«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Біз кешкі асты маманың сериалы біткен соң ішеміз...» мектеп оқушысы өз эссенде осылай дейді

«Біз кешкі асты маманың сериалы біткен соң ішеміз...» мектеп оқушысы өз эссенде осылай дейді
Автор
«Отан отбасынан басталады» дейміз, яғни мемлекеттегі әрбір шаңырақтың бақыты елдің берік тірегі болса керек. Елімізде отбасы құндылықтарын сақтау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Әйткенмен, жұбайлардың ажырасуы немесе отбасындағы зорлық-зомбылық, әлсіз балалардың қорлық көруі жиі көрініс беріп жүр. Осындай жайсыз жағдайлардың алдын алу үшін облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Әлеуметтік қолдаудың заманауи алгоритмдері және кейсменеджмент технологиясы негізінде отбасымен жұмыс істеу» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда сөз алған сарапшылардың айтуынша, Жамбыл облысы отбасылық жайсыз жағдайлар бойынша алдыңғы қатарда тұр.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова ашып, отбасы институтын нығайту мен әлеуметтік қолдау жүйесін дамытудағы өңірлік бастамаларға тоқталды.

– Мемлекеттің тірегі – мықты отбасы. Қоғамдағы әр отбасының әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық, рухани жағдайы қандай болса, мемлекеттің жағдайы да сондай болады. Мемлекет бірінші кезекте отбасылардың жағдайын жақсартуды, яғни мемлекеттің әлеуметтік деңгейін көтеруді қолға алады. Еліміздің барлық өңірлерінде отбасын қолдау орталықтарын ашу 2016 жылы «ҚР 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарынан» бастау алған болатын. Бұл мәселе 2019 жылы Парламент қабырғасында талқыланып, 2022 жылы Amanat партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» Жол картасына енді. Осыған сәйкес қалалар мен аудандарда отбасыларға қолдау көрсету, отбасылық жанжалдарды шешу және балалы әйелдерді уақытша тұрғын-жаймен қамтамасыз ету орталықтарын ашу жоспарланған. 2023 жылдан Үкіметтің тапсырмасымен елімізде отбасын қолдау орталықтарын ашу басталды. Қазіргі таңда республика бойынша 116 отбасын қолдау орталығы жұмыс істеп жатыр. Біздің облыста 1 облыстық, 1 қалалық, 6 аудандық отбасын қолдау орталықтары халыққа қызмет көрсетуде. Кеше ғана Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі аудандық отбасын қолдау орталықтарының қатарына Талас аудандық отбасын қолдау орталығы қосылды. Жыл соңына дейін дәл осындай орталықтар Т.Рысқұлов, Сарысу, Шу, Қордай, Мойынқұм аудандарында ашылады. Ал «Анаға тағзым» орталығы негізгі қызметін атқара отырып, облыс көлемінде осы бағытта әдістемелік қолдау көрсетіп, үйлестіру жұмысымен айналысып келеді. Өңірдегі отбасын қолдау орталықтарының қызметі мемлекеттік отбасы саясатын іске асыруға, отбасылық жанжалдарды шешуге, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды қолдау, оларды ерте анықтау және әлеуметтік сүйемелдеу жөніндегі мобильдік топтардың жұмысын ұйымдастыруға бағытталған. Осы тұрғыдан келгенде бүгінгі облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияның мәні мен маңызы зор. Конференция жұмысына Астанадан арнайы шақырылған қадірменді қонақтарымыз, белгілі ғалымдар, ұлттық сарапшылардың қатысуы шараның маңыздылығын арттырады.

Конференция барысында интеграциялық модель аясында бірігіп жұмыс істейтін білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдарының өкілдері 3 секция бойынша семинарларға қатысып, сертификат алады. Мобильдік топ мүшелері біліктілігін арттырып, жаңа білім алып қайтады деген сенімдемін, – деді Айжан Серікбайқызы. Отбасындағы зорлық-зомбылық, жасөспірімдер қылмысы, ана өлімі бойынша Жамбыл облысы алдыңғы үштікте тұрғанын айтқан Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Нәзипа Шанаи жағдайды ашына жеткізді.

– Бүгінгі конференцияда қаралып отырған мәселе өте өзекті. Қоғамдағы жағдайларға байланысты шешім қабылданып жатады. Бірнеше жыл бұрын көпбалалы аналарды әлеуметтендіруге арналған «Бақытты отбасы» орталықтары құрылған болатын. Қиын жағдайға түсетін тек көпбалалы отбасы емес. Келеңсіз жағдайлар қалада ғана болмайды. Сондықтан аудандарда да осы мақсаттағы орталықтар ашылып жатыр. Кеше Талас ауданындағы орталықтың ашылуына куә болдық. Орталықтың ашылуынан ондағы жұмыстың сапасы маңызды. Яғни, жергілікті жерлердегі кадрлардың біліктілігі маңызды рөл атқарады. Жұмысты ілгерілетудегі ең бастысы – сапалы маман. Елімізде психологтарды дайындау әлі жоғары дәрежеге жеткен жоқ. Отбасы диагностикасы деген түсінік бар, яғни әр отбасыдағы қиын жағдайдың қандай себептен пайда болғанын білмей, ол мәселені шешу мүмкін емес. Себеп-салдарын анықтағанда ғана оған қандай көмек көрсетілу керегі белгілі болады және бір жыл ішінде ол отбасын қиын жағдайдан шығару керек. Шығару үшін қандай тиімді шара қолданылатынын әлеуметтік қызметкер ең алғашқы диагностикада анықтайды. Қай статистиканы алсақ та алдыңғы үштікте Жамбыл облысы тұр. Оның бәрі сыртта болып жатқан жағдай емес, өзіміздің қоғам. Отбасы диагностикасын анықтауда учаскелік дәрігер өз қарамағындағы отбасы мүшелерінің денсаулығы арқылы, учаскелік полиция отбасылардағы келеңсіз жағдайларды бақылау арқылы анықтаса, мұғалімдер өз сыныбындағы оқушының үйдегі жағдайын нақты білу арқылы қадағалау керек. Мысалы, Қарағанды облысында 4-сынып оқушыларына «Менің үйімдегі кеш» деген тақырыпта эссе жазғызады. Сонда жарты беттік эссе жазған бір бала «Біз кешкі асты мамамның сериалы біткен соң ішеміз» депті. Сонда әке қайда, ананың деңгейі қандай, баланың қарны ашқанына қарамастан сериал көре алатын қандай ана? Мұндайда мектеп жұмыс істеу керек. Педагогтерге бірыңғай тәрбие тұжырымдамасында ата-аналарға психологиялық көмек көрсету орталықтарын құру және жұмысын жүргізу тапсырылған. Ондай орталықтар бар, бірақ жұмысы жолға қойылмаған. Мұндай орталықты Жамбыл облысында барлық жерде ашу өте қажет. Себебі, 2025 жылдың 5 айында кәмелетке толмаған қыздар арасында ерте жүктілікпен 99 жасөспірім тіркелген. Былтыр бұл факті 105 болыпты, мүмкін орталықтардың жұмысының арқасында азайған шығар, – деген ҚХА Республикалық аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Ыдырысқызы отбасылық жайсыз жағдайлардың алдын алу бойынша Жамбыл облысында жұмыс ақсап тұрғанын айтты.

Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру жөніндегі республикалық жобалық кеңсенің жетекшісі Темур Мұратов қазіргі замандағы жаңа әлеуметтік сынқатерлер дәстүрлі қолдау тәсілдерінің жеткіліксіздігін көрсетіп отырғанын сөз етті.

