«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Таксимен жүріп, тағылым таратты

Таксимен жүріп, тағылым таратты
Автор
Ұлы ақын, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай іс-шаралар легі толассыз жалғасуда. Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы халқымыздың рухани көшбасшысы, қазақтың даналығы мен парасатының символы болған «Абай мұрасы – ұрпаққа өнеге» атты тақырыпта библиотакси өткізді.

Іс-шара барысында Д.А.Қонаев көшесінен бастау алған библиотакси Абай және Төле би даңғылымен жүріп отырып, жолаушыларға Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармаларына және повестеріне жеке-жеке тоқталып, түсінік беріліп, оқырманды діттеген жеріне тегін жеткізу мақсатында сұрақ-жауап ойыны ойнатылды. Іс-шараның мұндай жаңаша форматы оқырмандарға ұнады. Ұзақ жыл мемлекеттік қызметте тер төккен зейнеткер, Тараз қаласының тұрғыны Әбиірбек Қуанышбеков өз ойын былай білдірді.

«Абай Құнанбайұлы – тек әдебиет пен руханиятқа ғана ортақ тұлға емес, ол барлық салаға қатысы мол қайраткер. Мәселен, мен мемлекеттік салада қызмет еттім. Біздің саланың да өкілдері Абай өлеңдері мен қарасөздерін жатқа айтып жүрді. Себебі, Абай шығармалары – өмірге деген құндылықтың бастауы, ізгі жолдың алтын бағдаршамы. Абайды оқу-әдемілік әлемін көру, жүректің ізгіленуі. Өмірдің әртүрлі ағыстарында осыған талай көзім жетті. Сондықтан бұл іс-шараны қызу қолдадым. Маған жақсы әсер берді. Немерелеріммен бірге тамашалап, қуанышқа кенелдік», – дейді.

«Біз жыл бойына талай рухани іс-шара өткіздік. Жүздеген оқырманды әсерге бөледік. Бірақ Абай тағылымының, Абай мұрасының жолы мен жөні бөлек. Оны оқырмандар да жақсы сезініп, түсінеді екен. Ісшараны өткізу барысында осыған көзіміз жетті. Оқырманға сұрақ қоя отырып, терең де мазмұнды жауаптар алдық. Бұл қазіргі оқырмандар Абай шығармаларын оқиды деген сөз. Ол осыдан 150 жыл бұрын жазылған өлеңдер қазіргі жастардың көзқарасымен үндесіп тұрғанын байқатады. Олай болса Абай мұрасы мәңгілікке жол тартқан асыл қазына. Абай әлемі – терең әлем. Қазақтың осындай ойшыл ұлының әлемге кеткен абыройы қандай биік. Әлем басын иген даналық ойлар қазақтың перзенті Абай Құнанбайұлынан шыққаны барша қазаққа мақтаныш. Тек мерейтойда ғана емес, Абай шығармаларын үнемі, үздіксіз құрметтеп, жастар жадында жаңғыртуға тиіспіз. Сонда, толық адам болмысына үлес қосамыз», – дейді аталған кітапхана директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар