Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыст ары да ауқымды. Көп жылдар сыйласқан ақтөбелік әріптесім, академик, марқұм Намаз Ізімбергеновтың «Дәрігерлік – сананы сарғайтатын азабы да, жаныңды жадыратар ғажабы да мол ұлы мамандық» деген сөзі жиі есіме түседі. Шынында солай. Қазір сол дәрігерлерге деген көзқарас тым өзгеріп бара жатқанын көріп жүрміз.
Адамдарда мейірім азайып, қоғам қатыгезденіп барады. Оны алыстан іздемей-ақ күнделікті сампылдап тұрған көк жәшік – теледидарды қосып қалсаңыз, сан түрлі зорлық-зомбылыққа куә боласыз. Соның ішінде медицина қызметкерлеріне қол көтеру фактілері де ұшыраса бастады. Тіпті кемелденген елдер қатарында жүрген АҚШ пен Ұлыбританияда жылына 100-ден астам медицина қызметкерлері физикалық агрессияға ұшырайды екен.
Біздің ел де олардан қалыспай келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бастап, атап айтқанда 5,5 жыл ішінде Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, медбикелерге және медициналық мекемелердің басқа да қызметкерлеріне қатысты 170-тен астам қылмыс жасалған, бұл жылына орта есеппен 30-дан астам жағдайды құрайды.
Биыл бұл көрсеткіш едәуір өскен. Бұл сандардың артында шыбын жанын шүберекке түйіп, күн демей, түн демей адамның өмірін сырқаттардан арашалауға тырысып жүрген ақ желеңді жандардың тағдыры, кейде тіпті өмірі жатыр. Сөзімізді дәлелдеу үшін соңғы уақытта болған бірнеше оқиғаларды еске алайықшы. Қостанай облыстық ауруханасында кезек күткісі келмеген науқас агрессияға жол беріп кезекші хирургты соққыға жығып, есінен тандырып тастаған.
Дәрігердің миы шайқатылып, ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түсті. Ертеңіне басынан қатты соққы алған дәрігердің жағдайы ауыр болғандықтан республикалық санитарлық авиация көмегімен елордадағы нейрохирургия орталығына жеткізіліп, күрделі ота жасалған. Екінші қатыгездік оқиға таяуда Қарағанды қаласында орын алды.
Әйелімен бірге жеке клиникаға келген 42 жастағы азамат сол жерде жұмыс істейтін мейірбикеге бейнебақылау камерасының алдында шабуыл жасап, кабинет есігін қиратып, таяқтап, тепкілеп, шашын жұлып, дене жарақатын салған. Жәбірленуші медбикенің миы шайқалып, саусағы сынған. Күдікті психикалық аурумен ауырады делініп, психоневрологиялық орталыққа жатқызылыпты. Қарағанды облысында екі медицина қызметкеріне шабуыл жасады деген күдікті ұсталды. Оқиға 12 маусымда облыстық балалар ауруханасында болды.
Полицияның мәліметінше, облыстың 38 жастағы тұрғыны өзімен сөзге келіп, дауласып қалған дәрігерлерге шабуыл жасап, оларды соққан.
«Жанжал кезінде екі дәрігерге дене жарақатын келтірген. Күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалды» деп жазылған хабарламада. Бұндай оқиғалар біздің облысты да айналып өтпепті. Жу ы рд а облысымыздың Байзақ ауданында 25 жастағы азамат пен 24 жастағы жігіт дефибрилляторды дені сау адамға қолдану жөнінде дауласып қалған. Даудың аяғы жанжалға ұласып, фельдшер дефибриллятордың адам өміріне қауіп төндіретінін айтқанда, екіншісі оған сенбей, тәжірибе жасап көруді ұсынады. Ашуға бой алдырған екіншісі травматикалық қарумен фельдшерге оқ атқан. Құдай сақтап оқ ішкі ағзаларын зақымдамаған. Қазіргі таңда жәбірленушінің жағдайы тұрақты. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Міне, осы секілді адам өмірінің арашашысы болып жүрген дәрігерлерге қол көтеру фактілері соңғы жылдары жиі кездесуде. Неге олай болып барады? Осы сұрақ бүгіндері қазіргі қоғамды ойландыра бастады. Жалпы жағдайдың ушығып бара жатқанына көз жеткізген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әлеуметтік желідегі парақшасында халыққа үндеу жолдап, дәрігерлерге зорлық-зомбылық жасауды тоқтатуға шақырды. «Адам өмірін арашалап жүрген жанға қол көтеру үшін адам қаншалықты деңгейде қатыгез және мейірімсіз болуы керек?», – деп ашынды Әлназарова.
Министр бейбіт уақытта дәрігерлерге өз жұмыс орнында қауіп төнуі ақылға қонбайтын, мүлде жол беруге болмайтын жағдай екенін баса айтты.
«Медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген әрбір адам заң аясында қатаң жазалануы тиіс. Ешбір жағдай мұндай әрекетті ақтай алмайды. Әрбір дәрігер, фельдшер, мейіргер – біз үшін қымбат. Біз – бір командамыз. Әрбір маман өзін қауіпсіз сезінуі қажет. Болып жатқан зорлық-зомбылық – тек бір дәрігерге жасалған шабуыл емес. Бұдан ондаған пациент қараусыз қалады, ондаған операция кейінге шегеріледі. Бұл – бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне төнген тікелей соққы», – деп жазды Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Қоғамдағы болып жатқан істерге бейжай қарамайтын белгілі дәрігер жерлесіміз, ел Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова:
«Елімізде соңғы жылдары дәрігерлерге жұдырық ала жүгіретін жағдайлар жиілеп кетті. Ақ халатты абзал жандарға агрессияға толы физикалық зорлық-зомбылық көрсету – қылмыс. Күні кеше Қарағандыда жеке клиникада әйел азаматша соққыға жығылды. Ал Қостанай облыстық ауруханасында урологиялық бөлімнің хирургына шабуыл жасалды. Күрделі операциядан кейін хирург пациенттерді қабылдауға барғанда соққы алып, салдарынан есінен танып құлады. Ауыр соққы алған медицина қызметкері жансақтау бөлімінен бірақ шықты. Бүгінде жағдайы ауыр деп бағалануда. Адам өмірінің арашашысы болып жүрген жанға қол көтеру – сана төмендігін көрсетеді. Орынсыз әрекет, оспадар қылықтың айқын көрінісі. Бір дәрігерге агрессиялық мінез көрсету – бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне жасалған шабуыл. Тұтас ұлттың денсаулығына жасалған қастандық. Науқастардың өміріне қарсы қиянат деп білемін. Дәрігерлердің онсыз да азаматтар денсаулығына алаңдап күнделікті күйзелісте жүретінін жұрт жете бағалай бермейді. Медицина мамандары басқаларға қарағанда моральдық шаршауға көп ұшырап, үйіне қысыммен қайтатынынан хабардарсыз ба? Дәрігерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіру, қолсұғушылық деректеріне қатысты қатаң заң бабы қажет. Қылмыстық мінез көрсеткендерге қатысты бұрынсоңды болмаған қатаң жаза қолдану керек деп санаймын. Айыппұлдар көлемін де арттыру керек. Дәрігерге қатысты зорлықзомбылыққа бару, ол – тұрмыстық жанжал емес, бұл қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірудің нақ өзі. Мен дәрігер ретінде мұндай сорақылыққа соққы беретін, мұндай қылмысқа қалқан болатын заң бабын, жаза түрін тағайындауды белгілейтін кез келді деп есептеймін», – деді.
Ал Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те мұндай әрекеттерді полиция қызметкерлеріне шабуылмен теңестіріп, жазаны күшейту қажет екенін атап өтті.
«Қазақстанда басқа ешбір мамандық иелері медицина қызметкерлеріндей жиі агрессияға тап болмайды. Кадр тапшылығына қарамай бүгіндері дәрігерлер жұмыстан көп кетіп жатыр, өйткені өзін қауіпсіз сезінбейді. Біз бұған дейін үш рет Қылмыстық кодекске өзгерістер ұсындық. Дөрекілікпен дәрігерге шабуыл жасаған адамға қатысты бөлек бап, қатаң жаза болуы керек. Бұл жаза полицияға немесе орманшыға шабуыл жасаумен тең болуы тиіс. Егер дәрігер соның кесірінен жұмысқа жарамай қалса, кінәлі адам моральдық та, материалдық та өтемақы төлеуі керек. Қажет болса өмір бойы төлесін», – деген депутат мұндай жағдайлардың әдетке айналып бара жатқанын және дәрігерлерге кәсіби тәуекелдерден міндетті сақтандыру жүйесін енгізу қажеттігін де алға тартты.
Дәрігерлердің қауіпсіздігі қоғамда қызу талқылана баст аған соң Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, медицина мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тұжырымдама әзірлеуде. Құжат медицина мекемелерінің қызмет көрсету деңгейіне және науқастар ағынына қарай қауіпсіздік талаптарын жүйелеуді көздейді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та медицина қызметкерлеріне шабуыл жасап, күш қолданып және қатыгездік танытқан әрекеттерге қатысты жазаны қатаңдату мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу туралы Парламент депутаттарының, денсаулық сақтау саласы өкілдерінің және белсенді азаматтардың ұсынысын қолдайтынын мәлімдеді.
Дәрігерлердің денсаулығына нұқсан келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай келеңсіздіктерге «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес құқықтық тұрғыда батыл түрде тосқауыл қойылуы керек. Мемлекет басшысы Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырды. Бұл бастама Парламентте азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқыланады.
Уақыт оздырмай Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицина қызметкерлерін қорғауды күшейту және денсаулық сақтау мекемелеріндегі қауіпсіздікті арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы жиын өткізді. Д енс аулық с ақт ау министрі хабарлағандай, дәрігерлерге жасалған шабуылдарды құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жеке басына қауіп төндіру әрекетімен теңестіру, сондай-ақ медиктерге смарт-бейнежетондар беру, ауруханаларда кешенді күзет жүйелерін енгізу және қабылдау бөлімшелерінде тәулік бойғы полиция бекеттерін орналастыруды көздейтін бірқатар заңнамалық түзетулерді дайындау басталған.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы жылдары дәрігерлер мен медбикелерге қатысты 170-тен астам шабуыл фактісі тіркелген. Олжас Бектенов медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуын қамтамасыз ету қажет. Дәрігерлерге шабуыл жасалған мұндай оқиғалар құқықтық әдістермен қатаң түрде тоқтатылуы керек. Осыған байланысты Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Әділет министрліктеріне он күн мерзім ішінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны үшін қылмыстық жаза қарастыру бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеп, енгізуді тапсырамын. Бұдан бөлек, халық арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет», – деді Премьер-министр.
Үкіметтегі баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлеріне қарсы жасалатын зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қандай жаза қарастырылатынын айтты.
Министрдің мәліметінше, Қылмыстық кодекске арнайы жаңа бап (158-1- бап) енгізу жоспарланып отыр. Бұл бап дәрігерлер мен медицина саласы қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын күшейтуді көздейді. Жаңа тәртіп бойынша:
– бір медицина қызметкеріне күш көрсету немесе қорқыту әрекеттері үшін – 2 жылдан 7 жылға дейін;
– төтенше жағдай кезінде жасалса – 10 жылға дейін;
– бірнеше дәрігерге қарсы жасалса – 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Бұл – біздің медицина қызметкерлерін қорғауға арналған барынша ақылға қонымды шаралар. Көрсетілген ұсыныстар қыркүйекте Парламентке ұсынылады деп жоспарлануда. Ішкі істер министрінің мәліметінше, ауруханалар мен перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлмелерінде тәулік бойғы полиция бекеттері қойылған. Барлығы 115 денсаулық сақтау нысаны қорғауға алынды.
Кикілжіңдерге жедел ден қою мақсатында маршруттық патрульдер көрсетілген мекемелерге жақын орналастырылды. Қазіргі уақытта медициналық мекемелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жекелеген шаралар қабылданылуда.
«Астананың алты ауруханасында тәулік бойы полиция бекеттері орнатылды. Бұл пациенттер мен олардың туыстары тарапынан агрессия орын алған жағдайлардан кейін дәрігерлерді қорғау үшін жас а лды. Кримина лдық және жергілікті полиция қызметкерлері қазір қабылдау бөлмелерінде жұмыс істейді – онда қақтығыстар жиі кездеседі. Азаматтардың құқыққа қайшы әрекеттері туындаған жағдайда полицейлердің олардың жолын кесу үшін заң шеңберінде әрекет етуге құқығы бар. Соңғы уақытта дәрігерлерге агрессия жасау жағдайлары жиілеп кетті және көбінесе негізсіз сипатқа ие. Қостанай облысында дәрігер ауыр жарақат алған соңғы резонанстық оқиға осындай шаралардың қажеттігін дәлелдейді», – деп хабарлайды елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
«Күзет бекеттерін құру біздің қорғалатынымызға сенімділік береді. Тәулігіне біздің қабылдау бөліміне және жарақат пунктіне 400-ге жуық адам түрлі жарақаттар мен сырқаттармен келеді. Біз пациенттер тарапынан ғана емес, олардың туыстары тарапынан да агрессиямен бетпе-бет келеміз. Барлығы шұғыл көмекті талап етеді, бұл ретте медициналық көмек көрсету Triage сұрыптау жүйесі бойынша жүзеге асырылатыны ескерілмейді. Әрбір пациенттің өз басымдығы бар. Бірақ өкінішке қарай, дәрігерге деген құрмет жиі болмайды. Аяқ астынан орынсыз шу шығарып, дауласып, қол жұмсауға баратын талай тәрбиесіз кісілерді көріп жүрміз. Есіктерімізді теуіп, бөлме қабырғаларын қиратып, терезелерімізді шағып кеткен жағдайлар болды. Тіпті дәрігерлерімізбен төбелеске дейін барып, халаттарын жыртып, түймелерін үзіп, денелеріне жарақат салып кеткен оқиғалар тіркелді. Сөйтіп бейбіт күннің өзінде дәрігерлер агрессияға тап болуда. Одан кейін жүйкесіне салмақ түскен дәрігер қалай басқа пациенттерге қажетті көмек бере алады? Ол темірден жаралған жоқ қой. Әрбір агрессия, келеңсіз шабуыл бір ғана дәрігерге емес, оның көмегіне мұқтаж ондаған, жүздеген науқасқа соққы екенін ұғуымыз керек. Өкінішке қарай, медицина қызметкерлерін ұрып-соғу, қоқан-лоқы көрсетіп, балағаттау, намысына тиетін сөз айту жиілеп барады. Оның барлығы біздің мәдениетіміздің төмендігін, соқырлығымызды, жүгенсіздігімізді, сауатсыздығымызды көрсетеді. Дәрігер өз қызметін сапалы атқаруы үшін оған күш пен зорлық-зомбылық жүрмейді. Ол әрбір агрессивті адамның айтқанын орындап, айдауына көнетін жалтақ жан емес. Оның да өз амбициясы, намысы, мінезі бар. Шыдамдылықтың да шегі бар. Бізге ерекше жағдай қажет емес, тек дәрігерге деген құрмет пен олардың денсаулығы мен өміріне қауіпсіздік керек. Қоғамда дәрігерге құрмет болмаса, сенім де болмайды. Ал сенім болмаса, ем қонбайды. Дәрігер қорғансыз болмауы керек», – деп өз ойын білдірді Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Хамит Мырзақасымов.
Бұл өмірде адамның бірінші байлығы денсаулық екені сөзсіз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, денсаулық саласы мамандарының көмегіне жүгініп, жанымызға сая іздеп жатамыз. Халқымыздың денсаулығын сақтау үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген барша абзал жандардың еңбегіне тиісті баға берген ләзім. Өмір болған соң денсаулыққа байланысты неше түрлі жайсыз жағдайлар, оқыс оқиғалар болуы әбден мүмкін.
Мұндай кездерде көмекке алдымен біз, дәрігерлер, келеміз. Сырқат жанға жәрдеміңді тигізіп, оның сауығып кетуін алдыңғы кезекте міндет етіп қойғаныңнан кейін, бәрін де үлкен жауапкершілікпен әрі сапалы атқаруың керек. Өйткені осындай сәттерде дәрігерге айрықша сенім, үлкен үміт артылады. Халықтың денсаулығы мен жарқын болашағы үшін еңбекте медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі орасан.
Дәрігердің миссиясы – адам бойына жабысқан сан түрлі дертті емдеп, денсаулығын жақсартып, оның өмірін ұзартуға өз үлесін қосу. Олар ол қызметке үлкен жауапкершілікпен қарайды. Талмай ізденеді, білімін көтереді, әр оқиғаны сараптап, зерделеп, бәрін ой таразысынан өткізіп барып тиісті емдеу жолын тағайындайды. Ол, ойлап отырсақ, жеңіл қызмет емес. Оған қол көтеру – тек бір тұлғаға емес, тұтас жүйеге, қоғамға, ұлт болашағына қарсы жасалған қастандық деп ұққанымыз жөн. Мұндай орынсыз теріс әрекеттерге заң жүзінде қатаң тосқауыл қойылуы керек. Егер біз дәрігерлерді агрессиядан қорғай алсақ, өзімізді де қорғаймыз.
Сағындық ОРДАБЕКОВ
дәрігер-хирург, медицина профессоры,
Денсаулық сақтау ісінің үздігі.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ерте анықтау – аурудың алдын алады
- 4 желтоқсан, 2025
Ұзақ өмір сүргіңіз келсе, жүйкеңді сақта
- 29 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




