Қазақстанның Құрметті жазушысы, Меркі ауданының Құрметті азаматы Шырын Мамасерікова жақында ғана 80 жасқа толған мерейтойын атап өтті. Жасыратыны жоқ, ауданымызда қаламгерге мұндай құрметтің көрсетіліп, ақын-жазушыға арналған осындай дүбірлі тойдың өтпегеніне көп болған еді. Шырынның мерейтойында жұрт өлең-жырға да, әсем әнге де қарық болды.
Бұл күні ақынды құттықтап келген қонақтар алдымен Жауғаш батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етіп, мәдениет үйінің фойесіне қойылған ақынның шығармашылығынан сыр шертетін көрмені тамашалады. «Ақынын әкімі іздеген ел бақытты» деп айтып жатады ғой. Бұл күні облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің атынан облыс әкімі аппаратының жетекшісі Лесбек Ілебаев, Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов және басқа да басшылар ақынға құрмет көрсетіп, жылы лебіздерін тамаша жеткізді. Кешті ақын Хамит Есаман керемет жүргізді. Ал белгілі ақын-жазушылар Мереке Құлкенов, Қасымхан Бегманов, Пернебай Дүйсембин, Елен Әлімжан, Көсемәлі Сәттібайұлы бастаған қаламгерлер Шырынның шығармашылығының ерекшелігін айтып, өлеңдерін азды-көпті талдап берді. Тағы бір айтары, бұл күні сахнада тек Шырынның сөзіне жазылған әндер шырқалды. Зал толы халық ән тыңдап, бір сергіп қалды.
«Жақсыдан – шарапат» деген, Шырын Мамасерікованың көп адамға шарапаты тигенін білемін. Ол шәкірт тәрбиелеп қана қоймай қаншама тұрғындардың мәселесін көтеріп, әкімнің назарына жеткізіп, соның оң шешілуіне атсалысқан жан. Яғни, меркілік тұрғындардың қамқоршысы. Облыс әкімінің өзі Меркіге келген сапарында ақынға арнайы құрмет көрсеткенде Шырын Мамасерікова жеке басының емес, халықтың жағдайын айтып, біраз мәселенің шешілуіне мұрындық болды.
Сондықтан ақын Шырын Мамасеріковаға елдің айтар алғысы мол. Лайым, аман болсын, ұрпағының бақыты мен қуанышын ұзағынан көре берсін.
Әшен ҚЫРҒАБАҚҰЛЫ,
еңбек ардагері. Меркі ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Қазіргі қазақ прозасы не айтқысы келеді?
- 4 желтоқсан, 2025
Қазақ өлеңіне қолдау мен құрмет
- 1 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




