. Менің басшы болып келгеніме 7 жылдан асты. Ғимарат көмірмен жылиды. Күз кезінде 30 тонна көмір түсіріп аламыз. Қыстай 3 от жағушы ғимаратты жылытып шығады. Бұл мәселеден облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы хабардар. Олар жауапты орындарға ұсыныс жасап жатыр. Негізі ғимараттың орналасқан жері де ыңғайсыз болып тұр. Төңірек түгел жеке үйлер. Олардан газ тарта алмаймыз. Бұл жағы да қиындық тудырып тұр. Дегенмен көмір отынымен де мекеме іші қыста қыз-қыз қайнап тұрады», – дейді ол.
Тарих дегеннен шығады, біз осы музейді ұзақ жыл басқарған, Меркі жерінің көзі тірі шежіресіне айналып кеткен белгілі ақын, Қазақстанның Құрметті жазушысы Шырын Мамасеріковадан да бұл мәселенің мәнісін сұраған едік. «Қарағым, оның айтатын несі бар? Музейде газ жоқ. Сол мекемені 17 жыл басқардым. Ол кезде көгілдір отын деген сөз айтылмайтын. 17 штатым болды. Көмірмен жылытып, мәселеміз солай шешілді. Бұл мәселені сол кезде де айтқанбыз. Нәтижесі болған жоқ. Тіпті «екі қабатты кең ғимарат болған соң, музейді жабамыз.Ғимаратын сатып, мейрамханаға айналдырамыз» деген басшылар да болды. Сондай ұлты бөлек басшымен музей үшін сөзге келіп қалған кезім де бар. «Мен тірі тұрғанда бұл музейді сатпайсыңдар» деп шырылдап араға түстім. Ғимаратты осылай аман алып қалдық. Ол кезде аудандық кітапханада да көгілдір отын жоқ еді. Оны жиналыс сайын айтып жүріп шештік. Қазір Меркі аудандық орталық кітапханада газ бар. Ал музейдің бұл мәселесі жанға батады», – дейді аяулы ақын.
Мұндай мекеменің көгілдір отынға қатысты мәселесі шешілмеуі ойландырады. Сондықтан зерделеу жұмыстарын жүргізіп көрдік. Бұл мәс еле бойынша облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әбиірхан Жанқұловқа да хабарласқан едік. «Басқарма бұл мәселеден хабардар. Көгілдір отыны жоқ музей жалғыз Меркі ауданында ғана емес. Шу аудандық музейі де көмір жағып отыр. Бұл мәселелерді біраз жылдан бері зерделеп, облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармасына өтініш жасап жатырмыз.
Аталған музей ғимараты қос қабатты болғандықтан, көпқабатты болып саналады. Айналасында ыңғайлы әлеуметтік нысан жоқ. Қосымша құбыр тартып, ыңғайлы жағын іздестіруге тура келеді. Сметалық құжатын әзірлеуге бар күшімізді салдық. Алайда істің бәрі белгілі жүйемен, тәртібімен жүреді. Мәселенің түйіні қаржыға тіреледі. Меркі музейін газдандыру мәселесін 2026 жылдың бюджетіне де ұсынып отырмыз. Бұл шаруа мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бақылауында тұр», – деді. Ал ауданның ақсақалдары мен тұрғындары музейдің күнделікті жасап жатқан рухани жұмысына риза. «Газдандыру деген облыс көлемінде шешілетін үлкен мәселе. Бұйырса, ол да шешімін табатын болар. Қазір аудандық музейіміз көмірмен жылынса да, жұмыстарын адал атқарып жатыр. Аудан ақсақалдарын, жас ұрпақ – оқушыларды жинап, іс-шаралар өткізіп тұрады. Қыстың кезінде де жұмыстары қызып жатады. Сондықтан бұл мекеменің көгілдір отынға қосылмағаны ғана өкінішті. Алдағы уақытта ол мәселе де шешіліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді еңбек ардагері Ерғали Иманбеков.
Енді айтылған ойларды сарапқа салсақ. Бәлкім ақсақалдардың да, жауаптылардың да уәждері орынды шығар. Бірақ себеп іздей бермей, жұмысты нақты шешкен одан жақсы. Музейді көрген келушілерден де, естіген елден де ұят. Сондықтан облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы бұл істі аяғына дейін жеткізеді деген ойдамыз. Бұйырса, Шу ауданының музейі де көгілдір отынның алауын жақса дейміз. Әзірге нақты жауап естімедік. Бірақ сең қозғалған сыңайлы. Мәселені жауапты басқармалар біледі. Шешімін іздестіріп жатыр. Оның өзі – бір үміт. Басқасы басқа, жап-жасыл көркімен көзді арбаған Меркі ауданында, аудан орталығының қақ ортасындағы музейде көгілдір отынның болмауы ешқандай ақылға сыймайды.
Есет ДОСАЛЫ
Меркі ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