– Бүгінгі қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы ең алдымен отбасы институтының беріктігіне тікелей байланысты. Отбасы – мемлекеттің іргетасы, ұлттық құндылықтардың қайнар көзі, ұрпақтың тәрбиесі мен болашағының кепілі. Сондықтан да отбасы институтын қорғау, нығайту және дағдарысқа ұшыраған отбасыларға уақытылы қолдау көрсету – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыты болып қала береді. Урбанизация, миграция, цифрлық трансформация, құндылықтық өзгерістер – барлығы отбасылардың әлеуметтік бейімделуіне әсер етуде. Осындай жағдайда бізге отбасын әлеуметтік сүйемелдеудің жаңа тетіктерін қалыптастыру қажет. Бұл тек жекелеген шаралар емес, отбасыға бағытталған кешенді, жүйелі және цифрлық негіздегі қолдау моделі. Әлеуметтік жұмыстың тиімділігі – дағдарысты алдын ала көру қабілетінде. Отбасын қолдау орталықтарына енгізілген FSM Social жүйесі арқылы әлеуметтік, мектеп, денсаулық сақтау ұйымдары, учаскелік инспекторлар мен ауыл әкімдіктерінен түскен сигналдар жедел өңделеді. Нәтижесінде отбасы тәуекел тобына ерте енгізіліп, мамандар алдын ала араласады. Бұл тәсіл дағдарыстың тереңдеуіне жол бермей, отбасын бастапқы кезеңнен-ақ қолдауға мүмкіндік береді. Әр отбасы – қайталанбас әлеуметтік орта. Сондықтан «бір отбасы – бір жоспар» қағидасы енгізіледі. Жеке сүйемелдеу картасында психологиялық, әлеуметтік, құқықтық және педагогикалық қолдау шаралары жан-жақты ескеріледі. Бұл отбасының нақты қажеттіліктерін қамтып, көмектің тиімділігін арттырады. FSM Social жүйесінде отбасының жағдайын үздіксіз мониторингтеуді қамтамасыз етеді. Цифрлық интеграция арқылы барлық деректер бірыңғай форматта жинақталады, жасанды интеллект элементтері негізінде сараптама жасалады, шешім қабылдау сапасы мен жылдамдығы артады. Бұл – әлеуметтік жұмыстың бюрократиялық емес, деректерге негізделген жаңа үлгісі. Отбасы проблемасын шешу – тек әлеуметтік қорғау саласының міндеті емес. Білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары, жергілікті әкімдіктер және үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп әрекет еткенде ғана нақты нәтиже шығады.Жаңа модельдің басты қағидасы – ведомствоаралық синергия. Бұл тәсіл отбасыға кешенді түрде қарауға мүмкіндік береді. Көмек көрсету тек бір реттік шарамен шектелмеуі тиіс. Постсүйемелдеу кезеңінде әлеуметтік қызметкерлер отбасымен байланыста болып, қайта дағдарысқа түспеуіне жағдай жасайды. Бұл үйге бару, кеңес беру, қажетті жағдайда қосымша қызметтерге жолдама беру арқылы жүзеге асады. Осылайша көрсетілген көмектің нәтижесі бекітіліп, ұзақ мерзімді тұрақтылық қамтамасыз етіледі. Отбасын әлеуметтік сүйемелдеудің жаңа тетіктері – уақытылы көмек көрсету, отбасылық құндылықтарды сақтау, дағдарыс жағдайының алдын алу, қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету. Біздің түпкі мақсатымыз – әр отбасының қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету. Егер жаңа тетіктер кешенді түрде енгізілсе, біз қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты арттырып, ұрпақтың болашағын қорғап қала аламыз, – деді Темур Мұратұлы.

Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес облыста 338,9 мың отбасы барын, оның ішінде әлеуметтік жағдайына байланысты төмен болып саналатын Д, Е санатында 87,5 мың отбасы тіркелгенін айтты.

Облыс бойынша биыл отбасын қолдау орталықтарына өмірлік қиын жағдайға тап болған 1137 отбасы жүгінген, мобильдік топ құрамымен бірлесе отырып 761 өмірлік қиын жағдайдағы отбасы анықталған. Оның ішінде 205 отбасына жеке жұмыс жоспары жасалып, 142-сі сәтті аяқталып, 63 отбасы сүйемелдеуге алынып, кешенді қолдау көрсетіліп отыр екен.

Есірткіге тәуелділік және суицид бойынша ұлттық сарапшы, жоғары санатты дәрігер-психотерапевт, медицина ғылымдарының кандидаты Әлия Нұрғазина тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өзекті мәселелерін қозғады. Ол заманауи қоғамдағы психологиялық факторларға назар аударып, алдын алу тетіктері жайлы баяндады. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы мәлімдеп, құқық қорғау органдарының осы бағыттағы тәжірибесін, тиімді шараларын тілге тиек етті. Назарбаев университетінің психологы, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының шақырылған тренері Сымбат Әбдірахманова отбасымен жұмыста психологиялық қолдаудың рөліне тоқталды. Ол кейсменеджмент технологиясы аясында қолданылып жүрген тиімді тәсілдермен бөлісіп, өз тәжірибесінен мысалдар келтірді. Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Айжан Мейірханова мектептегі әлеуметтік педагог жұмысының өзектілігі туралы баяндама жасап, білім беру ұйымдарындағы әлеуметтік қызметтің маңызын айтып, жаңа ұсыныстарымен ой қосты. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев медицинадағы кейсменеджменттің заманауи мүмкіндіктеріне тоқталды. Ол денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік сүйемелдеу тәжірибесімен бөлісіп, қызмет көрсету сапасын арттыру жолдарын атап өтті. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының төрағасы Бақыт Әлмұратов әлеуметтік институт ретіндегі бүгінгі отбасының келбетін сипаттады.

Конференциядан соң үш секция бойынша жұмыс жүргізілді. Әр секцияда өзекті тақырыптар талқыланып, мамандар тәжірибелерімен бөлісіп, отбасымен жұмыс жүргізудің жаңа бағыттары қарастырылды. Секция жұмыстары 2 күнге жалғасып, соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар